Иткөйлек туралы жазбалар

1.Иткөйлек деп сәбидің қырқынан шығарылғанша киген көйлегін айтады. Сәбидің денесіне батпауы үшін тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігіледі. Кейде иткөйлекті көп жасаған адамның киімінің қалдығынана да тіккен. Етегін, шеттерін бүкпей, кең – мол, үлкен етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеуден туған.

Бала қырқынан шығарылар күні осы уақытқа дейін киген иткөйлегіне түрлі тәтті-дәмділер түйеді де, бір иттің мойнына байлап жібереді. Оны ауыл балалары қуып жетіп, иткөйлекке түйілген тәттілерді бөліп алады да, иткөйлекті иесіне қайта тапсырады. Бұл ғұрып “ит қуу” деп те аталады, мәні сәбидің пәле – жаласын қырық жаны бар хайуан – ит өзімен бірге алып кетеді деп сенген. Балаға иттің жүйрік, ақылы озық, алғыр қасиеттері дариды, сәби күшікше бауырын тез көтеріп, жаны берік, “итжанды” болады деп те ырымдайды. Қазақта “итжанды” деген сөз оның беріктігі мен төзімділігін білдірген.

Иткөйлекті баласы жоқ келіншектер ырым ретінде алатын да дәстүр бар. Көйлекті берген кезде ырымдап, бір шетінен кішкене кесіп алады. Иткөйлекті қазақ халқы қастерлейді. Кейбір ауыл оны сақтап қойып, келесі балаларына да кигізеді. Ертеде де дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар, жауынгерлер, сапарға шыққан адамдар баланың иткөйлегін сақтап, өзімен бірге алып жүрсе, пәле – жаладан сақтап, жолаушының жолын ашады, баланың періштесі қағып, аман – есен сапардан алып келеді деп сенген.

Иткөйлек атының шығуы оның иттің мойнына байлағанында емес, халық итті “жеті қазынаның” бірі деп бағалауында жатыр. Сонымен бірге “баламыз көп болсын” деп, “қиындыққа берік болсын” деген ырым бар.

( Уикипедия)

2.Итжейде немесе иткөйлек кидіру дәстүрі. Халықтық дәстүрді сақтау бабадан келе жатқан мұрағат. Оның қасиеті мен ерекшелігін сол дәстүрді пайдалана отырып, сол ғұрыппен сусындап, тыныстап жүрген жұрт жақсы біледі. Әр халықтың өзіне тән атадан келе жатқан тарихи құндылықтары мен дәстүрлері болады. Соның ішінде, қазақ халқының «итжейде» немесе «иткөйлек» кидіру дәстүрі, өзге елдің әдет-ғұрпына қарағанда еректеу.

«Итжейде» – қалпытасқан дәстүр бойынша, нәрестенің кіндігін кескен кіндік шеше немесе кіндік әке атанған адам, уақытын кешіктірмей жұмсақ кездемеден етек-жеңін кең етіп, көйлек (жейде) тігіп, тігісін бүкпей сыртына қаратып, кіндік баласына алып келіп кигізетін болған. Осы дәстүрге бағынып, оны сый ретінде көріп отырған баланың отбасы кіндік әке мен шешеге ат мінгізіп, шапан жауып, дастархан жаяды. Разылығын білдірген кіндік әке-шешесі, қалжаға сойылған малдың терісі мен төстігін қанағат тұтатып, жаңа босанған ананың қасында, қол-аяғын бауырына алғанша көмектесіп, міндеттерін атқаратын болған.

«Итжейде» атауының өзі халық арасында кеңінен таралғанымен, ол жайында нақты мәлімет жоқ. Кей деректерге сүйенсек, өте ерте заманда аңыз бен шынайы салт-дәстүр қатар дамып, өрбіп отырған деген пікір бар. Түркі тектес халықтарында алғашқы адамның денесі топырақтан жаралғаны туралы әлем халықтарымен үндес сюжет кездеседі. Оларға аңыздың желісі бойынша Құдай адам кескінін балшықтан жасап, оны итке күзеттірген. Осы сәтті пайдаланған шайтан, адамның кескінін саусақтарымен нұқып кетіп, оны былғап қойған, содан кейін адам өмірінің соңына дейінгі күндері бейнетке толы болған деген сынды сарындары ортақ. Адам жалаңаш қалып, ит тонға ие болғаны туралы осы аңыз алтай, бурят, саха, эвенкі, мари сияқты халықтарға да тараған. Осыдан кейін нәресте өмірге келгенде жасалатын «ит жейде» салтының арғы тегі осы түсініктен бастау алады деген түйін жасауға болады. Бүгінде жаңа туған сәбиге ол бір жасқа толғанша міндетті түрде «ит жейде кигізеді». «Ит көйлек» түрлі бәле-жаладан, шайтанның былғауынан қорғайды деген сенім бар.

Қазақ халқының көмескі тартып кеткен дәстүрлерінің атауы мен оның қолдану жағы, мазмұндық сипаты мен мәні бүгінде көп ашылып жазыла бермейді әрі қолданысқа да түспейді. Нарықтық заманның талабына сай бәрі жаһанданып, дәстүрдің керек еткен қасиеттері жоғалып бара жатыр.

Өз ұлтымыздың құндылығын қорғап қалу өзіміздің қолымызда.

(el.kz сайтынан)

3.Балаға ит көйлек кидіру дәстүрі қайдан шыққан

Қалжа беру Шиш пайғамбар дүниеге келгенде Адам ата мен Хауа ана қатты қуанады. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Себебі, ақырдың абзал пайғамбары Мұхамбеттің нұры Шиш пайғамбардың беліне көшкен еді. Жебірейіл періште Адамға келіп:

– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.

Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деп те айтылды.

Балаға ит көйлек кигізуДүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп атаған. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз бар.
Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты.
Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

– Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.
Алла Тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты.
Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен.

Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты. Ит көйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды.

Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Баласы жоқ әйелдерге ит көйлекті ырым етіп береді.

(«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабынан)

«Сенен бұрын ит көйлек тоздырғанмын» деген фразеологизмді біз – «сенен үлкендігім бар» деген мағынада түсінеміз. Ол да дұрыс. Ал анығында, онда  мен сенен бұрын адам болғанмын деген мағына жатыр.  Оның мәнісін ұғыну үшін қазақтың  «Қырқынан шығару және қырқын беру»  түсініктеріне мән беру керек. Шынында да қазақ неге жаңа туға сәбиге «не тауыпты» деген сұрақ қояды.  «Кімді туыпты»,- деген сауал тілге бір жатпай, қате сияқты көрінеді де тұрады ғой. Иә, әзірше қате секілді көрінер, бірақ орыстанып һәм батыстанып бара жатқан сана енді бір бес жылдан соң, перзентті болғандарға «кім туылды»,-деген сауалшаны оп-оңай қоя беретін болар. Әзірге таным әлемінде шала-жансар күй кешсе де, әйтеуір арғы жақта кім деп емес, не деп айтқымыз келіп тұратын құндақтағылардың сырына үңіліп көрейік. Серікбол Қондыбай баланы қырқынан шығару мен қайтқан кісінің қырқын беру туралы мынандай тұжырым жасайды:

«Осы екі ғұрыптық түсіктің идеясы ортақ.  Бұл жерде біз екі дүниенің арасын ажыратып тұрған әлдебір шекараны көріп отырмыз. Адам баласы туғанда осы шекарадан бері қарай өтеді; ол өзінің о дүниелік киімін (ит көйлегін) шешеді. ( яғни, о дүниенің күзетшісі болған итке береді, «ит жанын» қалдырады, ит кейпінен адам кейпіне ауысады), оның орнына бұ дүниенің киімін  (ада киімін) киеді.

Өлгенде осы процесс кері бағытта жүреді: өлген адам бұ дүниелік киімін шешіп, оның орнына о  дүниелік (кебін, ол да –ит көйлек) киімін киіп, әлгі шекарадан кері қарай өтеді, итке айналады. Қазақ келтірімі бойынша, дүниеге келген бала 40 күндік уақыт өткенге дейін «әлі тумаған» болып есептелінеді; яғни ол –әлі тумаған, ол- өлі, тек 40 күн өтіп, 41- күн болғанда ғана ол « ресми түрде» дүниеге келеді. Осы уақыт ішінде нәрестені бөгде адамдарға көрсетпейді. Қырқынан шыққан соң ғана, арнайы жоралғы  өткізіп, баланы  «өлілер дүниесінің қақпасын күзететін итке сыйлық беріп, бұ дүниеге шығырып алады. (Немесе, қырқынан шықпаған нәресте «ит кейіпті» деп есептеледі.40 күн өткен соң, оның «ит көйлегін шешеді» «ит кейпін» адам кейпіне ауыстырады,)».

Мифология ғылымында түркілік танымдағы  ит культі арнайы зерттеуді күтіп жатыр. Тіпті қасқыр тотемінің түпкі төркіні де осы ит культіне барып тіреледі деген  болжам да бар. Жас нәресте жаңа туғанда ит кейіпте болады деген танымды арқау етсек, қазақ адамға ғана «кім» деген сұрақ қоятынын  ескергеніміз абзал. Ал біз, түп-танымымыздан ажырап, перзентті болғанымызды жарты әлемге жар салып, көлігімізге жазып алуды жаңа салтқа айналдырып барамыз. Бұрынғы ғұрыптық кешендерден әбден арылып болған соң, тамырсыз ұлтқа айналып шыға келеміз. Құдды бір бұтағын үзіп алып, бір апта суға салып, содан соң  терезеге егіп қоятын көшет секілді майдаланып кеттік. Рас, біз терең тамырымызды, далалық болмысымызды тәрк етіп, терезеден ғана телміріп тұратын үй өсімдігіне ұқсап барамыз. Бұрын үй өсімдігін аяушы едім. Ол байқұста тұрақты топырақ та жоқ деп ойлайтынмын. Жер туралы көтерілген мәселе-  маған да  (дұрысы қазаққа да ) біреуді аятып қаратып қойған  болар.

Айнұр Төлеу «Алауинформ»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған