«Кемел елдің кемеңгер қаламгері»

Осылай аталған әдеби-өнер кеші мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қазан айының 21 жұлдызында өткен салтанатты шараға жазушының жары Клара Жұмабаева, балалары Дәулет, Сәулет келді. Сондай-ақ,  мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Кенжеғали Сағадиев, Зейнолла Алшымбаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Өмірзақ Озғанбаев, Сәуле Мешітбаева, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов, «Егемен Қазақстан» газетінің   АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдыралі, жазушылар мен ақындар Қажығали Мұхамбетқалиев, Роллан Сейсенбаев, Өтеген Оралбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Мереке Құлкенов, ардагер спортшы Әмин Тұяқов және жергілікті әдебиет сүйер қауым жиналды.

                                                                  1   6

Университетте Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасын жинақтап, ғылыми- көпшілік бағытта зерделеу үшін, студенттер мен ғалымдардың жұмыстарына аса қажетті ғылыми- зерттеу орталығын ашуды қолға алып, жақында ғана жарақтандырып болған еді. Жаңа орталықтың лентасын қаламгердің жары Клара Жұмабайқызы мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қиды. Мұнда жазушының әдеби туындылары, әр кезеңдердегі фотосуреттері қойылған. Енді міне, Клара Жұмабайқызы ұлы жазушыны бір топ шығармаларын тарту етіп, орталық қорын толықтыра түсті.

2

Одан әрі университеттің мәжіліс залында «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты әдеби-кеш өз жалғасын тауып, Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық еңбегі туралы мазмұнды да маңызды баяндамаларға кезек берілді. Алдымен сөз алған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Әбіш есімінің мәңгілік тарихқа енгенін, уақыт мінберінде мәңгілік салтанат құратынын, елінің елдігі мен тәуелсіздігі жолындағы ұланғайыр еңбегін мәнерлей айтып, жиналғандарға қош келдіңіздер деді. Мұнан кейін кешті жүргізіп отырған ақын Өтеген Оралбаев сөзді мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Өмірбек Бәйгелдіге берді. Ол Әбішпен шынайы достық өмірінен сыр шертіп, Сұңқарға теңеп, туған бауырымдай болды деп естеліктерін айтты.

Академик Кенжеғали Сағадиев Әбіш Кекілбаевтың қазақ халқының рухани дамуына айшықты қолтаңбасын қалдырған ұлт перзенті екенін ыстық ықыласты сөздерімен жеткізді. «Әбіш %d3%99%d0%b1%d1%96%d1%88күрделі тұлға, шығармалары да күрделі мағынамен астасқан, оқырманын терең ойға жетелейді» деді ол. «Оның кемеңгерлігі қазақ ұлтының батырлығы мен даналығын танытқан кейіпкерлерді деректі тұлғалармен жеткізуі болды. Қазақ хандары Әбілқайыр, Абылай, батырлары Сырым, халқымен өз бейнесінде қауышып, танылды. Халқының адал перзенттерін сомдаған Әбіш Кекілбаев заманының заңғар жазушысы. Оның рухани мұрасы келешек ұрпаққа мәңгі мұра».  Еліміздің белгілі жазушылары Қажығали Мұхамбетқалиев, Роллан Сейсенбаев, Ілья Жақанов, Мереке Құлкенов, Ақұштап Бақтыгереева, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Зейнолла Алшымбаев, Сержан Шәкіратов, саңлақ спортшы Әмин Тұяқов ұлы жазушының көркем шығармадағы шеберлігі мен адамгершілік қасиеті, азаматтығына тоқталып, өз өмірлеріне қатысты жәйттермен сабақтастыра әңгімеледі, ұсыныс, ой- пікірлерін айтты.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бір топ студенттері жазушының жырларымен тебірентіп, қаламгер шығармаларынан үзінділер оқыды. Ал арнайы келген әнші Тамара Асар, жергілікті бұлбұл көмей әнші Маржан Төреханова, жыршы Амандық Көмеков өз өнерлерімен кеш сәнін аша түсті.

5

Осы университетте Әбіш Кекілбаев атындағы үш білім гранты тағайындалғаны айтылып, табыс етілді. Кеш соңында ортаға Әбіш Кекілбайұлының аяулы жары Клара Жұмабайқызы шығып, «Еліме алғыс айтамын, Әбіш ағаларың бала болып ойнамаған, кішкентайынан кітаппен дос болған адам, ешуақытта біреуді жамандамайтын. Оқу, жазу, жұмыс істеумен ғұмыры өтті. Жастар, еңбек ғана биікке жеткізеді, үнемі ізденіп, оқып, еңбек етіңіздер» деген сөздерімен жан толқынысты лебізін аяқтады.

                                                                  Светлана Муньянова

 

 

One thought on “«Кемел елдің кемеңгер қаламгері»

  • 23.10.2016 at 14:28
    Permalink

    Әйбат шара өткен екен. Әбіш ағаға деген сағынышын атыраулықтар жеткізе біледі. Атырау университеті мен облыс әкімдігіне зор рақмет. Атыраулықтарға рақмет!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған