Ж.Түймебаев: Татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 25 жылда бағындырған белестері орасан

Қымбатты отандастар!

Сіздерді барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Ширек ғасыр бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатымен дүйім дүниеге Тәуелсіздігімізді жария етіп, Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Тарихи оқиғалар тоғысқан 16 желтоқсан  біз үшін қасиетті күн саналды!

Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген Қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 25 жылда бағындырған белестері орасан. Осы уақыт аралығында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан. Мұнда 3 миллионға жақын жерлесіміз өмір сүріп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының алар орны айрықша.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді тізбелесек, айтып тауыса алмасымыз анық. Соның ішіндегі бір ғана ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім 43 есеге артып, 456 млрд.теңгені құрады. Соңғы бес жылда заманауи технологияларды қолданысқа кеңінен енгізуде алдыңғы қатардағы облысымызда тамшылатып суғару әдісін қолдану – 24,2, жылыжай кешендерінің көлемі – 9, жеміс-жидек сақтау қоймалары – 6,5 және терең қопсыту әдісін қолдану 41 есеге артты. Ал, мал шаруашылығы бұрын соңды болмаған етті және сүтті бағыттағы ірі қара мал жаңа тұқымдарымен толықтырылуда.

Өңіріміздегі өнеркәсіп саласы қарқынды дамып, ширек ғасырда өндірілген өнімдер көлемі 650 млрд. теңгеге жуықтады. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 150-ден астам жоба іске қосылып, жалпы саны 12 мыңнан асатын тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Ұлт Көшбасшысы атап көрсеткендей, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт! Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз – сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі.

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңыз шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, Мәңгілік Еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын!

Құрметпен, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған