«КАРНЕГИ-ХОЛЛДА» ҚАЗАҚ КВАРТЕТІ КОНЦЕРТ БЕРМЕК

Карнеги-холл!… Иә, сіз дұрыс оқып отырсыз… Өнер десе ішкен асын ысырап ететін, әсіресе, классикалық музыкаға ерекше назар аударатын жандардың әйгілі «Карнеги-холлды» білмеуі мүмкін емес. Десе де, атақты сахнада өнер көрсетіп жүрген американдықтардың бір кездері өзіміздің Конгресс-холлда симфониялық әуенге көңілімізді елітіп әкеткені есімізде болар.

carnegie-hall-stern-auditorium-c-jeff-goldberg-esto

        Сонымен, атынан ат үркитін Карнеги-холл туралы аз да болса мәлімет іздеп көрдік. Білетінімізден білмейтініміз көп екен. Әлемдік деңгейдегі айтулы шығармалар мен көбіне премьералар қойылатын Карнеги сахнасының тарихы тереңде жатыр. АҚШ-тың 23-ші Президенті Бенджамин Гаррисонның кезінде құрылысы басталып әрі сол жылы (1891 жылдың 4-сәуірі) пайдалануға берілген өнер ошағының үш залына бір мезетте барлығы 2804 көрермен еркін сыяды. Жобасын сызып, жоспарын бекіткен архитектор – Уильям Татхилл. Сексен төрт жасында о дүниелік болған сәулетшінің еңбектеріне үңілер болсақ, қолының көбіне мәдени орындар, цирк ареналары, концерттік залдарға жүргенін байқау қиын емес. Ал, оның атын тарихта алтын әріптермен қалдырған «Карнеги-холы» жеті жылға дейін «Музыка залы» деп аталған. Алып нысанға тек 1898 жылы оны салуға бар қаржысын жұмсаған Шотландияда туып, АҚШ-та тіршілік кешкен мультимиллионер, меценат Эндрю Карнеги есімі берілген. ХХ ғасыр басталар шақта Нью-Йорктің қақ ортасынан ойып тұрып орын алған Карнеги-холл көп ұзамай АҚШ-тың тарихи нысандарының қатарына және мемлекет қорғауындағы ғимараттар тізіміне кіреді. Тағы бір айта кететіні, әйгілі концерт залы тоқсан жыл, нақтырақ айтқанда 1893 жылы алғаш рет күрделі жөндеуден өтсе, 2003 жылы екінші рет жаңғыртылған.

     Әңгімеміздің басында Карнеги сахнасында жаһандық деңгейдегі туындылардың премьералары өтіп тұрады деген болатынбыз. Ең алғаш 1893 жылдың 16 желтоқсанында чех композиторы Антонин Дворжактың 9-шы симфониясының тұсауы кесілсе, дүние дүрлігіп тұрған екінші мыңжылдықтың алғашқы отыз жылында атақты Рихард Штраус пен Сергей Рахманинов шығармалары әлемді аузына қаратқан еді. Міне, сол аузын айға білеген АҚШ-тың даңқты сахнасында өнер көрсетуге қазақтың дарынды музыканттарының да кезегі келген сияқты. Елорда әкімдігінің қолдауымен Американың бірнеше штатына концерттік турмен сапарға дайындалып жатқан Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетіне ақ жол тілеп, мұхиттың ар жағында өнер көрсетуге бекініп отырған өнер ордасының басшысы Сәкен Сейтқалиұлы және аталмыш квартеттің көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевпен тілдескен болатынбыз.

Сәкен Сейтқалиұлы: Мойнымыздағы ауыр жүктің салмағын сезініп жүрміз

     Әдетте сапарға дайындалатын адам құжаттарынан басқа керек-жарақтарын чемоданына жинап жататыны айдан анық. Ал, өнер адамдарының жөні мүлдем бөлек. Оның үстіне Америка Құрама Штатының Карнеги-Холл сахнасында өнер көрсетуге дайындалып жатқан адамның жағдайын өзіңіз бағамдай беріңіз. Қазақ елінің үкілеген үмітін арқалап жүрген Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпаздары бүгінде соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Қарбаласқан сәтте аздаған минут болса да уақыт тауып, бетімізден қақпай, сапар алдындағы көңіл-күйімен бөліскен азаматтарға алғысымызды білдіре кетсек артық болмас. Алғашқы болып  әңгімелескен аталмыш филармонияның директоры Сәкен Сейтқалиұлы былай дейді:

-ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай концерттер ұйымдастырудан қалыс қалып жатқан жоқпыз. Соның бір дәлелі ретінде таяу

????????????????????????????????????

күндері АҚШ-тың бірнеше штатында және атақты Карнеги сахнасында қоятын концертімізді атауға болады. Бұған дейін қателеспесем, екі-үш жыл бұрын Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартетін тәжірибе алмасып әрі шығармашылық байланыстарын нығайтсын деген мақсатпен Америкаға жібердік. Міне, бұның да оң нәтижесіне көп ұзамай қол жеткіздік. Мысалы, былтыр олардың дирижері мен композиторы келіп біздің симфониялық оркестрмен бірігіп, Конгресс-холда тамаша концерт берсе, биыл жауап ретінде  мұхиттың арғы бетіне біз барғалы отырмыз. Құдайға шүкір, егемендігіміздің 25 жылдық айтулы мерекесі қарсаңында Американың дүниежүзіне әйгілі Карнеги-Холл сахнасында біздің өнерпаздарымыз концерт беруге мүмкіндік алып отыр. Өзің білетіндей ұжымымыз үлкен дайындық үстінде. Фестиваль немесе байқау сынды сайыс болмаса да шетелде өнер көрсететіндіктен ол жаққа тас-түйін дайын болып бару басты міндетіміз. Өйткені, мойнымызға артылған жүк ауыр. Сондықтан, оған өнерпаздарымыз бей-жай қарамайды әрі амандық болса елдің сенімін, үмітін Америка төрінде ақтап қайтамыз деген ойымыз бар.    

Ернар Мыңтаев: АМЕРИКА ХАЛҚЫ КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКАНЫ ЖҮРЕКПЕН ҚАБЫЛДАЙДЫ

-Ернар Әзімқұлұлы, әңгімемізді оқырмандарды концерттық тур бағдарламасымен қысқаша таныстырудан бастасақ…

-Концерттік турымыз АҚШ-тың Албани қаласынан басталады. Қарашаның 10-ы күні сол қаланың музыка %d0%b5%d1%80%d0%bd%d0%b0%d1%80-%d0%bc%d1%8b%d0%bd%d1%82%d0%b0%d0%b5%d0%b2университетінде студенттермен кездесу жоспарланып отыр. Сондай-ақ,  осы өңірдің симфониялық оркестрі мен біздің танымал пианиношымыз Хадиша Оңалбаева атақты Клэр Хиллард Фокстың дирижерлігімен Артық Тоқсанбаевтың «Фортепиано мен оркестрға арналған рапсодиясының» премьерасын ұсынады. Біз де олармен бірге камералық оркестрға арналған шығармаларды орындаймыз. 15 қарашада Джорджия штатының Америкус қаласында екі бөлімді камералық музыка концерті жоспарланған. Одан кейін 18 қараша күні Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі және еліміздің БҰҰ-дағы өкілі Қайрат Әбдірахмановтың ұйымдастыруымен Нью-Йорк қаласында дипломаттарға арналған симфониялық кешіміз өтеді. Ал, 21 қараша күні негізгі концертімізді Карнеги сахнасында көрермен назарына ұсынамыз.

-Еуропа сахналарында еркін көсілген сіздерге Американың концерт залдары таңсық емес болар?

Бұдан екі жыл бұрын АҚШ-қа табанымыз тигені рас. Оңтүстік аймағындағы Алабама, Миссисипи, Флорида және осы тағы барғалы жатқан Джордия штаттарына үлкен концерттік турымыз болған. Алып мемлекетте симфониялық шығармаларды орындау, ол жақтағы мықты мамандармен тәжірибе алмасу маңдайымызға бұйырған екен. Биыл да бұйырса сол жаққа тағы жолымыз түсіп отыр.

-Осы орайда заңды сұрақ. Сол концерттеріңізде Еуропа тыңдармандарының ықыласын жаттап алған квартетіңізге американдық көреременнің қошеметі қандай болды?

kadisha-and-string-quarted-carnegie-poster-v3-1Иә, классикалық музыканың, симфонияның отаны Еуропа десек те, америкалықтардың да өзіндік соқпағы бар. Олардың да көрермендері аз деп айта алмаймын. Бір байқағаным, оларда мектеп жасынан классикалық музыкамен тәрбиелеу қолға алынған екен. Яғни, санасы енді-енді қоғамға бейімделіп жатқан балаға классикалық әуендерді үздіксіз насихаттауға олар қатты көңіл бөлген. Мектеп оқушылары да, универститет студенттері де концерт көрермендерінің қатарын толықтырып отырады. Біздің де өнерімізге қол соғып, ілтипатын білдірді. Тіпті, америкалық көрермендер, тыңдармандар эмоцияларын жасыра алмайды екен. Басқаша айтқанда, композицияларымызды құлағымен тыңдап, жүрегімен қабылдайды. Ықыластары ерекше, өте керемет десем де артық айтпймын. Концерттен кейін кетіп қалмай, бізді күтіп, автограф алып, дискілерімізді сұрап жатты. Мұның бәрі насихаттың күштілігінен деп ойлаймын. Баспасөзінде де, радио-телевидениесінде де классикалық музыканың жарнамасы басқалардан бір мысқал да кем емес. Мәселен, алыстан ат терлетіп келген бізді журналистеріне дейін құшақ жая қарсы алды. Газетінің, радиосы мен телеарналарының да журналистері келіп бізбен сұхбаттасты.

%d0%ba7

-Бұл жолғы сапарларыңыз ерекше болғалы тұр. Музыкант көп болса да, екінің бірі есігінен сығалап та көрмеген Карнеги-Холлда концерт бергелі жатырсыздар. Ұжымыңыздың дайындығы қалай?

Дұрыс айтасың. Алла бұйырса, бұл сапарымыз бұрынғыдан өзгерек болайын деп тұр. Дайындық жағын өзің жақсы білесің, мұрнымыздан шаншылып жүрміз. Шындығында, дүниежүзінің іргелі музыканттарының ғана концерттері өтетін Карнеги-Холлда өнер көрсету көрінгеннің маңдайына бұйыра қоймаған. Ұнаса ішкі эмоциясымен бөлісіп, ағынан жарыла қоятын Америка тыңдармандарын жақсы білемін. Бұл жолы да Карнеги көрермендері өнерімізді жақсы қабылдайды деп сенемін.

-Сұхбатыңызға көп рахмет! Сапарларыңыз сәтті болып, Америка төрінде ел абыройын асқақтатып қайтуларыңызға тілектеспіз.

Анықтама: Ернар Мыңтаев жетекшілік ететін Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті – Қазақстандағы жалғыз кәсіпқой квартет. Виолончельші Е.Мыңтаевтан бөлек квартетте Айдар Тоқталиев (бірінші скрипка), Алексей Лебедев (екінші скрипка) және Бекзат Сайлаубайұлы (альт) өнер көрсетеді. Музыканттар квартеттік жанрдың үздік шеберлері аты аңызға айналған Бородин квартетінің жетекшісі профессор В.Берлинскийден, «Хаген» Еуропаның топ-квартетіне қатысушы профессор Р. Шмидттен білім алған. Олар шығармашылық жетістіктері үшін Мәскеу (Ресей), Бордо (Франция), Осака (Жапония) және т.б. халықаралық конкурстарда көптеген сыйлықтарға қол жеткізген, сондай-ақ, «Үздік квартет» сыйлығының иегері, Гран-приді Испания патшайымы София табыстады.

20140224_130851
Испания патшайымы Софияның Гран-При табыстау сәті

Барлығы да – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, Швейцария мен Испанияда білім алған.

%d0%ba10

ТҮЙІН: Назарларыңызға ұсынған Ернар Мыңтаевпен сұхбатымызда ол Америка халқының классикалық музыканы жүрегімен қабылдайтынын айта келіп, насихаттың да жаман еместігін, керісінше, жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті. Көпшілік ішіндегі опера мен балетке, симфониялық оркестрлердің концертіне элиталар келеді деген пікірге түбегейлі қарсы екенін бұған дейінгі сұхбатында ашып айтқан виолончельші қазақ көрермендерінің де классикаға көңіл бөлуін қалайды. Расында, қоғамды жаулап алған арзан әуен, түсініксіз бидің насихатының жанында Австрияның немесе Италияның классикалық өнерінен бір кемі жоқ бай мұрамызды насихаттаудан қалыс қалып келе жатырмыз. Ал, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жоғары жаққа қарап, қол қусырып отырудың қажеті жоқ. Өйткені, рухани азықтың сананы билеген тұрмыстан ешқашан төмен болмайтынын ескеріп, елейтін кез жетті.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған