Кеденнің кедергісі таусылмай тұр

Ел аузында айтылып жүрген «Кеден, кеден болды. Кедергі неден болды?» деген сөздің мағынасын қазақ шекарасынан ары-бері өтсеңіз, өзіңіз-ақ түсініп аласыз. Мүмкін «айтқыштығыңыз» болса, сізден де бірер ащы сөздер шығып қалуы мүмкін. Сенбесеңіз, кеденнен, соның ішінде Қорғас, Бақты, Майқапшағай бекеттерінен өтіп көріңіз, талай бассыздыққа куә боласыз. «Қорғас — қорлықтың өткеліндей» деді тағы бірде мұңайған қандасымыз. Себебін сұрасаңыз, кеден қызметкерлерінің ерсі қылығынан өзіңіз ұяласыз…

Кеден — мемлекет қақпасы, осы қасиетті қақпаның күзетшілеріне қарап-ақ сырт көз елге баға береді. Осы бекеттегі кейбір қызметкерлердің мұны түсінгісі келмейтініне таңғаласың. Жұрт біздің елдегі аса жиіркенішті деңгейде тамырланып кеткен парақорлық пен сатқындықты да осы кеденнен өтіп бара жатып байқап үлгереді. Қойнықоншыңа тесілген екі аяқты «иісшілдердің» қырағы көздері, «Ата Заңға деген адалдығын таныта отырып» қалтасынан суырып ала беретін қыруар қағидаларын қалай «кәдеге» жарата білетін епшілдіктерін мойындамасқа шараң жоқ. Бұл жерде тұтас кеденшілерді күстәналаудан, оларға жала жабудан аулақпыз. Мемлекет қақпасына деген адалдықтарын сақтап жүрген, қатаң тәртіпті бұлжытпай атқарып, соның нәтижесінде қаншама контрабандалық заттардың жолын кесіп, талай қылмыстың бетін ашып жатқан кеденшілер де бар. Десе де «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, сол асқақ абыройды болмашы дүниеге айырбастай салатын азаматтар да бар. Міне, солардың кесірі қазақ мемлекетінің асқақ беделіне күйе болып жағылып жатады.

2006 жылы шілденің 26-сы күні тұңғыш рет Қазақстанның шығыстағы ірі қақпасы саналатын Қорғас бекеті арқылы ата жұрттың табалдырығынан аттағаным әлі есімде. Қытай жағындағы қақпаға түн ортасы ауа жеттік. horgos-kitay-kazahstan-imort-eksport_1Сонан кейінгі жерде адам қарасы молая бастады. Таңертеңгі 9-да есік ашылғанда, жамыраған қозыдай болып ішке қарай лап қойған жұрттың қарасы кемінде екі мыңдай еді. Байқағаным, жолаушылардың жүктері аса мол екен. Қарапайым жүргіншілер бірер сөмкесін сүйреп келе жатыр. Араларында отбасымен көшіп келе жатқандар да бар. Осылардың қатарында сырты сары скотчпен мықтап оралған топ-топ жәшіктер мен теңдер бөлекше көрінеді. Бұлар саудагерлердің жүктері екен. Осыншама халықтың төлқұжаттарын Қытай кеденшілері бас-аяғы бір жарым сағатта рәсімдеді. Енді келген автобустармен алға кете берейік деп тұрғанымызда «Қазақстан жағы сендер барғанша түскі асқа кетеді, осында күте тұрыңдар», — деді жүргелі тұрған автобус жүргізушісі. Сонымен, аңсаған алтын қақпаға да жеттік-ау бір кезде. Жанымдағы менен 5 жыл бұрын кеткен досым әр нәрселерді айтып сақтандырып келеді. «Жүрісіңе көңіл бөл, аяғың анау бордюрдан асып кетпесін, айыппұл төлейсің, ұялы телефоныңды жақсылап тығып қой, онымен суретке түсірсең, сөйлессең біттің… Телефоныңнан айырылып қана қоймай, айыппұл төлейсің…». Осындай қыруар ескертулермен келіп, қатар түзеп тұра қалдық. Көңіл деген лепіріп тұр. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің әскерін тұңғыш рет көріп, мемлекеттік мекемесінің алдынан өткелі тұрған қазақтың барлығы мен секілді тебіренетін шығар деп қоямын іштей…

Көп өтпей бір әскер бізді жағалай бастады. Қолындағы тілдей қағазын ең алдымен әйел адамдарға таратып шықты. «Әйелдерге арнаулы таратылатын қағаз ба ана таратып жүргені?» — деп күбір еттім артымда тұрған досыма. «Тіркеу қағазы ғой, кейбір солдаттар жігіттерді кішкене қинаңқырап барып береді», — деді ол. Төлқұжатқа таңба басу тым баяу жүргізілетін жұмыс екен. Қызметкерлердің де 3091сыртқа шығуы жиіледі. Кезек бізге таяғанда барып әлгі жігіт тіркеу қағазын қолымызға ұстатып жатып күбір етті. «Сендерге қағаз беріп тұрмын ғой, маған да бірер көкала қағаз беріп кетсеңдерші». Тілдей қағазды бергенше әлденеше рет бөгелді. Біз міз бақпай тұрмыз. Ызаланған кейіппен артына бұрылған әлгі әскер сөмке тексеріп жатқан кеденшілер жаққа кетті. Адамдар уақыт өткен сайын тағатсызданып барады. Себебі күн кешкірген сайын ары қарай жүретін таксилер қымбаттай түседі екен. Мен кеденнен кітап өткізіп бара жатқандығым себепті айыпты болып шыға келдім. Бір ғажабы, кеденшілер бір-бірінің клиенттеріне тиіспейді екен. Мұны осы жолы да, кейін де анық байқадым. Кеденшілер барлық адамның сөмкелерін тексере бермейді. Ашып тексерсе болды, бір кілтипан таппай қоймайды. Оны былай шыққасын айналамыздағы жүргіншілер жарыса айтып отырды. Мұнда жиі тағылатын айыптар «сәлем-сауқатқа алған заттарды да сауда затының қатарына қою», «доллар алып өту», «азық-түлік алып өтіп, карантин тәртібін бұзу» болып кете береді екен. Ал манағы саудагерлер өздерінің бір-бір адамы арқылы «тиын-тебенін төлеп», заттарын өткізіп жатыр. (Бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасуда).

Осы кеденнен өткендегі ең соңғы берешегің «көк тудың көрімдігі» (яғни көк тудың байғазысы) деп әзілге мұрындық болып кеткен «айып түрі». Қазақстан кеденшілерінің алдынан өтіп болғасын, сыртқа шығар ауызда жүргіншілер аялдайтын алаң бар. Осы арадан адамдар автобустарға мініп, Жаркентке бет алады. Осы аралықта «қатерлі өткелден өтіп болған» кейбіреулер, сым темірмен қоршалған дуалдардың ар жағындағы көзге оттай басылып тұратын көк байрақты артқы көрініске алып, ұялы телефондарымен суретке түсіре жөнелетіні бар. Мұны байқаған қызметкерлер «кеден аумағында суретке түсіруге тыйым салынатындығын» көлденең тартып шыға келеді. Қытай жағында болса, бұл тәртіпсіздікке барған адамға ең әуелі ескерту айтады да, телефонын алып, әлгі суретті өшіріп, қолыңа ұстатады екен. Ал біздің жігіттер «телефонды Алматыға жіберіп, тиісті мекемелердің тексеруінен өткізіп болғасын ғана келіп алып кетуіңе болатындығын» сыпайы ғана ескертеді де, әлгіге қарамастан бұрылып кете барады. Ал сосын артынан жүгірмей көріңіз… Осы арадан бастап есте қалатын қатулы қабақтар ел аумағына өткесін көші-қон полициясының әуре-сарсаңымен жалғасады. Сосын қайтадан шығар кезде баяғы кеденге қайта келесіз. Бір кезде алған тіркеу қағазың қанша жерден ұқыптылықпен сақтап келсең де, терезенің арғы жағындағы инспектордың қолына өткенде барып «жоқ екенін» аңғарасың. Сосын амалсыздан соңғы теңгеңді соңғы өткелге қалдырасың да, ілгері жылжисың… Бұл жерде әйелдердің алып бара жатқан алтын-күміс әшекейлері де қатаң қадағаланады. Иісшіл иттің көмегіне жүгіне отырып, өзіңізбен бірге алып бара жатқан шетел валюталары да қатаң тексеріледі. Негізі, әрбір адамның өзімен алып жүруіне рұқсат етілген қаржы көлемі ескертілгеніне қарамастан, жаныңызда жүрген 100 доллар үшін де «түскі асқа немесе темекіге бірдеңе қалдырып» кетпей құтылу қиын.

Жоғарыда аталған Бақты, Майқапшағай, Қалжат шекара бекеттерінде де осындай жайттер үнемі кездесіп жатады. Осы арада түсініксіз әрі адамның ақылына сыймайтын бір әрекеттер көрініс беріп отырады. Яғни 274787біреулер қыруар заттарын тамыр-таныстарына теңгесін төлеп алып бара жатады. Ал екінші адам сөмкесіндегі 4-5 артық байпақ үшін «айып төлейді». Кейбір адамдар арыбері азық-түлік, спиртті ішімдік, ет, көкөніс секілді заттарды еркін тасымалдап жүрсе, екінші біреулер қолындағы жалғыз чемодандарын қуыс-қуысына дейін ақтартып барып әзер өтіп жатады. Мұның барлығы да бірнеше жылдан бері Қазақстан-Қытай арасында ары-бері қатынап жүргендегі көзбен көріп, құлақпен естіп-білгендеріміздің бірер үзігі ғана. Қорытып айтқанда, кеден тәртібінің жалпыға бірдей қатаң атқарылмай жатқандығына жұрттың барлығы наразы. Тағы да бір ыңғайсыз жағдай — шекара түбінен нәпақа тауып жүрген азаматтардың кеден аймағына кіріп, керек десеңіз, сондағы қызметкерлердің қасында қонжиып отыратындығы. Мысалы, мен 2006 жылдары Қорғастан ары-бері өтіп жүргенде такси жүргізушісі болып жүретін бір азамат келер жылы «түкірігі қан татыған сақшыға» айналып шыға келіпті. Ал Бақты бекетінде менің сөмкемді түгін қалдырмай ақтарып, кейбір заттарыма ашық қолқа салған бір жігітті жай киіммен отырған кеден қызметкері екен деппін алғашында. Сөйтсем, Үржармен екі араға жолаушы тасып жүрген адам екен.

Өзіміз куә болып жүрген кеденнен жиі кездесетін кедергілерді жиып айтар болсақ, мынадай болып тізбектеле береді: Ең әуелі төлқұжат рәсімдеуші қызметкерлердің сылбырлығы. Сол аралықта түрлі сылтаулармен кісіні дағдарысқа салып қоюы. Бұған тіркеу қағазына байланысты туындайтын проблемалар, қытай тіліндегі жеке куәлік, туу туралы куәлік, ықтиярхат секілді құжаттардан табылатын «шалалықтарды» айтуға болады. Екіншіден, «заңсыз тауар тасымалдау» төңірегіндегі мәселелер. Яғни, саудагерлердің алып өткен қыруар затына салынбаған салық, жасалмаған кедендік рәсімдеулер екінші біреудің болмашы сәлемдемесіне жасалуы мүмкін. Онан құтылудың жолы — теңгесін төлеу ғана. Ал «қытайларды қағып қалу — міндетті түрде жүргізілетін процесс».

93050170d20ccc84311dff96b32

Біз осы шағын мақалада өзге біреудің жыртысын жыртып, тұтас бір саланың қызметкерлеріне жала жабудан аулақ екенімізді ерекше ескерткіміз келеді. Кеденшілердің осындай жағымсыз әрекеттері қазақ елінің абыройына нұқсан келтіретіні кімді де болсын қынжылтпай қоймас. Сосын бізді кім сыйласын? Қазіргі күнде шетелдердің астамсыған байлары бізге келіп алшаңдап жүретін болды. Алатау ашасына келмейтін талай дөкей, жеріміз бен кенімізді тұтасымен сатып алғысы келіп жүр. Барлығының сенері қолындағы ақшасының құдіреті және соның шетінен жұлмалап қалғысы келіп тұрған сатқындар болып тұр. Олар астамсымай қайтсін? Табалдырықтан бастап көргені мен кездестіргені әлгіндей азаматтар болса! Осылайша біздің шекара бекеттерімізде түрлі бассыздықтар орын алып жатыр. Кеденшілердің барлығы жемқор емес екенін жоғарыда ескертіп өттік. Талай заңсыздыққа тыйым салып, контрабанданың жолын кесіп жүргендер де осы азаматтар. Қазақ елінің қақпасын кеудесімен соғып өткісі келген небір мықтыларды да мысықтай етіп жуасытып жүргендер де осы кеден қызметкерлері екені тағы шындық. Алайда қоғамды жайлап кеткен жемқорлық бұл саланы да айналып өткен емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын әшкереленген атышулы «Қорғас ісі» шекараның екі жағында талайға дейін аңыз болып жүрді. Еліміздің әлеуеті артып, күштік құрылымдар мен атқарушы органдар қызметінің кемелдене түсуіне байланысты күрделі қылмыстар азайып бара жатқандай көрінсе де, «майда адамдардың майда қылықтары» қашан тыйылары белгісіз…

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған