Ж.Түймебаев: Жобалау-сметалық құжаттаманы əзірлеуде шетелдік тəжірибені қолдану қажет  

Шымкент қаласы еліміздегі үшінші мегаполиске айналуы үшін сәулетті құрылыс пен инфрақұрылымдық жарақтандырылуы әлемдегі өркениетті қалаларға тән дамуы тиіс. Бұл ретте қалаға кіреберіс қақпалар мен жолайрықтарды, айналма және ішкі орам жолдардың сапалы жасалуына аса мән берген жөн.  Сондай-ақ құрылыстың басталуын тым ұзартып жіберетін жобалау-сметалық құжаттамалар заманауи үлгіде әзірленуі керек. Бүгін бұл туралы Шымкент қаласындағы  құрылыс нысандарының барысы талқыланған жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Биыл Шымкент қаласында 20 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 15 мектеп, 2 спорт,  2 мәдениет, 1 абаттандыру нысандары бар. Аталған 20 нысанның 11-і жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылатын болады. Ал қалған 9 нысанның құрылысы 2018 жылға өтпелі.

Бұдан бөлек, қалада жалпы аумағы 151 мың 228 шаршы метрді құрайтын 42 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 26-сы коммуналдық, 16-сы кредиттік тұрғын үй саналады. Соның 30 тұрғын үйі жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Қалған 16 үйдің біту кезеңі   2018 жылға өтпелі.

«Биылғы жылы Шымкент қаласында 10 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жалғасуда. Бүгінгі күнге 2 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 1 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ал қалған 7 нысанның құрылысы 2018 жылы пайдалануға берілетін болады» , – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.

Мұнан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы 107 нысанға жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.       

 2017 жылы Шымкент қаласының инфрақұрлымын дамыту мақсатында 14,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 2016 жылы құрылысы басталған 9 нысанды аяқтауға 1,6 млрд теңге жұмсалмақ.  83 көше орташа жөндеу және 12 аяқжол салу жұмыстарына 970,8 млн бағытталған. Ең маңыздысы – қаладағы 4 жолайрықтардың құрылысына жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Десек те, Шымкент қаласындағы 19 нысанның  құрылысы созылып, мерзімінде аяқталмай, пайдалануға тапсыру мерзімі кешігуі анықталып отыр. 19 нысанның 13 нысаны 2015-2016  жылдардан өтпелі болса, 6 нысаны 2017 жылы басталған.

Бұған себеп өте көп. Көбінде жобалау-сметалық құжаттамалар дайындау үрдісі кешеуілдеп, мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдерінің мерзімінің созылуы қолбайлау болып отыр.

 «Құрылыстың кешеуілдеуіне кедергілер өте көп. Соның бірі – жабалау-сметалық құжаттама әзірлеу үрдісі. Бұл құжатты әзірлеуге 4 ай уақыт кетеді. Сондықтан шетелдік тәжірибені пайдаланып, әзірлеу жұмыстарын заманауиландыру қажет. Осы ретте мен түркиялық әріптестердің тәжірибесін пайдалануды және өзімізде қолданысқа енгізуді тапсырамын. Тіпті қажет болса, семинар-тренингтер өткізіп, құрылысқа жауапты мердігерлердің де жауапкершілігін арттыруға тиіспіз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын барысында қаламыздағы Қонаев даңғылын батыс бағытына қарай  дамыту әрі аспалы көпірлер мен жолайрықтардың сапалы әрі тиімді болуы тапсырылды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған