«Жұбағаң мені терезеден лақтырмақ болған…»

«Еділ мен Жайық» әніне – 35 жыл

Ата-бабасы Еділ-Жайықта, өзі қарт Қаратаудың Жон жайлауында туған қазақтың біртуар композиторы Илья Жақанов бүгінде атакүлдігі Атырауда тұрып жатыр.  осыдан 35 жыл бұрын, дәл осындай қазан айында «Еділ мен Жайық» атты өлмес әнді өмірге әкелді. Ал, бұл әннің тарихы өте қызық. Оны Ілағаң бізге төмендегіше баяндап берген еді.

— Илья аға, сіз осы ән арқылы бабалар арманын рухани тұрғыда орындадым деп сезінесіз ғой? 

— Иә, өйткені жат жұртта кеткен Еділ осы әнмен бірге біздің жүрегімізге  көшіп келді. Ал, Ақ Жайықтың бойында өзім тұрып жатырмын.

Әлi есiмде, 1954 жылы КазГУ-дің филология факультетіне түсерде география пәнiнен де емтихан тапсырдық. Сонда сынақ алып отырған оқытушы: «Бiздiң Қазақстан картасынан Едiл мен Жайық өзенiн көрсетшi?» дедi. Мен екi өзендi көрсеттiм. «Қәне, оқышы, қандай өзен олар?» дедi оқытушы. «Волга… Урал…» деген сөздi аң-таң болып зорға оқығандай болдым. «Қане, Едiл мен Жайық?» дедi. Мен мүдiрiп, тұрып-тұрып «Осы екi өзен» дедiм. Оқытушы (өзi қартаңдау кiсi болатын) түсi бұзылыңқырап терiс айналды. Терезеден сыртқа қарап бiраз үнсiз тұрды да, күрсiне бұрылып, менiң емтихан парағыма «бес» деген баға қойып, ұсына бергенде көзi жасаурап кеткенiн байқап қалдым… Кейде ойлаймын, 1954 жылдың өзінде қартайып қалған бұл кісі менің 1981 жылы жазған әнімді тыңдады ма, жоқ па деп. Қалай десек те, осындай атамекенге деген сағыныштан сарғайған адамдардың арманын орындаған шығармын деп ойлаймын.

— Әніңіз ойламаған жерден, қызық жағдайда шығыпты…

— Ол рас. Мезгіл 1981 жылдың қазан айы болатын. Алматы күзінің тамылжып тұрған күндерінің бірінде Тиыш апаларың екеумiздi Асқар мен Әтiркүл деген достарымыз қонаққа шақырды. Өзім қонаққа кешікпей барғанды тәуір көретін едім. Сол әдетіммен ертерек киініп алдым да, Тиыш апаңды күтіп отырдым. Бiр мезетте… о‚ ғажап, көз алдымда Едiл мен Жайықтың кең панорамасы керiлдi. Кеуденi ықылық ата тепкiлеген бiр толқын келдi. Терезе жаққа өтiп бара жатып‚ әлгi әуездi ашық тұрған пианино клавишынан iлiп әкеттiм. Алты такты – алты толқын былқыл қақты. Содан соң саусағым бес такты – бес толқынды баса берiп‚ сол екпiнiн түсiрмей‚ тағы да алты такты – алты толқын өрiлiп‚ ол бес такты – бес толқынға көтерiле жалғасты. Содан соң өмiрi сезiп көрмеген бiр тылсым құбылыс — үшiншi жолдың тактылары көкейде түзiлген шумақтың алты‚ бес толқынынан аса жығылып‚ ал‚ төртiншi жол мүлде аяқталмайтындай болып созыла‚ керiле‚ кербездене бунақталып‚ мың бүктетiлiп кете барды. Оның алға ұмтылған арыны еш толас таппай:

А-а-ай! Ағады

шал-қы-ы-ы-ып‚

Аққулары қалқып‚

Едiл мен Жай-ы-ы-ы-ы-ық‚ Едiл мен Жайық!-деп оқыс ауызға түсе қалған қайырманы құдды бiр Едiл мен Жайық төсiнен ду етiп мың аққу‚ мың сұңқар көтерілгендей, дауылдата биiктетiп әкеттім.

Бар-жоғы үш-төрт минутте құйылып түскен бұл ән менiң құлағымда бiр керемет хор боп күңiрендi. Едiл мен Жайықтың нулы жағасында салтанатты ән шырқалды. Бiз қонаққа шақырған үйдiң есiгiн осы әнмен аштық.

— Ал, енді Ілаға, осы әннің сөзін жазу Жұбан аға Молдағалиев екеуіңіз үшін бір машақат болыпты ғой?..

— Иә, қазiр ойлап қарасам, бұл әнге Жұбағаңның сөз жазуы қиямет қиын iс болған екен. Әлі есімде, қазан айының 20-сы күні Жұбанға телефон соғып, өтінішімді айттым.

— Қандай ән ол? — дедi қатқыл үнмен.

— «Едiл-Жайық», Жұбаға…

— Сен өзiң Едiл мен Жайықта болып па едiң?

— Жоқ.

— Жарайды онда, үйге кел…

Машинаға отырып, лезде Жұбанның үйiне келдiм. Софья жеңгей: -О, Илья, кел… кел,-деп қуана қарсы алды.

Жұбан театрға, не жиналысқа баратын жандай киiнiп алған. Үстiнде көгiлдiр костюм. Түрi сұсты. Маған: -Залға өт,-дедi. Кең залда қара пианино тұр еді.

— Ойнашы, қане, — дедi Жұбан салқын ғана.

Мен қипақтап кеп пианиноға отырдым. Қолым клавишаға тие бергенде:

— Бұл ән «Едiл-Жайық» дедiм зорға күмiлжiп. Жұртқа аян, әндi сөзсiз орындау дегенiңiз енді… Ыңылдап қана әрең айтқандай болдым.

Жұбанның көзi тұңғиықтанып, орнынан тұрды да, терезеден сыртқа көз тастады.

— Әннiң атын өзгерту керек! — дедi сол тұрған күйi. Үнi зiлдi. Сұсы басып барады.

— Әннiң өлшемiн көрсетшi, — дедi Жұбан.

Бұл өлшем деген сөздi композиторлар көбiне «рыба» дейдi. Жұбан буын-буынға бөлген сол «рыбаға» ұзақ үңiлдi де, оны екi бүктеп қалтасына салып алды. «Едiл-Жайық» деген тақырыбын неге өзгерт дейсiз?» деген сауалды айту еш мүмкiн емес. Мен сол сүлесоқ қалпымда үйден шықтым. Сыртта машинама мiне бергенде Жұбан терезесiн ашып қарап тұр екен: -Ертең телефон соқ!-дедi.

Ертеңiнде телефон соқтым. Жұбан кешегiдей емес, үнi тамылжып, Едiл мен Жайықтың айлы түнiн… ондағы махаббат ләззатын үш шумақ қылып жазыпты. Қасымның романтикалық лирикасы…

— Қалай Илья?-дедi.

— Болмай жатыр, Жұбаға…

Телефон шорт үзiлдi.

Ертеңiнде Жұбан өзi хабарласты. Жаңа бiр нұсқасын оқыды. Онысы Едiл мен Жайықты сағынғаны. Жасытатын сөз.

— Сөйле, Илья, — дедi Жұбан аға.

— Дәл түспепсiз, Жұбан аға.

— Iмм. Солай де…

Бұл жолғы әңгiме осылай тоқтады. Сол күнi кешiнде Жұбан тағы да телефон шалып, мүлде жаңа өлең жазғанын айтты. Ол ендi Едiл-Жайыққа аңқылдап келе жатқан ақ көңiлiн бiлдiрiптi.

— Қалай, Илья, келдi ме? — дейдi Жұбан.

Мен тек күрсiнем. Үндемей қалам. Жұбан да үнсiз тыйылып, трубканы орнына қоя салды.

Ән сөзiнiң төртiншi түрiн Жазушылар Одағында Жұбанның өз кабинетiнде оқыдым. Едiл мен Жайық екi ару қыздың екi бұрымындай сылаң қағады… соған қызығу…

Бұл да сәттi болмады.

— Не жетiспейдi, Илья?

— Патетика! — деп лоқ еткiздiм. Жұбан көзiлдiрiгiн алып, маған түйiле қарады да: — Ертең үйге кел,-дедi жұмсақ үнмен.

Уағда бойынша сол күнi бiз Жұбан екеумiз ұзақ отырдық. Менiң көз алдымда бірнеше нұсқалар жасалды да, шимай-шимай боп сызылып, умаждалып лақтырыла бердi.

— Мен сенiң ойыңа жақындап келемiн… Сәл… Сәл шыда,-дедi Жұбан.

— Сiз әннiң атын неге өзгерт дедiңiз, Жұбаға,-деймiн мен еркiнсiп.

— О-ой, сенiң саясаттан еш хабарың жоқ қой өзi. Менi күншiл жұрттың «жершiл» дейтiн қаңқу сөзiне iлiктiрмексiң бе? Әндi олай атама, Илья!

— Едiл-Жайық деген сөздi өзгертпеймiн. Ән осы екi ұлы дарияның таңғажайып панорамасынан… оны жайлаған елдiң шаттығынан туған табиғаттың асқақ үнi. Апафеоза ол!-деп ойымнан таймайтынымды сездiрдiм.

— Иә… иә… тағы… тағы… Жарайды, Қарабура, мен қойдым. Сенiкi жөн. Қане, әндi тағы бiр ойнашы…

Мен әннiң бас жағын ойнадым да, пианинодан ұшып тұрып, құлашымды жая:

— А-А-А! Ағады шалқып,

Аққулары қалқып Едiл мен Жайық!-деп қайырманы ду көтерiп әкетiп, зорға тоқтаттым. Жұбан терезе алдына барды да, сары алтындай судыраған жапырақтарға қарап тұрып-тұрып, одан маған жалт бұрылып: -Коньяк iшейiк,-дедi. Мен ыңғайсыздана бас шайқап едiм, оны ол елең қылған жоқ, бұрышта стол үстiнде тұрған көп шөлмектердiң бiрiн таңдап алып, рюмкеге құйды.Көзi жасаурап «Едiл-Жайық… Едiл-Жайық…» деп бiрнеше рет қайталап: -Ал, алып қой!-дедi…

Ертеңiнде Жұбанның үйiне тағы келдiм. Жұбағаң маған екi бет қағазды ұстата салды. Айдақтата жазыпты. Екi бет қағаз екi қолымда, мәңгiрiп тұрмын. Жұбан:

— Қалай?-дедi селқос қана.

Мен басымды шайқадым. Жұбан менiң қолымдағы қағазды жұлып алды да, оны ортасынан қақ айырып, умаждап: — Сенiң… сенiң бұл әнiңе жiберген уақытым… мен… мен… екi поэма жазып тастайтын едiм. Саған… Илья, ешуақытта өлең жақпайды. Болды. Жетедi әурең. Ендi жынға тиме. Терезеден лақтырып жiберем! — деп, үйге сыймай долданып, бұрқылдап, шарт кеттi.

— Олай ете алмайсыз, Жұбаға…

— Не… не-ме-не-е, а?

— Мен Қарабурамын! Қалай көтересiз менi?

Жұбан алабұрта тоқтап, күлiп жiбердi. Екi бетi өрттей дуылдады. Сол сәтте залдың есiгiнен Софья жеңгей бiзге жасқана қарап, өзiнiң iзеттi, сынық, биязы қалпымен: — Жұбаға, Илья шай iшсiн де! — дедi.

— Е, iшсе iшсiн! — деп Жұбан гүрс ете түстi.

Шай үстiнде Жұбан екеумiз тiл қатысқан жоқпыз. Софья жеңгей маған қиылып, аяп қарайды. Жұбан сiресiп, тiстенiп отыр. Мен үйден шығарда қоштасқан да жоқ.

Жолда трамваймен изеңдеп бiр сағат дегенде үйiме жеттiм. Үйге кiре бергенiм сол едi, телефон шылдырлады: — Алло… алло… бұл… бұл Ильяның үйi ме? — дейдi бiр тұтыққан дауыс.

— Иә… иә…-деймiн.

— Мен Жұбан… ә, сен Ильясың ба? Амансың ба?

— Үйiңiзде жаңа ғана болып едiм ғой, Жұбаға… Айта берiңiз… құлағым сiзде Жұбаға…

— Мен сен кеткен соң… тағы бiр нұсқасын жазып… оқиын ба?

Бағанағы шатақтан жүрегiм ұйып тұрып: — Оқыңыз, — дедiм жүрексіне.  Жұбан сондай жылы, нәзiк, мөлдiр лиризммен:

Құлпырады дала,

гүлдейдi орман,

Емiзедi егiз Едiл мен Жайық.

Ақ шағала айдын,

ақталған арман,

Тербеледi кеме,

ойнайды қайық.

Шарықтайды әндер

жан-жүрек iңкәр,

Сылқылдайды сұлу

Едiл мен Жайық.

Әуелейдi адам,

самғайды сұңқар,

Шығандарға, шыңға қанатын жайып! — деп байпаңдата оқыды.

Сөз оқылып бiттi. Көзiме ып-ыстық жас толды.

— Илья…

— Жұбаға!

— Қалай айналайын?

— Бiздiң ата-бабаларымызға… бүгiнгi… келешек ұрпаққа салтанатты өмiр төрi болған Едiл мен Жайық осы, Жұбаға! Мен көрген ғажайып картина — Едiл мен Жайықтың келбетi, оның үнi осы, Жұбаға!

— О… о… ой… ой, ай… айна-л…лайын!..

***

Қазан айының аяғында «Едiл-Жайықты» әншi Қайрат Байбосынов үйренiп, «Гүлдер» ансамблiнiң гастролiмен Атырауға кеттi. Бұл да бір ғажап сәйкестік болды. Еділ мен Жайық туралы әнді алғашқы болып Жайық жұрты тыңдады. Ол жақтан Алматыға әбден иiн қандырып, пiсiрiп әкелген Қайрат оны радиоға жаздырды.  Одан соң дирижер А.Гурьяновтың басқаруындағы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелiмен Зейнеп Қойшыбаеваның орындауында «Едiл-Жайық» эфир арқылы күллi Қазақстанға тарады, Қытай мен Моңғолиядағы қазақ әншiлерiнiң репертуарына iлiктi. Алыс-алыс елдерге асты.

1982 жылы Жұбан Молдағалиевтың Оралға келген сапарын атыраулық жазушы Берiк Қорқытов былай еске алады: «Оралда Жұбағаң естен кетпес кездесулер өткiздi. Сонда барлық жерде ол кiсi «Едiл-Жайық» әнiн тыңдап: «Ой, осы әннiң азабын тартудай-ақ тартып ем, ендi рахатын көрiп жүрмiн» дедi масаттанып».

Міне, «Еділ-Жайықтың» қысқаша тарихы осы, айналайын.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тарас НАУРЫЗӘЛІ, 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған