Келешекте қазақстан халқын сәулетті қаласы асырай ма, әлде дархан даласы асырай ма?!

Міне, бұл сұрақ бүгінде ешкімдерді онша алаңдата да қоймайтын сияқты. Дегенмен мұның өте күрделі сұрақ екендігін алға тартқым келеді. Сол үшінде әңгімені тым әріректен толғап көрелік.        1.Еліміз және оның (қысқаша) экономикалық қуаты. Біздің елде шамамен 130 ұлт өкілдерінен құралған 17 202 600 -дей халық тұрады.  Қазақстанның байтақ даласы 5 Франция, немесе 3 Түркияның териториясымен тең. Еліміздің кең байтақ екендігі сондай, мысалы Сингапурда 1 шаршы км-ге 7437 -адамнан келетін болса, бізде бір шаршы км-ге небары 6-ақ адамнан келеді екен. Ал, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі құрлықпен өтетін ең ұзын шекара болып табылады. Оның ұзындығы 7512 км. Қазақстан өзінің алып таулары, жабайы ормандары, ыстық шөлдері, мөлдір көлдері, жылжып аққан өзендері, түрлі жануарлармен өсімдіктері бар кең даласымен бай ел саналады. Сонымен қатар еліміз табиғат қорларымен ең бай мемлекеттердің бірі.  Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы біздің елде бар. Оның 70-інің қоры анықталған болса, солардың бүгінде 60-ы өндіріледі. Еліміз мұнай өндіруден Әлем бойынша 8 орында. Болжам бойынша оның жалпы көлемі 12-17 миллиард тонна. Мұндай көлемімен Қазақстанды потенциалды мұнай державаларының бірі деп санай аламыз. Сондай-ақ, жалпы уранның бестен бір бөлігі де біздің елде, әрі оны өндіруден бірінші  орындамыз. Астық экспортынан еліміз лидерлердің бірі. Біздің ел жылына 40 елге астық экспорттайды. Бүгінде біздің Өнеркәсіптің жетекші салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Қазақстанның мысы, қорғасыны, мырышы және кадмийі сапасының жоғары деңгейде болуына байланысты, әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда экономикалық дамудың негізгі көзі елдің шикізат әлеуетін пайдалану болып табылады. Қазақстанда болашақта ашық кен орындарын игеру есебінен 2015 жылға қарай 150 млн. тонна мұнай және 79 млрд текше м газ мөлшерінде көмірсутегі шикізаты өндіріледі. Еуропа елдері Қазақстан экспорты көлемінің негізгі бөлігін алады. Қазақстан ірі отын-энергетикалық өңір болып табылады. Еуропа елдері арасында Қазақстан экспортын негізгі тұтынушылар Швейцария, Италия, Польша, Германия қатарлы елдер. Еуропа елдеріне экспорт жасау мұнай, ферро-қорытпалар, металлургия өнеркәсібі өнімдерін, бидай сату есебінен артып отыр. Азия өңіріндегі елдерге қазақстандық өнімдерді жеткізу көлемі ұлғайып, негізгі тұтынушылардың бірі қытай өнеркәсібі болып табылады. Міне, осыған қарап біз еліміздің кең жазира далалы, кенге бай, қуатты ел екендігімізді аңғарамыз, әрі мақтан тұтамыз. Еліміз бүгінде Аллаға шүкір ғарыштап дамып келеді. Оған да шүкірлік дейміз.

2.Мал шаруашылығы – қазақ халқының ата кәсібі.

(Әуелгі суреттерге бір назар салып көрелік).

                1   2

(Өздеріңіз көріп отырғандай қазақтың ата-кәсібі кең даламыздың көркі, әрі қайнаған жұмыс ордасы болған).

Қазақ халқының көне заманнан бергі ата кәсібі мал шаруашылығы болғаны баршаға аян.Бұл кәсіп қазан төңкерiсiне дейiн көшпелi мал шаруашылығына негiзделіп келді. Жер көшпелi қауымның ортақ меншiгi болып саналды. Қазақстан Ресейге қосылып мемлекеттiлiгi жойылған кезеңнен бастап, әсiресе 1891 жылдарғы Дала ережесi өмiрге енгiзiлгеннен кейiн, көшпелi шаруашылықтың сипаты өзгердi. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелiлердiң едәуiр бөлiгiн жерсiз қалдырды. Шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Осылайша ХХ ғасырдың басында көшпелi шаруашылықтарды дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кемiп кеттi. Көшпелiлердiң кедейленген бөлiгi отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуiне, патша өкiметiнiң ең шұрайлы жерлердi тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерiн тигiздi. Шын мәнiнде бұл байырғы халықты ата мекендерiнен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейiн патша үкiметi қазақтардан 45 млн. гектардан астам жердi тартып алып, iшкi Ресейден келген жаңа қоныс тебушiлерге алып бердi. Патша үкiметiнiң қоныс аудару саясаты жергiлiктi халықтың экономикалық мүдделерiне аса үлкен нұқсан келтiрдi. Сондай-ақ, қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы, жартылай отырықшы мал шаруашылығына және егiншiлiкке бейiмделмеген қазақ көшпелiлерiнiң табиғи дамуын тежедi. Осыған байланысты Қазақ халқының жерге қоныстануы, оны пайдалану жолындағы күресi нәтижесіз болып аяқталды. Міне, осылайшаотырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшiн қиын үдерiс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгiлi бiр мөлшерде қаржы-қаражат та қажет едi. Ал патша үкiметi қандай да бiр көмек көрсетуден бас тартты. Оның соңы қолдан жасалынған әйгілі ашаршылық зұлматтарына ұласты.

3.Ашаршылық зулматының нақты дерегіне тоқталып көрелік.

 7  9

10  11

 

– Бүгінде сол зұлмат жылдарын зерттеп жүргендер, ашаршылықтың құрбандары жайлы әртүрлі деректерді айтады. нақтысы қайсы?, -деген сұраққа Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Өмірбековтың келтірген дәлелдеріне тоқталып көрейік. Мұрағатта отырмаған тарихшылар ашаршылық жайында нақты деректер жоқ деп жатады, ол-жалған. Мал басы 1930 -жылы 1 -маусымда 39 миллионнан астам болды. Есеп дәлме-дәл жүргізіліп отырды. Себебі, әр жылдың 1 -маусымында мал саны есебі өткізілетін. Осы ретте халық санағы да жүргізілетін. 40 миллионға жуық малдан ашаршылық біткенше 4 миллионға жуығы ғана қалды. Менің қолымда Мәскеудің орталық экономика мұрағатынан алып келген 1931-1937 -жылдар аралығындағы халық саны қанша болғандығы жөніндегі нақпа-нақ деректер де бар. 1930 -жылы 1 -маусымда қазақстанда ауылдың халқы 5 миллион 873 мың болса, оның 4 миллион 800 мыңы қазақтар болған. Мұны отырықшыландыруға байланысты қазақтардың есебін жүргізген деректерден алып отырмыз. Сол кездері 726 мың шаруашылықты отырықшыландырған. Сол 5 миллион 873 мың адамнан 1933 -жылы 2 миллион 493500-і ғана қалған. 3 миллион 379500 адам жоқ болған. Мұныңбір миллионға жуығы-босқындар деген дерек те бар!

4.Қазіргі мал шаруашылығының жағдайы қалай, сын көтере ме?

Кезінде, Қаздауысты Қазыбек би бабамыз:

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.

Елімізден кұт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шеті жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз!….. деген екен. Дана бабамыз айтқандай қазақ халқы ықылым заманнан күні бүгінге дейін, өзінің тұрмыс тіршілігінде бес түлік малынан қол үзбеген халық. Сонау тоқсаныншы жылдардағы асығыстықпен қабылданған жекешелендірудің зардабын, бүгінде ауыл халқы тартып отыр деуге болады. Олай дейтініміз сол жылдардағы 32 миллион басты мал, бүгінде құрдымға кетті деуге негіз бар. Бір кездері одақ қорына 330 мың тонна ет жіберіп отырған Қазақстанның кешегі даңқы, бүгінде келмеске кеткендігін көреміз.

ҚР Қаржы министрлігі Кеден комитетінің есебіне сенетін болсақ, еліміздің шекарасынан өткен еттің бағасы күрт көтеріледі екен. Мәселен, тауық етінің бағасы 25 пайызға қымбаттаса, сиыр етінің құны екі есеге дерлік артады. Ет өнімдері Беларусь, Ресей, Қытай, Аргентина, Австралия, Бразилия және Канададан жеткізіледі. Біраз жылдан бері сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігі саласында Қазақстан өзін бидайдан басқа ешқандай өніммен толықтай қамтамасыз ете алмай келе жатқандығын ескертумен келеді. Мамандардың пікірі бойынша, Қазақстанға шеттен жеткізілетін ет көлемінің жоғары болуы шаруашылық инфрақұрылымын қасақана құрту салдарынан орын алып отыр. Ірі тауарлық шаруашылықтарды сақтай отырып, ұжымшарлар мен кеңшарларды акционерлік қоғамдарға айналдырудың орнына, оларды жеке шаруашылықтар деңгейіне дейін ұсақтаған. Бүгінде өндіріс технологиясы, өнім сапасы жоқ осындай шаруашылықтарда елде бар мал басының 80 пайызы шоғырланған. Осындай «реформалаудың» салдарынан елдегі мал басының саны күрт азайды деп дабыл қағуда. Олай болатыны 1990 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 2014 жылы ірі қараның саны 59 пайызға, қой мен ешкі саны 49 пайызға, құс саны 57 пайызға азайған. Міне, осындай жағдайларға қарап отырып, бүгінде ауылшаруашылығын дамытып жатырмыз, дамып келеді дегенге қалай сенуге болады? Мал басының осыншалықты күрт кемігеніне қарамастан, әрі өз халқымызды ет өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отырып, алдағы бір-екі жылда экспортталатын еттің мөлшерін  60 мың тоннаға жеткіземіз деуімізге жол болсын! Соңғы жылдары ауылшаруашылығын дамытуға ел үкіметінен ауқымды қаржының жұмсалып жатқандығын, әрине жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, сол қаржының көзге көрінерліктей нәтижесі болуы керек қой. Ауылшаруашылығын дамытудағы басты қаржының қомақты бөлігі, шетелден асыл тұқымды мал тасымалдауға жұмсалып жатқаны жасырын емес. Әрі, шетелден әкелінген сол малдың да белгісіз себептермен қырылып жатқаны жайлы халқымыз хабардар! Есесіне сол қаржы отандық мал басын өсіруге жұмсалған болса,  ауылдық елдімекендегі халыққа әлде қайда тиімді болар еді деген ой келеді. Неге?! Соңғы халық санағы бойынша, еліміздегі халықтың 65,4 пайызы, яғни (11 миллион 35 мыңы) қазақтар екен. Олардың 7 миллион 642 мың 200-і  ауылдық елді мекендерде тұратындығы санақ барысында анықталған. Бүгінгі қалалықтар мен ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың жағдайын салыстырып қарасақ, ашығын айту керек, олардың тұрмыс-тіршілігінде жер мен көктей айырмашылықтың барын аңғарамыз. Осыған қарап біз кімге қызмет етіп жатқандығымызды, ел жетістігінің жемісін кімдер көріп отырғандығын, қазақ елі бола тұра өз ұлтымыздың тағдырына осыншама селқос қарайтындығымыз неліктен?!, -деген көптеген сауалдар көкейіңді мазалайды! Әйтеуір, біздің қазақ қанағатшыл һам көмпіс жуас халық. Өздерінің күнделікті  тұрмыс тіршілігі ақырындап болып жатса болғаны, басқадай ештемеге мән беріп, ертеңеге онша алаңдай қоймайтын кең пейіл халық. Әрине, солай болуы жақсы да шығар. Алайда, қазақтың «Үш жылдығын ойламаған еркектен без – үш күндігін ойламаған әйелден без», -деген бір тәмсіл сөзі бар. Мұның астарында тек бүгініңді емес, ертеңіңді, болашағыңды алдын ала ойластыр деген ескерту жатса керекті.

5.Түйін.

Әр халықтың өзіне тән кәсібі, соған лайықты тұрмыс ерекшеліктері бар. Қазақ халқы үшін олардың ата кәсібі болған мал шаруашылығы, қай кезеңдерде де олармен бірге жасасып келген, әрі әлі де жалғасын табуда. Осы орайда Ауылшаруашылығын дамыту, оның ішінде мал шаруашылығына басты назар аудару қажет екендігі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болуға тиісті. Жоғарыда айтқанымыздай қазақ халқының басым бөлігінің ауылда тұратындығын ескерсек те, ауылдық елді мекен тұрғындарының әлеуетін көтерудің бірден -бір тиімді жолы, осы мал шаруашылығын дамыту екендігін ескеруіміз қажет. Біз тек ғана жер асты қазба байлықтарымызға сүйеніп, елдің дамуын жалғастыра береміз деу бекершілік. Қазба байлық, жыл сайын өзінен өзі өсіп, өнім беретін мал, немесе егістік алқабы емес. Оның да таусылатын өлшемі, уақыты бар! Осы үшін де қазақ халқын ата кәсібі мал шаруашылығынан қол үздіруге болмайды. Қазақ халқының: «Бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ жаулық, үшінші байлық он саулық», -деген мәтелі де бекер айтылмаса керек. Қалай десек те, бүгінгі қазақтың әл-ауқатын жақсартатын, оларды әлеуметтік тапшылықтан құтқаратын сала, тек ғана осы мал шаруашылығы екендігі белгілі. Төскейде төрт түлігі сай болса ғана, ауылдық елді мекендегі қазақтардың тұрмысы түлемек. «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады. Ел бірлігі – ең асыл қасиет!», -деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ендігі жерде дархан даламызды гүлдендіру тек ғана өз қолымызда екеніндігін ұмытпауымыз керек! Қысқасы, қаланы түрлендіріп, дархан далмызды құлазытпайық! Түптеп келгенде қалалықтарды, сол дархан даланың мыңғырылған төрт түлігі асырайтынын ұмытпайық, ағайын!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

20 thoughts on “Келешекте қазақстан халқын сәулетті қаласы асырай ма, әлде дархан даласы асырай ма?!

  • 30.11.2016 at 17:48
    Permalink

    Оқып шықтым, көтерілген мәселе өте орынды әрі өзекті. Сырт көз сыншы дегендей кейбір шет елдік азаматтардың айтуына қарағанда, жеке кәсіпкерлікпен бола ма? әлде мал шауашылығымен айналысасың ба? Қазақстанда әлі де болса мол мүмкіндік, ашық кеңістік баршылық дейтін көрінеді. Ал біздерде еш мүмкіндік жоқ, бәрі тығындалып қалған деген пікір бар ғой. Керемет табыс таппаса да ауыл халқы әйтеуір күнін көріп келеді. Болашақта қоғам дамып, қаладағыдай жағдай жасалса деп ойлаймын.Ал қортынды пікірім, түбі ауыл дамыйды, көтеріледі, қала халқын сапалы, табиғый өніммен қамтамасыз етеді деп ойлаймын.

    Reply
  • 01.12.2016 at 13:20
    Permalink

    Аға өте керемет жазыпсыз, әр қазақты ойландырар жайт. Әрине қазақты дархан даласы төрт түлік малы, жайқалған егіні асырайды. Тек еліміздің сәулетіне көптеп көңіл бөліп кеткен сияқтымыз. Түйер ойыңыз көп, жазарыңыз таусылмасын. Елін сүйген, елінің болашағына алаңдайтын сіздей азаматтарымыз көп болғай, аман болыңыз, ауырмаңыз Аға!

    Reply
  • 01.12.2016 at 13:21
    Permalink

    Kazakti kalasi da dalasi da asiraidi…

    Reply
  • 01.12.2016 at 19:05
    Permalink

    Каласы не береді, жарайды коркейе берсін, қазақ жеримен бай

    Reply
  • 01.12.2016 at 19:07
    Permalink

    Ия ағасы оте орынды ойыныз. Бұган бәрі косылады деп ойлаймын. Әр Қазақтың ойындағыны жақсы жеткізипсіз.

    Reply
  • 01.12.2016 at 19:40
    Permalink

    Иа дурыс айтасыз Бағдал аға денініз сау боп жазарыңыз таусылмасын. Осындай сәулетті каламыз болса келешек ұрпакымызға керек емес бе?

    Reply
  • 01.12.2016 at 20:29
    Permalink

    Ағажаным!!!
    Өте дұрыс айтасыз, ақпараттар да тамаша екен!
    Түйсігі бар адамға терең ой салар пост екен!!!

    Reply
  • 01.12.2016 at 21:24
    Permalink

    Біз бірінші бұрынғы Ата бабаларымызға рахмет айтуымыз керек.қаншама ұланғайыр жер қалдырған. Соның қадірін ұрпақ жақсылап білсе ғой шіркін. Әлі де ұлы далаың қадірін жақсылап білейікші.. Ертең келесі ұрпаққа не деп айтасыздар. Әрине, қазақты ұлы даласы асырайды..

    Reply
  • 01.12.2016 at 22:00
    Permalink

    Ауылмен каланын байланысы жаксы болсын. Акша көп болсын, халкымыз отаншыл болсын.

    Reply
  • 02.12.2016 at 10:14
    Permalink

    Бағдал ағатай, қаламыңыз қолыңыздан түспесін! Сіздің жазбаңызды көріп қуанып қалдым ғой. Аман болыңызшы!

    Reply
  • 02.12.2016 at 10:35
    Permalink

    Ассалаумағалейкум Аға түсінгенге керемет!
    Алты құлаш арқандай алшан басып жүрген ұл қызды еркелеткен осы дархан далам,
    Аты шулы астананы өркендеткен осы дархан далам,
    Ата бабамды мəңгілікке бөлеп жатқан осы дархан далам,
    Айтындаршы ағайын басқа немен арқаланам.

    Reply
  • 02.12.2016 at 15:54
    Permalink

    Мақалада көтерілген мәселеге көңіл бөліп, өз ой пікірлеріңізді қосып жатқан баршаларыңызға көп рахмет! Осы тектес тақырыптардың бәрі де елімізжің келешегі, ұрпағымыздың болашағы, қаламыздың гүлденуі, ауылымыздың көркеюі тұрғысынан айтылып жатқан мәселелер. Бұл еліміздің әрбір азаматын толғандыруға тиісті, әрі әрбір азамат азаматтық тұрғыда мұндай мәселелерге бей-жай қарамауы керек деп ойлаймын. Баршаларыңызға рахмет!

    Reply
  • 02.12.2016 at 19:36
    Permalink

    hurmetti aga ote kurdeli tahirip hozgapsiz, keremet!

    Reply
  • 02.12.2016 at 20:00
    Permalink

    Тілектер орындала берсін!

    Reply
  • 02.12.2016 at 23:04
    Permalink

    Əр қазақ баласын ойландыратын тамаша туынды екен, шабытыңызға шабыт қосылсын

    Reply
  • 09.12.2016 at 20:34
    Permalink

    Көпті көргендер дұрыс айтады. Мақалаңыздан маңызды біраз деректерді көрдім. Қазақтың жеріне деген алаңдаушылығыңызда бұл даланың әрбір перзентінің үні жатыр. Жер – қасиет. Жер – кие. Жерді сақтау үшін көздің жасы сарқылып, ғасырлар бойы қан төгілді. Ендеше оны сату – сатқындық. Сол киені қадірлей білсек екен. Қаланы асырайтын – дала депсіз. Кең даланы жақсы көрмейтін қазақ жоқ. Қазаққа кеңдікті үйреткен де, кең мінезді берген де дала. “Кең болсаң – кем болмайсың!” деген. Дұрысы, ешкімнен кем болмайық. Авторға алғыс!

    Reply
  • 12.12.2016 at 12:41
    Permalink

    Əссəлəəму ғəлəйкум аға, өте манызды мəселені талқыға салып отырсыз!

    Reply
  • 12.12.2016 at 12:42
    Permalink

    Өте маңызды мәселені көтеріп отырсыз аға. Бұл әрбір қазақтың санасында жүрген дүние. Билік соңғы кезде ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөле бастады. Бірақ сол қаржы қарапайым шаруаның қолына оңайлықпен тимейді. Жергілікті аудан ауыл әкімдерінің тамыр таныстары мен сыбайластарына үлестіргеннен қалған жұғыны ғана шаруаға тиеді, бұл шындық! Бөлінген қаржының жұмсалуына қойылатын талап, тексеріс деген жоқтың қасы. Сондықтан қаржының жұмсалуына қадағалауды күшейту керек деп ойлаймын..

    Reply
  • 13.12.2016 at 19:31
    Permalink

    Мақаламның ұзын сонар екедігіне қарамастан, назар аударып алтын уақыттарыңызды бөліп, ой түйе отырып жазған пікірлеріңізді оқып марқайып отырмын, ағайын! Біз үшін әрбір жазбамыз сіздердің ойларыңыздан шығып жатса болғаны, ол еңбегіміздің ақталғаны болар еді. Құнды пікірлеріңіз үшін көп рахмет, құрметті оқырмандарым! Баянды да бақытты болыңыздар!

    Reply
  • 27.01.2017 at 00:35
    Permalink

    Қазақтың рухы да, жігері де даласында. Сайын даланы еркін жайлаған қазақтың рухы әрқашан асқақ еді, ой толғамы еркін еді. Бүгін белгісіздік………………. Қалаға тығылған қазақ – енді қазақ бола аламыз ба, әлде көлеңкеміз қалама?

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған