Исламдағы махаббат

Ислам – бұл өмірдің мәні. Ал -өмірді махаббатсыз елестету қиын. Ислам барлық тақырыпты қамтыған Хақ тағаладан келген асыл дін. Барлық тақырыптарды қамтыған бұл дінде, әрине махаббатқа да орын бар.

Аллаға деген махаббат

Махаббаттың ең жоғарғы дәрежесі – Жаратушы Аллаға және Оның соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) деген махаббат. Алла тағала қасиетті Құранда былай деген: «Әй мүміндер! Сендерден кім дінінен шықса, Алла Тағала жедел бір қауым әкеледі; Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді. Мүміндерге қарсы жұмсақ, кәпірлерге қарсы қатал, Алла жолында соғысады. Сөгіс берушілердің сөгісінен олар қорықпайды. Осы – Алланың қалағанына беретін ілтипаты. Өйткені, Алла – өте кең, аса білуші». (Мәида сүресі, 54-аят) Адамдардың кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де оларды Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер, Алланы тағы артық сүйеді. Егер залымдар азапты көрсе, бүкіл қуаттың Аллаға тән екенін, шын мәнінде Алланың қатты азап иесі екенін білсе еді. (Бақара сүресі, 165-аят)

Аллаға деген махаббат – махаббаттың ең биік шыңы, сезімдердің ең асылы. Бұл махаббат біз үшін өте қажет әрі міндет болып саналады. Махаббатымызды ең бірінші Аллаға арнауымыз қажет. Және оны барлық нәрседен артық жақсы көруіміз қажет. Оны төмендегі хадистен оқып білуге болады: «Әнәстан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.): «Кімде кімнің жүрегінде мына үш нәрсе болса, сол адам иман тәттілігін сезеді:

1. Алла мен Оның елшісін барлық нәрседен артық жақсы көрсе;

2. Бір адамды жақсы көрсе, онысы тек Алла үшін болса, жек көрсе де, онысы тек қана Алла үшін болса;

3. Иманды болып жүріп, қайта күпірлікке түсіп кетуден тозақ отына кірердей қатты қорықса. (Бұхари, Муслим, Тирмизи, Нәсәи риуаят еткен)

Тура жолда жүріп, Алланың ризашылығына бөленемін деген әрбір мұсылман алдымен Аллаға деген махаббатына адал болуы керек.

Алла Тағалаға махаббатымызды қалай арнаймыз? Бізді жоқтан бар қылып жаратқан Раббымызға деген махаббатымыз қандай болуы керек? Ислам ғұламаларының осы сұрақ төңірегінде айтқан пікірлері әртүрлі болғанымен, мағынасы бір. Алла жақсы көрген нәрсені жақсы көріп, жаман көрген нәрсені жаман көру. Оның әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу. Сонымен қатар, оның сүйіктім деп атаған ең соңғы елшісінің соңынан еріп, сүннетін берік ұстанып, Хақ Тағаладан бізге әкелген дініне бекем болу.

Тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе және кім Алла разылығы үшін берсе, тыйым салса, иманы толық болады», – деген.(Әбу Дәуід риуаят еткен)

Аллаға махаббатымызды арттыру үшін ең алдымен Алланы тануымыз қажет. Алланы танымаған адам қалайша жақсы көруі мүмкін? Әмірді орындау үшін Әміршіні танымаған адам бұйрыққа бағынбайтыны белгілі, әрине. Ұлы ғұлама Хасан Басри (р.а.) бір сөзінде: «Раббысын білген Оны жақсы көреді», – деген екен. Сондықтан алдымен Алланы тануға ұмтылуымыз қажет.

Дін бауырыңа деген махаббат

Махаббаттың тағы бірі – дін бауырыңа, яғни мұсылман бауырыңа болған махаббат. Әрине, бұл да – Құдіретті Жаратушымыздың пенделеріне деген рақымдылығының белгісі. Себебі, Ол мұсылмандарды бір-біріне бауыр қылып, араларына сүйіспеншілік орнатып, оларға бір-біріне деген махаббат сезімін сыйлады. Алла Тағала бұл жөнінде Қасиетті Құранда былай дейді: «Және Ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана». (Әнфәл сүресі, 63-аят)

Мұсылмандардың бір-біріне болған бауырластығын сонау сахабалардың дәуірінен көруге болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинада тығыз байланыстың орнауы үшін, көшіп келген мұхажирлер мен оларды үйлеріне қонақ еткен ансарларды бір-біріне бауыр етті. Хазіреті Әли (р.а.) ең соңында қалған кезде ұмытылдым деп ойлап, «Я, Расулалла! Мені ұмытып кеттіңіз бе?»– дейді. Әлемдердің мырзасы – Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Сен дүниеде және ақыретте менің бауырымсың», – деп жауап берді.

Алла Тағала Құранда: «Мүминдер бір-біріне бауыр» деді (Хужурат сүресі,10 аят). Нұғман ибн Баширден (р.а.) жеткен хадисте: Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген.

Мұсылмандардың бір-біріне деген махаббаты, сүйіспеншілігі мен сыйластығы – Ұлы Жаратушының пенделеріне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Алланы мойындап иман келтірген әрбір адамды Алла діні бір бауырлар деп, ал дін бауырларды туған бауырынан артық қылды.

Ата-анаға махаббат

Ата-анаға деген махаббат та Ұлы Жаратушының мейірімінің көрінісі. Жарық дүнеге келуімізге сол екі жанды себепші қылды. Және бізді оларға құрмет көрсетуге бұйырып, қарсы шығып, көңілдерін ауыртуға тыйым салды. Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік қылуларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. * Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Олардың кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға рахым ет» деп айт» , – деп бұйырды (Исра сүресі, 23, 24 аяттар).

Ата-ана – өз баласын барлық нәрседен артық жақсы көріп, ештеңені аямай өзі аш жүрсе де «перзентім тоқ болсын» дейтін жалғыз жандар. Балаларына деген ыстық ықыласты мейірім мен махаббат – олардың жүректерінде, тұла бойларында, жандары мен тәндерінде біте қайнасып қалыптасқан сүйексіңді қасиеттер. Сондықтан да олардың балаларын өсіру жолында талай тауқыметтерге разылық танытып, сол қиын күндер мен сол мазасыз түндерді бақытты сәттеріне балап жатса оған таңдануға болмайды.

Хадиске назар салайық: «Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Маған қасында екі қызы бар бір әйел садақа сұрап келді. Мен оған беретін бір түйір құрмадан басқа ештеңе таппадым да, соны ұсындым. Ол оны (бір түйір құрманы) алды да, қыздарына бөліп берді. Ал, өзі одан татып та алмады. Сосын ол орнынан тұрып, қыздарын ертіп шығып кетті. Аздан кейін Алланың елшісі (с.а.у.) кірді. Мен оған әйелдің оқиғасын айттым. Сонда Алланың елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім осындай қыздармен сынаққа ұшырап, оларға жақсы қараса, олар оған тозақтан перде болады», – деді».

Ата-ананың перзентіне деген махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар, сірә. Ал, кейбір перзенттер ата-ана мейірімін ұмытып, олардан теріс айналып кетеді немесе қартайған шағында қараусыз қалдырады. Алла елшісінің (с.а.у.): «Әке-шешесі қолында қартайып, жаннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті », – деген сөзі біз ата-анамыздың ризашылығын алмағанша Жәннатқа кіре алмайтынымыздың айқын дәлелі. Қазақтың «Әке-шешең жынды болса байлып бақ!» деген сөзіде текке айтылмағаны анық…

Алла Тағала көптеген аяттарда өзіне бойынсұнудан кейін ата-анаға құрмет көрсетуге бұйырады. Сондықтан Ислам дінінде ата-анаға деген махаббат маңызды орын алады.

Отанға деген махаббат

Дін мен Отан. Екеуі де өте қастерлі де қасиетті ұғымдар. Отансыз адам бақыттың не екенін білмейді. «Отанды сүю иманнан» деген сөз бар. Иә, әрине! Иманды адам ғана өз отанын сүйіп, қастерлеп мақтан тұта алады. Ал, имансыз адам отанның қадірін қайдан білсін…

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мекке мүшіріктерінен қорлық көріп өз туған елін тастап кетуге қимай амалсыз: «Неткен ғажап өлке едің! Сенен асқан ардақты мекен маған жоқ. Ел-жұртым сенен мені шығармаса, сені тастап басқа жерге кетпес ем», – деген екен.

Әр мұсылман өз ел-жұртын мақтан тұтып, қадіріне жетіп өз отанын жақсы көруі қажет. Отанға деген махаббат – иманымыздың айқын көрінісі.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – деген.

Ер мен әйелдің арасындағы махаббат

Исламдағы тағы бір махаббатың абзалы – ер мен әйелдің арасындағы махаббат. Жаратушы Алла Тағала адам баласын екі жынысқа бөліп ер және әйелі етіп жаратты. Ер мен әйелдің арасындағы махаббаттың көрінісін Адам ата мен Хауа анамыздың махаббаттарынан бастау алғанын көруге болады. Әрине, Исламда ер мен әйелдің махаббаты бар. Оны ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірінен көріп үлгі алуға болады.

Дәулетті де сымбатты Мекке әйелдерінің ішіндегі ең беделді Хадиша анамыз (р.а.) 45 жасында Мекке халқы Мухаммадул Әмин атап кеткен Ардақты Пайғамбарымызбен (с.а.у.) некелеседі. Ол кезде Пайғамбармыздың (с.а.у.) жасы 25-те болатын. Олардың Қасым, Зейнеп, Руқия, Үммүгүлсім, Фатима және Абдуллаһ деген алты перзенті болды. Қасым мен Абдуллаһ кішкентай кезінде Меккеде қайтыс болды.

Пайғамбарымызға (с.а.у.) алғаш уахи келіп, Пайғамбарлық міндет жүктелгенде де ең алғаш болып қолдау көрсеткен Хадиша анамыз (р.а.) еді.

Исламдағы ер мен әйелдің бір-біріне деген махаббаты да маңызды болып табылады. Себебі, Алла Тағала ақырет күні олардың бір-біріне деген қарым-қатынасы қалай болғанын есепке тартады. Әрбір ер өзінің сүйікті жарын аманат деп біліп махаббат қоя білуі, ал әр әйел күйеуін «Жәннатым» деп біліп махаббатын арнауы керек.

Иә, Исламдағы махаббаттар бұнымен шектелмейді, әрине. Ұлы Жаратушының махаббаты шексіз. Ал біз соны санаулысын ғана тілге тиек еттік.

islam.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған