«Инновациялық балаларды» жетілдіру үшін әдебиетті дамыту керек – Айдос Сарым

«Озар елдің баласы кітап оқиды, тозар елдің баласы смартфон шұқиды» бүгінгінің өзекті мақалы болып тұр. Бұл бір жағынан цифрлық қоғамның заманауи жетістіктерінен болса, екінші жағынан еліміздегі балалар әдебиетінің жағдайын көрсетеді. Қазақстандағы балалар әдебиеті неліктен миллиондаған қазақ баласының сұранысына жұмыс істемей отыр? Неге оқырман мен әдебиет арасында байланыс жоқ? Балалар әдебиеті нарық жағдайына неге икемделе алмай қалды? Осы және өзге сұрақтарға саясаттанушы, қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кеңесшісі, «Алтын қалам» әдеби байқауын ұйымдастырушыларының бірі Айдос Сарымнан сұрап білуге тырыстық. – Жалпы әдебиеттің өзі қоғамды тәрбиелейтін құрал дейміз ғой. Ал балалар әдебиетінің басты миссиясы бұдан да айқынырақ  болар? – Балалар әдебиеті өзінің құрылымы, миссиясы, бағыт-бағдары тұрғысынан жалпылама әдебиеттен күрделі деп санаймын. Себебі өзінің жүрегінің сұрауымен келетін әдебиетке қарағанда оның миссиясы айқын. Ол – өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Өмірлік тәжірибесі, талғамы, пайымы, парасаты бекімеген өскелең ұрпақты кітапқа баулу, оқуға, ізденуге, талаптануға итермелеу болатын болса, екіншіден, қызықтыру арқылы көрнекі құралдар, суреті мен  идеясы арқылы нақты құндылықтарға, ұлттық құндылықтарға итермелеу керек. Тарихи кітапты, фантастиканы, оны жақсы жазылған болса оқи бересіз. Ал балалар әдебиеті басқаша. Бір ғалымның айтқаны еске түседі, «бұл дүниеде оқулық жазғаннан гөрі, Інжілді қайта жазу оңайырақ» деген екен. Шынында, Інжілді қиялдан жаза беруге болады. Ал балалар тақырыбына жазатын жазушылардың психологиялық, педагогикалық ілімдері терең, жан-жақты білімі болу керек. Кеңес заманында жақсы болсын, жаман болсын балалар әдебиеті болды. Ол кездегі балалар әдебиеті партиялық үгіт насихат құралына айналып, сол науқанның жұмыстарына қатысты. Олардың корпусын Тұмағаңдар (Тұманбай Молдағалиев – ред.), басқа да білімді азаматтар ұстап тұрды. Ал 90-жылдардың басына қарай жалпы әдебиет саласы нарыққа бейімделе алмай қалды. Былайша айтқанда, балалар әдебиеті қоғамға да, мемлекетке де қажет болмай қалды. Азды-көпті балалар басылымы шығып тұрды. Алайда оған деген қажеттілік аса керемет жағдайда болған жоқ деп ойлаймын. – Жалпы әдебиет тақырыбына келейікші. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Осы уақыт ішінде не өзгерді? Біз сол кездегі әдеби дағдарыстан шыға алдық па? – Жалпы әдебиеттегі дағдарыстан енді шығып келе жатқан сияқтымыз. Менің ойымша, бір дәуір аяқталуға жақын болғанымен,  екінші дәуір басталмай келе жатыр. Себебі, біздің әдебиет те, баспа ісі де толығымен нарықтық механизмге бейімделген жоқ. Мынаны қараңыз, жыл сайын нарыққа 100 000 қазақ баласы қадам басып келеді. Мәселен, биылдың өзінде 100 мың бала мектеп бітірді. Егер нарықтық логикамен ойласақ, бұл керемет мүмкіндік. Баспагер үшін де, жазушы үшін де. Сосын мектепке биылдың өзінде 400 мыңға жуық бүлдіршін барды. Олардың 350 мыңы, кем дегенде, қазақтың баласы. Бұлардың бәріне ермек керек, білім керек, ұлттық саясатқа баулитын дүниелер керек. Ал бірақ бізде әлі күнге  әдебиет нарығы қалыптасқан жоқ. Әлемдік әдебиеттегідей баспагерлер бір жазушыға таласып-тармасып қол жеткізіп, күні бұрын келісімге келіп жатқан жоқ. «Әдеби агент» деген түсінік жоқ. Әлбетте осындай олқылықтардың орнын жою үшін нарықтық тетіктерді іске қосатын уақыт келді деп ойлаймын. – Мәселен, қандай нарықтық тетіктерді қосу керек? – Еліміздегі кітапханалар жағдайын алайық. Кітапхана рухани  орда іспеттес. Бір жақсысы кітапханаға кім келетіні, оның жасы барлығы ұқыпты әрі мұқият жазылады. Соған қарап маркетинг қағидаттарын пайдалану керек. Мәселен, пәлен кітапты, пәлен адам оқыған. Демек бұл кітаптарды шығару керек, сұраныс бар деген сөз. Қазақстанда жылына 2000-ға жуық кітап шығады. Олардың тең жартысы университет маңында таралымы 200-500-ден аспайтын кітаптар. Көпшілікке шығатын кітаптарға келсек, сіз де мен де оқырманбыз, қазақ тілінде оқитын кітап жоқ. Әсіресе балалар әдебиеті саласында оқитын кітап таппайсыз. Мемлекеттік тапсырыс мәселесі бар, бірақ бұл бөлек мәселе. Сондықтан да, елде нарық қалыптасапағандықтан сұраныс жоқ. Бұл баспагерлердің оқырманды емес, мемлекетті іздеуге құштарлығын көрсетеді. Өйткені, негізгі капитал мемлекеттен болып тұр ғой. Бұл жерде баспагерге де жазушыға да қанша адам оқығаны қызық емес. Ең бастысы олар мемлекеттің тапсырысын өтесе болды. Әлбетте, жылына тек министрлік тарапынан қоғамдық-саяси маңызы бар 300-400 кітап жарияланып тұрады. Дегенмен, бұл жерде бір нәрсені ескерейік, бұл туындылар біздердің, яғни салық төлеушілердің ақшасына басылады. Сәйкесінше, оқырман, сарапшылардың конкурсынан өткен алғашқы үштікке енген жүлде алған авторларды басуға тырысу керек. Олардың артында жақсы болсын, жаман болсын аудиториясы бар. Екіншіден, біздер қоғамдық механизмдерді кітап айналасына шоғырландыруымыз керек. Ол әлемнің барлық елінде сынақтан өткен тәжірибе. Жаңалық емес. Қалың бұқара арасында кітап оқуды сәнге айналдыруымыз керек. «Досыңның туған күніне доллар сыйлама,  кітап сыйла». Нарық ондай «дабылды» байқамай қалмайды. Менің білуімше, меломан желісіндегі қазақ тілді кітаптардың саны 22 пайызға жетіпті. Бұл әлі де орыс тілді нарық басым екендігін көрсетіп отыр. – Бір таңқаларлығы, бүгінгі күні кітап саудасында ең көп өтетін дүниенің бірі балаларға арналған өнімдер ғой… – Иә. Өйткені әр ата-ана өз баласының мемлекеттік тілді білгенін, тарихтан сабақ алғанын қалайды. Оның үстіне 400 мың баланың 10 сыныпқа дейінгі қажеттілігін қанағаттандыру керек қой. Бүлдіршін кезінде түрлі ертегілер оқыса, есейген соң ғылым мен білімді, тарих тақырыбындағы, шым-шытырық оқиғаларға толы фантастика жанрын оқуы тиіс. Оның бәрі әрі қажеттілік әрі сұраныс. – Осы жерде мәселе мүмкін жанрлардың жұтаңдығында болар.  Бізге қызық болған «Жусан иісі» қазіргі балаларға қызық емес. Өйткені, бүгінгі балалардың бәріне ондағы жағдай етене таныс емес болуы мүмкін. Бәлкім, қазіргі заманға жақын, бүгінгі өмір туралы шығармалар керек шығар? – Кеңес заманында ер балалардың ең көп қызығатын жанры детектив болатын. – Мәселен, Сіз бұл жанрда не оқыдыңыз? – Мен оқыған детектив жанры Кемел Тоқаев ағамыз жазған аудандық милицияның өмірі туралы дүниелер еді. Ол кісінің кітаптарын үйдегі ағайындарымыз қосылып жабылып жатып, оқып, кітапты ескіртіп, тоздырып жіберетінбіз. Өйткені, онда шынайы өмірге жақын дүниелер, тіпті сол қайнап жатқан өмірдің өзінің ізі бар еді. Бүгінде Қазақстанда құқық қорғау саласында қаншама ақпарат, қаншама әңгімеге арқау боларлық дүниелер бар. Күнде қылмыстар ашылып жатыр, бірінен бірі өткен сорақы соттар да баршылық. Ендеше аудандық ішкі істер басқармасына бар да, 1 ғана қылмыстық істі ал, бас аяғынан қарап жазып шық. Рахат Алиев, Мұхтар Әбілязов дейсің бе, неше түрлі істер бар ғой. Жазу керек болса. Екінші балаларға қажет – фэнтэзи жанры. «АҚШ-тың ғылыми-техникалық прогресте алға кетуінің бір себебі, жасөспірімдердің фантастика жанрын көп оқуына байланысты» деген ғалымдар тұжырымы да бекер емес. Ақылға сыймайтын дүниелер жазылады. Бірақ, соны оқыған жас бала да күні ертең тура сол идеяны жүзеге асыруға, өмірге қолданысқа енгізуге тырысады. Фантастика жанры Ресейде де керемет дамыған. Кітап сөрелерінде 15-20 пайызы  фэнтэзи жанры. Бүгінгі Ресей патриотизмінің империялық саясатының дамуына ғалымдардың айтуынша, фантастика жанры әсер еткен. Орыстың табиғатында жоқ нәрсенің бәрін, тіпті тарихтағы ұтылыстарының орнын сол фантастика жанрымен жамаған. Бір ғана мысал келтірсем, бір орыс адамы өткен ғасырларға кетіп қалады, сол жақта өзінің ғылыми ізденістерінің арқасында бәрін жеңіп, ақыр аяғы әлемдік деңгейдегі жеңімпаз атанады. Түпкі идеясы – орыстар керемет дегенге келіп тіреледі. Былай қарасаң түкке тұрғысыз. Бірақ осыны оқыған адам басқаша идеяда болады. Соңғы рет қазақтың фантастика жанрындағы кітабын қашан оқыдыңыз? Мен білетін Жанат Елшібек ағалар сол үлкен буынмен бірге қалып қойды. Фантастиканың маңызы адамның бойына болмашы нәрселерді сіңірмейді, керісінеше адамзатты ғылыми прогресске итермелейді. – Десе де, Сіз өзіңіз жастардың қандай фантастика оқығанын қалар едіңіз? – Мен фантастикадан түрлі мәселелерді күтер едім. Мысалы, қуаңшылық мәселесі – үлкен проблема ғой. Елестетсеңіз, жаппай қуаңшылық заманында қазақтың болмысы қандай болады. Ертең адам дамуына қажетті пайдалы қазбалар таусылады. Сонда ұлтты, адамзатты қалай сақтау керек. – Оның да ауылы алыс емес негізі… – Иә, мұнай 30 жылда, темір-терсек 40 жылда таусылады. Одан кейін адамзат қайта тағы жағдайына түсе ме, әлде басқа бірдеңе ойлап таба ма? Үкімет боп, қоғам болып «инновациялық балалар» керек деп жатырмыз ғой. Ондай балалардың бәрі аспаннан түспейді, төл әдебиеттен сусындап қана жетіледі. Сондықтан да мен айтар едім, қазақ халқының басында тұрған шикізат мәселелерінің шешемін теңіз суын тұщы қылатын, ауадан су шығаратын маман боламын деген идеялары бар балалар таба алады.  Ол неден туындайды? Ол әдебиеттен туындайды. Ал әдебиет бұл – мектептен ғана алынатын білім емес.  Әдебиет бәрін қамтып жатыр, әдебиет – кино, театр, қала берді аудиоклип. – Осы ұсыныстарыңызды мемлекеттік органдарға жеткізіп көрдіңіз бе? – Өкінішке қарай, екі анық қағидат бар. Ұнасын, ұнамасын әдебиет саласында күшті мемлекетке арқа сүйеуге мәжбүрміз. Біздің нарықты алып қарасақ та, жалпы нарық тұрғысынан үлкен емес. Ең болмағанда 50 млн болғанда мемлекетке «нарықтың өзі реттейді» деп қол сілтеп қоя салуға болар еді. Заман ағымына қарай балалар әдебиетіне бәсеке болатын салалар көбейді қазір. Біз бала кезімізде «Рүстем дастандарын» суретсіз-ақ оқи беретінбіз. Қазір телеарналар да әдебиетке бәсеке болады. Біздің заманымызда 6-7 арна ғана бар болатын мультфильм көрсететін, соны көру үшін газеттен апталық телебағдарламаны оқып алып, уақытын күтіп жүретінбіз. Ал қазір бәрі басқаша. Телеарналармен бәсекеге түсу үшін балаларға арналған кітаптың суретпен безендірілуі де керемет болуы тиіс. Бұрын бір ақын я жазушы жеткілікті болса, қазір шығармашылық топ керек. Адамды баурайтын үлкен суретшілер легі керек. Оны көркемдеп жасайтын дизайнер бар. Кем дегенде трио, квартет болып жұмыс жасауы керек. Осы сияқты өзінен өзі туындайтын көптеген дүние бар. – Жаппай кітап оқу идеясын насихаттау да кемшін соғып жатыр деп айта аламыз ба? – Айта аламын. БАҚ-та, телеарналарда кітап оқуды насихаттайтын дүниелер жоқ қазір. Кей кезде мемлекеттік мәжбүрлеуші күші керек-ақ. Мүмкін шығармашылық иелерін ынталандыру, қолпаштау керек болар. Мәселен, кітапхана қоғамдық белсенділіктің қайнар көзіне айналуы керек. Сөйте-сөйте оған келетіндердің саны көбейеді. Мегаға күніне 60 мың адам келеді. Көпшілігі – қазақ жастары. Олар музейге бармаса, бәлкім музей солардың артынан өзі жүгіруі керек шығар. Неге көпшілік баратын сондай ойын сауық орталықтарында шағын көрме ашпасқа? Көрген жастар қызығады емес пе, бұған? Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да дәл осы мәселеге назар аударылып отыр. Яғни, бүгінгі жаңғырудың өзегі – сананы өзгерту. Ондай өзгеріс балалар әдебиетімен келеді.   – Әңгімеңізге рахмет.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/innovaciyalyk-balalardy-zhetildiru-ushin-adebietti-damytu-kerek-aydos-sarym_a3050924

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған