«ИМАМДАР МЕН КӘСІБИ ТЕОЛОГТАР ҒАНА ДІНИ АҒАРТУМЕН АЙНАЛЫСУЫ ТИІС»

 Мемлекет басшысының тапсырмасымен үстіміздегі жылғы 29 қыркүйекте облыста басталған «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін ведомствоаралық топ бір ай бойы қарбалас жұмысты қорытындылады. Топ жетекшісі Бас прокурор Жақып Асанов облыстық әкімдікте үкіметтік емес ұйымдар және облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, қала жұртшылығымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралады, осы бағыттағы өзіндік ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Жиынды қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев топ мүшелерінің ортақ мәселелерді бірігіп шешудегі қолдау-көмектеріне ризашылығын білдірді.

Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов өз кезегінде рес­публикалық жұмыс тобы мүшелері ұстанған жеті бағыттың жүзеге асу жайы тарата баяндады. Оның айтуынша, азаматтардың проблемаларын бірлесіп шешу мақсатында елден 230 үздік сарапшы іріктеп алынған. Оның құрамында 55 дәрігер, 16 әлеуметтік қызметкер мен психолог, 10 теолог, 10 ғалым, 13 қар­жыгер мен кәсіпкер, 14 имам бар. Олардан басқа біраз орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де тартылды. Сарапшылар әрбір алтыншы ақтөбеліктің жағдайымен танысты.

Бас прокурор мұндай ауқымды іс-шараның елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғанына назар аудара келіп, бұл жұмыстың мүлде жаңа форматы екенін жеткізді. Жоба аясында 2,6 мың іс-шара өткі­зіліп, оған бес аудан мен Ақтөбе қаласында 145 мың адам қатысты.

Орталықтан келген мамандар жергілікті жерде бизнестің бірқа­тар өзекті мәселелерін шешуге көмектесті. Басқа өңірлердегідей, облыс тұрғындарының жартысы – ауыл тұрғындары. Шыны керек, ауылдарға инвестор тарту оңай емес. Осы себептен де 108 ауыл әкімі халықпен қалай жұмыс істеу керектігі туралы дағдыларды игер­ді, жергілікті тұрғындар 850 бизнес-идеямен қамтылды. 81 семинар мен дөңгелек үстел өткізіліп, 1 мыңнан астам адам өз бизнесін ұйымдастыруға және жүргізуге оқы­тылды. 237 өз ісін бастап жатқан әйелдер визаж бен жарнама бойынша шеберліктерін шыңдады. Даму институттары желісі бойынша да ауқымды жұ­мыс атқарылды. Қазіргі уақытта жалпы құны 5 миллиард теңгеден астам сомаға 227 жоба қаралу үстінде. Жиынтығында даму институттары 125 жоба үшін 3,1 миллиард теңге несие берді.

Бас прокурор табыс табамын, кәсіппен айналысамын деген ауыл тұрғындарына жергілікті әкімге бару­ды ұсынды. Олардың бұл бағытта сауалдарға жауап беруге, көмекші, кеңесші болуға міндетті екенін атап өтті.

Жақып Асанов өңірде елімізде алғашқылардың бірі болып ауыл әкімдерінің деректер базасы іске қосылғанын, онда әрбір тұрғынның қандай әлеуметтік көмек алатыны, отбасында мүгедектер бар ма, мемлекеттің көмегі қажет пе, сол жөніндегі ақпарат болатынынан хабардар етті. Айналдырған бір айда әлеуметтік мәселе бойынша 46 мың адам қамтылды. Соның ішінде 4,6 мың адамға көмек көрсетілді. Топ мүшелері тұрғылықты жердегі 502 мүгедекке барып, олардың 136-сы көмек алды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 6,5 мыңға жуық азаматқа әлеуметтік атаулы көмек алудың тәртібі түсін­дірілді. Сарапшылардың қаты­суымен бес ауданда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оларға қатысқан 701 адамның ара­сынан 123 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды. Еңбекақы төлемеген 153 кәсіпорын басшыларымен өт­кен кездесуден кейін 232 жұмыс­шы осы кезге дейін ала алмай келген 9 миллион теңге еңбекақыларына қол жеткізді.

Сарапшылар аудандардағы 1960 жылы дүниеге келген әйел­дермен кездесіп, оларға зейнет­керлікке шығу қарсаңында еңбек өтілін реттеу, тағы да басқа мәсе­лелер жөнінде кеңес берді. Айта кетейік, өңірде осы жылы туған 5300 әйел бар.

Осы кезеңде еліміздің үздік дәрігерлері 9637 азаматты тек­серіп, 1008 тұрғынға көмектесті. Олардың ішінде 301-ін респуб­ликалық орталыққа жіберді, ал 707 сырқат бірден сол жерде ем алды. Аудандар бойынша «Денсаулық» медициналық пойызы жүріп отырды, оның дәрігерлері 5 ауданда 5279 адамды тексерді, олардың ішінде 1921 адамға қосымша ем алу үшін медициналық мекемелерге жолдама берілді. 14899 мектеп оқушысы профилактикалық тексеруден өтті, олардың ішінде 1055-і сауықтыруға алынды.

Топ мүшелері дін мәселелеріне байланысты да жан-жақты жұмыс­тар жүргізді. Жалпы алғанда, 20 мыңнан астам адамды қамтыған 149 іс-шара өткізілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 61 имамды аттестаттаудан өткізіп, нәтижесінде олардың әрбір алтыншысы бұл сыннан өтпей қалды.

Осы күндері облыс тұрғын­дарының өтініші бойынша 20 жергілікті имамның біліктілігі арттырылуда. 5 аудандық және ауылдық мешіттерде еліміздің басқа өңірлерінен келген 6 тәжі­рибелі имам тағайындалды. Аудан орталықтарында 3 мешіт үл­гілі етіп жасақталды. Мешіт қыз­метшісінің мінсіз бейнесін қалыптастыру үшін имамдар мен дін өкілдеріне «Имамның бір күні» фильмі көр­сетілді. Барлық телеарналардан антитеррорлық бағыттағы роликтер, спектакльдер мен фильмдер көрсетілді.

– Тек имамдар мен кәсіби теологтар ғана діни ағарту көздері ретінде қызмет етуі тиіс, – деп атап өтті Бас прокурор.

Ол қазақстандық интернет сегментінде экстремизм мен радикализмге қарсы жарнама жасауды ұсынды.

– Біз Ақтөбеде жастар интер­неттегі псевдодіннің құрбаны болған отбасылық трагедия жайлы «Есігімді қаққан кім?» атты спектакльді көрдік. Спектакль қа­зір ел аумағында көрсетілуде. Оны әсіресе, мектептерде, жоғары оқу орындарында, барлық киноте­а-­трларда көрсету қажет. ІТ-маман­дарға айтарым, сіздер де қосы­лыңыздар, қазақстандық интернетте экстремизм мен радикализм­ге қарсы жарнама болатындай жағ­дай жасайық, – деді Жақып Асанов.

Әлеуметтік желіде 18 промо-ролик орналастырылды, 9 деректі фильм мен 2 спектакль көрсетілді. Оларды 13 мың адам қарады. «ҮоuTubе» желісінде де арнайы «Аntі Теrrоr» арнасы жасалды. Әлеу­меттік желілерде «ҮоuTubе» желі­сінен экстремизм мен терро­ризмге шақыратын бейнелерді өшіру жөніндегі нұсқаулық орналастырылды.

– Бүгінгі күні біз радикалдың типтік әлеуметтік-психологиялық портретін жасадық. Бұл бейненің артында не кәнігі бандит, не маргинал тұрғанын анық білеміз. Десек те, олардың көпшілігі исламның не екенін білмейді. Бұны түсіну бізге жақын арада оларға қарсы іс-қимыл жасаудың тәсілдерін түзетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Бас прокурор.

Әрбір азаматтың теракт бол­ғанда немесе оның қаупі төнген кезде не істеу керектігін білуі мақ­сатында аймақтың 23 мың тұрғынымен 199 іс-шара өткізілді. Бұл дағдыларға үйрету үшін 2,5 мың мектеп оқушысы мен мұғалімдерге 30 сабақ өткізілді. Қоғамдық орындарда 12 мың тұрғынға тақырыптық көрнекі буклеттер таратылды. Адамдарға теракт қаупі немесе ол жасалған кезде не істеу, бұл туралы кімге және қандай арналар арқылы хабарлау керектігі, мұндай жағдайда өзіңді және жақындарыңды қалай қорғау қажеттігі айқын түсіндірілді.Те­рак­тілерден қорғану жүйесі 49 нысанда жүргізіліп, төтенше жағ­дай туындаған кезде жасалатын әрекеттер үйретілді.

– Әрине, біздің жұмысымызға баға беру әлі ерте. Дегенмен, қазірдің өзінде жекелеген бағыттар бойынша алдағы уақытта қайта бағдар ұстау керектігін білеміз. Бір айда жүзеге асырған жұмыстарымызды мұқият талдаймыз, азаматтардың нақты проб­­лемаларын шешудің үлгі-модель­дерін жасап шығарамыз және оларды басқа аймақтарда да пай­дала­намыз, – деп түйіндеді ойын Бас прокурор.

Оның айтуынша, барлық ба­ғыттар бойынша жергілікті жер­лерде басқарушылық шешім­дер­ді түйінді түрде және тиімді қа­былдау үшін мемлекеттік орган­дардың жұмысында нені және қалай өзгерту керектігі туралы ұсыныстар жинақталған. Жұмыс барысында заңдар мен заңға тәуелді актілерде көптеген кемшіліктер мен тосқауылдар анықталған. Топ мүшелері экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаға түзе­тулер дайындауды қолға алуда.

– Егер топ құрамында келген дәрігер ең болмаса бір ақтөбеліктің өмірін құтқарса, не бір шаруа қожалығы ауылшаруашылық техникасын алса немесе радикал бұрынғы ойынан қайтып, дәстүрлі мазхабқа оралса, бір ай бойғы жұмыстың зая кетпегені, – деді Бас прокурор.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әкім­шілік пен жергілікті құры­лымдар барлық бағыттар бо­йын­ша жұмыстарды жалғас­тыратындығын айтып, алдағы 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында қалған 7 аудан қам­тылатынын жеткізді. Ол үшін жергілікті сарапшылардан осындай топтардан басқа экс­тре­­мизмді қаржыландыру көз­дерін анықтайтын сегізінші топ құрылатынан хабардар етті. Сонымен қатар, облыстағы өткен бір ай ішінде атқарылған жұмыстар қоры­тындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстар қолдау табатынын жеткізді.

«Халықтың қауіпсіздігін қамта­масыз ету» жобасының қарапайым халықтың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуге деген ықпалы айқын аңғарылды. Биліктің бе­рекелі істерге бетбұрыс жасауы адам­дардың бойында ертеңгі күнге деген сенімділікті бұрынғыдан гөрі нығайта түсті. Тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда барша жұрт­тың жұмы­луы нәтижелі болатынына көздері жетті. Ал жергілікті билік­тің бұл бастаманы лайықты жал­ғастыруға ықылас танытуы оның өмір­шеңдігін көрсетеді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

 
date04.11.2016readCount419printБасып шығару

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған