Ж.Түймебаев: «Өрлеу» жобасын халыққа кеңінен түсіндіру қажет

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін 7,3 млрд. тенге бөлініп отыр.  Бұл қаражатқа 126 мың адамға шартты ақшалай көмек көрсетіліп, 27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған.  Әзірдің өзінде облыстың барлық аудан, қалаларында 1630 отбасыға 445,0 млн. теңгеге шартты ақшалай көмек беріліп, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің 95,2 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл туралы облыс әкімі Ж: Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев мәлім етті.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі үш түрлі әлеуметтік төлемдер орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілетін болады. Қиын жағдайға тап болған және объективті себептерге (жасы, денсаулық жағдайы, мүгедектік және өзге әлеуметтік осалдық) байланысты азаматтарға шартсыз көмек ұсынылмақ. Бір сөзбен айтқанда, күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен тұратын аз қамтамасыз етілген азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда шартты ақшалай көмек көрсетілетін болады. 

«2015 жылы “Өрлеу” жобасы біздің облыста пилоттық жоба ретінде 4 аймақта яғни Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби аудандарында ендіріліп, 139 отбасыға 23,0 млн. теңгеге шартты ақшалай көмек көрсетілді. Отбасы мүшелерінің еңбекке жарамды 167 адамы жұмыспен қамтылды.  2016 жылы «Өрлеу» жобасы облыстың барлық аудан, қалаларында ендіріліп, 1630 отбасыға 445,0 млн. теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалды», – дейді Мұхит Баймұханбетұлы.

Облыста шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық берілуде. Шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту мен жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға жұмсалатын болады. «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 454 адам жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, өз ісін ашқан. Атқарылған жұмыстарға қаныққан өңір басшысы «Өрлеу» жобасының халық арасында насихатталуына күш салып, шартты ақшалай көмекті еңбек пен кәсіпке бейімі бар азаматтарға беруді тапсырды.

«Таяуда ғана өңірімізге еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келіп, «Өрлеу» жобасының іске асу барысын бағамдап кетті.  Аталған пилоттық жобаның іске асуына аудан, қала әкімдері мен тиісті бөлім басшылары жұмыла кірісуі тиіс. Ең бастысы, шарты ақшалай көмектер шынайы нағыз көмекке зәру азаматтарға беріліп, жобаны халыққа кеңінен түсіндіру қажет», – деді Ж. Түймебаев.

Айта кетейік, «Өрлеу» жобасын іске асыру нәтижесінде жыл сайын өсіп тұратын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алушылардың саны 7,8 пайызға төмендеп, 59 мың отбасыны құраған.  Шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 3,3 есеге артып отыр. 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған