Заманбек және Желтоқсан

Abai.kz ақпараттық порталы

Зәкең қазақтың дара тұлғасы, қазақтың қорғаны болатын. Ол – қазақтың ұлттық намысының туы деуге лайық азамат. Менің Заманбек Нұрқаділов туралы мұндай батыл ой айтуымның өзіндік тарихи себебі бар…

Мен ол кісімен бірінші рет 1989 жылдың желтоқсан айында жақын таныстым. Ол таныстығымыз Желтоқсан көтерілісіне қатысты еді. Біз 1989 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы орталық комитетіне 17 желтоқсан алаңға шығып, желтоқсан көтерілісі кезінде шейіт болғандарды еске алып, құран оқып, гүл шоқтарын қоямыз деп арыз жаздық. Еске алу митингісін ұйымдастырамыз дедік. Орталық Комитет бізден қорқып, бізді қабылдай алмай, қалалық атқару комитетіне /қазіргі әкімшілік/ жіберді. Комитетті сол кезде Заманбек Нұрқаділов ағамыз басқаратын.

Біз келгенде Заманбек ағамыз ыстығы қатты көтеріліп, үйінде ауырып жатыр екен. Хатшы – орыстың қызы, хатымызды алып, қолы дірілдеп, көзі шарасынан шыға жаздап, Зәкеңнің орынбасарының кабинетіне жүгіре кіріп еді. Бір кезде ар жағынан ұлты татарға ұқсаған орынбасар шықты. Ол қолын созған жігіттердің сәлемін де алуға жарамай, “Кімсіңдер? Мына шатпақтарың не? Ертең сендер тағы да қантөгіске апарасыңдар. Ұлтаралық қатынасты ушықтырасыңдар!” деп бізге доқ көрсете бастады. Мен “Қазақфильмнің” қызыл түсті куәлігін көрсетіп, “Кешіріңіз, мен  “Қазақфильм” киностудиясының режиссерімін. Мен Желтоқсанға арналған “Аллажар” фильмін түсіруді бастадым. Сіз бізге айғайламаңыз, ұлтаралық араздықты ушықтыратын біз емес, сіздер!” деп салдым. Ол “Кіріңдер!” деп, бізді кабинетіне кіргізіп алды. “Сендер ұлтшылсыңдар, 1986 жылғы қантөгісті қайталайсыңдар!” деп жатыр. Бізді шала-шарпы тыңдаған қалпы, ол Заманбек Нұрқаділовке телефон соқты. Ол кісі “жігіттердің бірін телефонға шақыр” деген болса керек, орынбасар мені Зәкеңмен сөйлесуге телефонға шақырды. Амандық-саулықтан соң, “Зәке, Желтоқсанға, міне, биыл үш жыл. Алаңға барып гүл шоқтарын қойып, құрбандарға арнап құран оқытып еске алайық деп едік” дедім. Зәкең бірден “ертең сағат 9:00 де жолығайық” деді.

Қалалық мәдениет басқармасының ғимаратында өзіміздің штабымыз бар болатын, онда бізді қырық шақты студент күтіп отырған. Ертеңіне, 10 желтоқсан күні мен Октябрь көшесі мен Панфилов көшесі жағынан атқару комитетіне жарты сағат бұрын келдім. Қарап тұрмын, қара түсті “волгалар” бірінен соң бірі қаптап келіп жатыр, келіп жатыр…

Ішкі істер министрлігі, Қауіпсіздік комитеті сияқты құзырлы мекемелердің өкілдері. Бәрінің қолында кеше біз тапсырып кеткен мәлімдеменің көшірмесі. Тура 9:00 де біздің жігіттер келді.  Біз кіргенде,  жаңағы мен сыртта көрген подполковниктер мен полковниктер тегіс отырды. Заманбек ағамыз, онымен бірге Жібек Әмірханова отырды. КГБ, ІІМ-нің өкілдері тағы да ұлтаралық қатынастар туралы дау шығарып, әңгіме бірден айқай-шудан басталды. Бізді басып тастағылары келгендері байқалды. Біз де кезек-кезек сөйлеп, мен өз кезегімде біздің бұл жерге шу шығару үшін не ұлтаралық араздық қоздыру үшін емес, мұнан үш жыл бұрын алаңда құрбан болған жастарды еске алу үшін алаңға шығатынымызды айттым.

Айтыс-тартыспен түс болды. Заманбек аға бүкіл әңгіме барысында шалқайыңқырап, ұлт туралы айтатын жігіттердің бар екеніне риза көңілмен қуана қарап отырды. Бізді қолдайтынын бар сыңайымен, ықыласымен танытқанын біз де сездік, еркін-еркін сөйлеп жатырмыз. “Сабыр сақтайық, жігіттер”, – деді Заманбек ағамыз бір кезде. “Қалған әңгімені түстен кейін менің кабинетімде жалғастырайық”.

Түстен кейін де іс бітпей, ертеңіне біз Зәкеңнің кабинетіне қайта келдік. Келсек, Заманбек аға үлкен етіп дастархан жайғызыпты. Біз көрмеген ішіп-жемге толтырып, кең мол етіп жайылған дастарханнан гөрі, ол кісінің бізге деген ықыласына риза болып жатырмыз. Желтоқсандықтарды Зәкең осылай дастархан жайып қарсы алған болатын. Тағы да КГБ, ІІМ-нің адамдары келіп кешегі әңгімені қозғай бастап еді, Зәкең оларды тоқтатып, мәселені қалай шешу керек екенін әңгімелей бастады. Одан кейін үш күн қатарынан Зәкеңнің кабинетінен шықпадық.  Ол кісі біздің көзімізше Мәскеуге, Мұхтар Шахановқа, Қарамановқа хабарласты. Мұхтар Шаханов Алматыға келетін болды. Біз жиынға күн демей, түн демей дайындалдық.

Алаңға шықпай, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының акт залында жиын-митинг өткізетін болдық. “Осыған келісейік, жігіттер. Бар жауапкершілікті мен өз мойныма аламын!”, – деді Зәкең.  Күнде көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр, ол кісі біздің бастамамызды жүзеге асыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Біз сонда да “сыртқа шығып, ақылдасып келейік” деп, бірінші рет саяси митингіге ресми түрде рұқсат алуымызбен бір-бірімізді құттықтап, қайта кірдік. Біз бәрібір алаңға барамыз дедік, Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне қыр көрсетіп… Ал, жиынды Үкімет жағынан Зәкең, желтоқсандықтар жағынан Қалдыбай Әбенов жүргізсін деген ұсыныс айтылды (Сол кездегі біздің бар арманымыз – бес-алты адам болса да басын қосып жинап, құран оқыту болатын… Бұлай митингіге рұқсат береді деп біз ойлаған жоқпыз). Зәкең бұған да келісті.

КГБ-ның генералы “Сіздер ешкімге хабарламай-ақ қойыңыздар, біз барлық ректорларға өзіміз хабарлаймыз” деді. Біз оларға аса сенбей, 10 мыңнан аса ұран дайындадық! Желтоқсан көтерілісіне арналған тұңғыш саяси митинг Алматы қаласының Медициналық институтында өтуге тиіс болды. Біз ойлағандай, ертеңгісін сағат 9:30 да келсек, акт залында ешкім жоқ. Институтты ОМОН қоршап тұр. Институттың басшыларының бірде-бірі акт залында митинг өтетінін білмейді. Біз бәрін бірден түсіндік!  Сағат 10:00 ге таман Алматы қаласының барлық оқу орындарынан студенттер ағылып келе бастады. Әсіресе, ЖенПИ, КазГУ, Театр және өнер институты, Ауыл шарушылығы институты мен Политехникалық институт қатты көтерілді! Оларды кіргізбеу үшін есік алдына тосқауыл қойылған-ды, жастар оны бұзып өте бастады. Осы кезде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз кіруге рұқсат бергізді. Бірақ, жиынды Зәкең де, мен де емес, Қадыр Мырзалиев пен Алматы қаласы партия комитетінің екінші хатшысы Сәрсенов деген жүргізетін болды. Елдің алдына шығып сөз сөйлеу де тартысты өтті. Бірінші болып КГБ-ның адамдары мен прокурор Елемесов, Айтмұхамбетов сөйледі. Олардың айтқаны “Сендер нағыз ұлтшылсыңдар…” деген мағынада болды.  “Сендер 1986 ны қайталайын деп, қантөгіс жасайын деп тұрсыңдар” дегенге дейін барды. Зал жым-жырт. Бір кезде әскери киімдегі бір азамат /подполковник/ “Бұл не деген масқара, арамызда Желтоқсанға қатысып жаралы болғандар, түрмеден шыққандар отыр. Неге соларға сөз бермейміз?” деп, Аманжол Нәлібаевты шығарды. Ол түрмеде алған соққыдан қандай жағдайға ұшырағанын жасырмай айтты. Аманжол Құрманды /Қалмұратов/сахнаға шығарды. Читаның түрмесінен Қазақстанға қалай жаяу қашып келгенін, одан кейін “Аллажар” фильмін түсіріп жатқан кинотоптың студиясында қалай жасырынып күн көргенін Қалмұратов Құрман әңгімеледі. Ол бір өткір жігіт еді, қайтыс болды… Құрман басы қақ айырылған қазақ қызын қалай ұстап тұрғанын, қолының жараға қалай кіріп кеткенін көзіне жас алып айтты.

Сөйтіп, Желтоқсан кезінде алаңда болған зорлық-зомбылық, басып жаншудың небір сорақылары айтыла бастаған кезде, залдағы жастар қолдарындағы ұрандарын жазып жіберді… Арамызда Әзірбайжан ұлттық майданының бір азаматы болатын, соған сөз беруіміз керек еді. Мен сол үшін сахнаға ұмтылғанда, күзет менің жағамнан ұстай алып, кейін қайтармақ болды. Осы кезде залдағы жастар “Жібер!” деп айғай салды. Сөйтіп, жаңағы кісіге сөз бердік. Айтпақшы, жиынның басында Н.Фокина Қадыр ағамызға: “Сіз Желтоқсанды сатып кеткен адамсыз, түсіңіз!” деген кезде, Қадыр түсіп кетті де, Сәрсенов жалғыз қалған болатын. Желтоқсан туралы ащы шындықтар ашық айтыла бастаған кезде, Сәрсенов “жиын жабық” деп жариялаған еді, оған Өзбекәлі мен Заманбек аға қатты ренжіді.

Зәкең: “Жігіттер, сонан соң менің кабинетіме келіңдер!” деп бізге машинасын қалдырып кетті. Мыңнан аса жастар қызынып, “Алаңға барамыз!” деп тұрып алды. Бар жауапкершілікті өз мойнына алған Заманбек ағаға сөз келмес үшін, жігіттерге тоқтау салдық та, қайтадан Зәкеңнің кабинетіне бардық. Тағы да түнгі онға дейін қызу әңгімелестік.

1989 жылы 14 желтоқсаннан бастап, Зәкең екеуміз жастардың арасында Желтоқсанға қатысты жиын өткізуді толық өз қолымызға алып, Театр және өнер институтынан бастап, барлық институттарды аралап шықтық. Бұл кезде Алматыға келген Мұхтар Шаханов та бізбен бірге жүрді.

1989 жылдың 10 желтоқсанынан бастап, 17-желтоқсанға дейін Зәкең ЕҢ АЛҒАШ  РЕТ  Желтоқсанды еске алғызып, шеру жасауға қолғабысын тигізіп, ұлттық намысымызды көтеруде үлкен азаматтық танытқан болатын. Сондағы Заманбек ағаның бізге жасаған қамқорлығын өз басым ешқашан ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да!

Өкінішке қарай,  Зәкең де бұл  өмірден беймезгіл  кетті. Ол әрине басқа әңгіме, басқа жағдай…

Бұл кеудеміздегі айтылмай жүрген, айта аламай жүрген қасіретіміз болып қалып тұр, әзірше…

Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын, Заманбек Қалабайұлы!

Қалдыбай Әбенов, “Аллажар” фильмінің режиссері

Abai.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған