Зорлықтың «гүлі» бүр жармас

1965 жылдың желтоқсан айы. Италияның Сицилия облысындағы Алкамо қалашығында 18 жасар қыз бала ұрланады. Жалғыз емес, жеті бірдей серігімен қызды ұрлаған жігіт нәзік жаратылыс иесін зорлап, арын таптап болған соң, оған үйленгісі келген болатын. Әйтсе де, бұл жергілікті халыққа таныс жайттың бірі еді. Өйткені «қызды зорлаған жігіт сол қызға үйленетін болса, ол ешқандай құқықтық жазаға тартылмайды» деген сол кезеңдегі Италияның заңы бар еді. Бірақ арада тоғыз күн өткен соң, елді елең еткізген оқиға болды. 

Зәбір көрген қыз өзін қорлаған адамға тұрмысқа шығудан бас тартып, полиция қызметкерлеріне қылмыс жасаған жігіттің және оның қалған серіктерінің атын атап көрсетеді. Бұл «қыздардың өзін қорлаған ер-азаматқа керек» деген қалыптасқан қоғамдық санасын дүр сілкінткен, Сицилия тарихындағы тұңғыш жайт еді. 1966 жылдың желтоқсан айында қызға зорлық жасаған Филиппио Мелодия жасаған қылмысы үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылып, 2 жыл Моденге сүргінделеді. 1976 жылы түрмеден шығып, 1978 жылы кісі қолынан қаза болды. Ал оның серіктері де қатал жаза алды.

Қоғамдық санаға сілкініс салып, өз намысын ғана емес, өзіне ұқсаған қаншама жас қыздың болашағына үміт сыйлаған арудың есімі Франка Виола болатын. Оның істеген әрекетінен кейін Италияда үлкен резонанс туып, нәзік жандыларға жасалатын зорлық-зомбылықтардан қорғайтын заңдар шыға бастады. 1981 жылы «егер қылмысқа барушы өзі зорлаған қызға үйленсе, ешқандай жазаға тартылмайды» деген заң өз күшін жойды. 2014 жылдың 13 ақпан айында Италия президенті тарапынан Франка Виолаға «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» атты «Ұлы офицер» дәрежелі ордені берілді. Франка Виола 1968 жылы 4 желтоқсанда Джузеппе Руиси атты азаматқа тұрмысқа шығып, Алкамо қаласында тұрақтап қалды. Олардың шаңырағында үш перзент өмірге келді.

Бұл оқиға еліміздің кей өңірлерінде (әсіресе аудандық, ауылдық жерлерде) қалыптасқан «қыз алып қашу» әрекетіне өте жақын көрініс. Көп жағдайда қазақ қыздары тілінің қысқалығынан, өзінің дәрменсіздігінен, қоғамның немқұрайлылығынан өздері қаламаған адамға тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Елдің сөзінен қорқып еш әрекетке бара алмайды. Олардың ішіндегі жан тебіренісі келе-келе дертке айналмасына кім кепіл? Мұндай зорлықпен іргесі қаланған шаңырақ шайқалмай тұра ала ма? Ол отбасында қандай тәрбие болады?

Қазақ халқы халық боп құрылған кезеңнен бастап-ақ қыздың қоғамдағы, отбасындағы орнын жоғары бағалаған. Шаңырағында төрін беріп, қызының мәртебесін биік еткен. Ер-азаматтар қызды еркінен тыс ұрлап емес, сүйгеніне құда түсіп алған. Ал қоғамда кең таралған «алып қашу» деген сөздің де тонын айналдырып кигізіп жүрген өзіміз. Бұрындары қызды «алып қашу» оның еркінен тыс емес, тиісінше сол қыздың өз қалауымен болған дүние. Қолы ұзын бай-бағландар өзінен едәуір кіші көрікті қыздарға ерте құда түсіп, қалың малын беріп, оларды екінші немесе үшінші жар етіп алған кезеңдер де болды. Қаламаған адамға тұрмысқа шықпаймын деп айтуға қыздың дәрмені жетпеді. Өйткені жарлы ата-анасын аяп, көңілі аумайтын кісіге жұбайлыққа кете беретін. Ал бірлі-жарым ерікті, жігерлі қыздар сүйген жігітінің өзін алып қашуына рұқсат еткен. Екі жақтың қалауымен болған мұндай үдеріс бүгінде мүлде басқа кейіпке еніп кетті. Ауыл-аймақтарда осындай жайт орын алса «елден ұят болады», «келген жерің жаман жер емес», «үлкеннің сөзін екі етіп, бақытты бола алмайсың», «қайтып келген қыз жаман» деп түрлі теңеулермен әсірелеп, онсыз да жаны нәзік қызды шорт сындырады. Танымайтын кісі тарапынан ұрланып, жат үйге түскен өрімдей қыз бала дұрыс шешім қабылдай алушы ма еді?

Бүгінде заң тарапынан әр адамның құқығы қорғалғаны жасырын емес. Бірақ шеткері аймақтарда сүймейтін, тіпті танымайтын ер-азамат тарапынан «ұрланған» қыздар заңға шағымдану түгілі өзін жоғалтып, депрессияға түсіп, сол жерде қалып қояды. Оның дәрменсіздігін пайдаланған жігіт қана емес, ұрлауға қатысқан жолдастары, соған қоса оның туған-туыстары да топтық зорлық көрсеткені үшін қатаң жазаға тартылуы тиіс. Жоғарыда көрсетілген Франка Виоланың тағдыры баршамызға үлгі болуға тұрарлық жайт. Өз бақыты үшін күреспеген адам өзгенің жемтігіне айналады. Шындық қай кезде де ащы. Өзіне сенген жігіт еш уақытта оны сүймеген қызды зорлықпен иемденуге тырыспайды. Мұндай жабайылық бүгінде зиялылыққа талпынған ұлтымызға үлкен сын. Ауыл-аймақтарда құқық қорғаушылар тарапынан ерікті құқықтық сабақтар жиі өткізілсе, қоғамдық санамыздың жаңа заманға сай ілгері дамуына жолбасшы болары сөзсіз. Зорлықтың «гүлі» бүр жармас…

Нұрлайым Батыр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған