Кендебай тағдыр — Кер құла ат…

Не ғаламаттың бәрі ертегіден басталмай ма? Қазақта «Кер құла атты Кендебай» деген ертегі бар. Күнін зорға көріп жүрген кедей Қазанғап ұлды болады да, есімін Кендебай қояды. Кендебай күн санап өседі де, қасқыр жарған биенің үстінен түсіп, құлынын аман алып қап, соны асырап, ат қып мініп, ата-анасын арманына жеткізеді. Баланың атының өзі біраз жайдан хабар береді. Кенде әрі бай! Неден кенде, неге бай?.. Сол сияқты біздің ұлттың да ертегіге бергісіз тарихы бары енді-енді мойындалып келеді. Әсіресе, адамзат тарихында осыдан 6 мың жыл бұрын жылқыны алғаш қолға үйретіп, асауды ауыздықтап, ерттегендер — Қазақстан жеріндегі Ботай қонысын мекендеген тайпалар екені 1980 жылдары кеңестік кезде дәлелденгенімен, дүниежүзілік дәрежеде тәуелсіздік алған жылдары ғана мойындалды. Айтуға оңай болғанымен, бұл — әлем зерттеушілері қаншама жылдар зерттеп, таппай қойған сенсациялық жаңалық еді. Қызықты қараңыз, енді.

 

Әңгіменің  әлқиссасы

Сөзді ертегіден таратқанымыз тегін емес. «Аяз би» ертегісін мектеп жасынан білетін шығарсыз? Елеусіз жүрген ақылман Аяз ханның тұлпарын сынамай ма? Сонда судан өткен хан тұлпарының артқы аяғын сілкігенін байқап қалады. Оны көрген Аяз: «жалғыз-ақ міні, тұлпарыңыз құлын күнінде сиырдың сүтімен қоректенген», — дейді. Тексере келгенде, енесі құлындаған бетте өліп, құлынды сиыр сүтімен асырағаны рас болып шығады да, сыншы ханнан зор құрмет көреді. Жылқының жүйрік, шабандығын жазбай таныған мұндай сыншылар қазақ тарихында мыңдап саналады. Кешегі Күреңбайдың ұрпақтары ел ішінде әлі де бар. Бұлай деуімізге себеп, жылқыны алғаш қолға үйретіп мінген қазақтың жануарды жете танып, онымен бітеқайнасып кеткендігі. Антикалық заманда гректердің «кентавр» деп жүргендері сақтар болып шықты. Ал сол сақтардың Ұлы Даладағы жалғасы, «ер қанаты — ат» деп, қылқұйрықпен біте қайнасқан жылқы мінез халық — қазақтар екені айна қатесіз шындық! «Қазақ үшін лауазым — шеннің, мансап — биліктің биік шыңы — аттың үсті» дейтін қанатты сөз еріксіз еске осындайда түседі.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.


Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі — батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр — жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» деді. Сонда адамзат тарихындағы дамудың алғашқы кезеңі, тұңғыш өркениеттің қайнар көзін біздің бабаларымыз ойлап тапқан болады.

 

Ботайдан жылқының 70 мың сүйегі табылған

«Ұлы Даланың жеті қыры» деген сөз — Ұлы Даланың жеті кереметі деген сөз» деп еді профессор Сағындық Жауынбаев. Яғни, дүниежүзілік өркениетке Ұлы Даладан қосылған жеті игілік деп түсінген жөн. Адамзат баласы жаралғаннан Алтын Орда құлағанға дейін көшпенділер әлемдік үстемдікке ие болып тұрды. Асауды ауыздықтап, ер салып мінгенінің арқасында. Орта ғасырға дейін жер бетінде салтанат құрған озық өркениет — бұл. Жылқы — бейбіт заманда таптырмас көлік коммуникация күші болса, соғыс жағдайында ат үстіндегі бес қаруы сай жауынгер анағұрлым үстемдікке ие. Атқа мінген қазақтың арқасы әлі күнге қозып шыға келеді. Алаш баласы аттан «кіші қазан» төңкерісі жылдарында бір-ақ түсті. Сталин Голощекиннен «қазақтардың рухын қайтсе сындыруға болады?» — деп сұрағанда, әлгі тақыр шекеңіз, «жылқысынан айыру керек», — деп кесіп айтқанының түбінде бір шындық бары анық. «Қазақ хандығы» көркем фильмінде Керей хан рөлін сомдаған Қайрат Кемалов ағамыздың айтқаны осы қазір есіме түсіп отыр: «Өмірі атқа мінбей, қалада өскен қыздар ғой актрисалар. Басында жүрексінген әлгілер түсірілім барысында қызды-қыздымен топтаса кеп аттың басын жібергенде, аруақтанып ұрандап шыға келетін болды. Тіпті, шапқан сайын айбарланып, жанары ұшқын атқан қарындастарымды көріп, таң-тамашаға қалдым. Ал сауыт-сайман жабылып, найза, қылыш ұстап мінгенде кейбір арғымақтың өзі осқырынып, құлағын тігіп, ширай түсетінін қайтесің! Тізгінді жібер дегендей, ауыздықты қарш-қарш шайнайды сауыт, найза, қылышпен мінсең. Жайшылықта өйтіп рухтану жоқ. Қайран қалған гәбім — осы», — дейді. Бұған енді «тартпай қоймас негізге» (Бұқар) дегеннен басқа артық ауыз сөз қосу — әбестік. «Аттың үстінде бесті қымыздың ашуы бар» деген де біз.


Тәуелсіздік алған жылдардан былай ата тари-хтың арқасында түйсігіміз там-тұмдап қайта ояна бастады. Оған Елбасы жоғарыдағы мақаласымен түбегейлі бетбұрыс жасап отыр. 1980 жылы Қазақстанның отандық ғылымын өрге сүйреген ғалым Виктор Зайберт Ботай қонысын ашып, әлемде жылқы алғаш қазақ даласында қолға үйретілді деген бұлтартпас дәлелді дүниеге әкелгенше, дамыған шетел ғалымдарының бәрі «жылқыны алғашқы жуасытушылар Еуропа мен Азияның түйісер тұсындағы көшпелі малшылар болуы кәдік» деген тұспалмен ғана келген. Бұған орыстың қатын патшасы екінші Екатеринаның «қазақтар тарихтан өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» дегенін қосуға болатын шығар.
Жалпы аумағы 25 гектар жерді алып жатқан Ботай қонысынан 158 үйдің орны аршылған. Осыдан 6 мың жыл бұрынғы энеолит дәуірі, тас ғасырының соңына жататын бұл қоныстан 60 мыңнан астам бұйым: тас пышақтар, қанжар, жебе, найза, ине, жуалдыз және ең бастысы, жылқының 70 мың сүйегі табылған. Әлемде жылқының көп сүйегі бұлай бір орыннан табылмаған. Оған қоса мұнда жылқы қиының тұтасқан қабаты шыққаны — жануарларды бір жерге иіріп ұстағанын аңдатады. Ал ауыздықтың ізі қалған аттардың азу тістері бабаларымыз асауды ауыздықтағанына көңілде титтейде күмән қалдырмаса керек. Ондай іздерді тері ауыздықтар да қалдыра беретінін шетелдік ғалымдардың өзі куәландарып отыр. Қазба жұмыстары барысында табылған ат әбзелдері, кәдімгі құрық, тері шалбар, тізеден асатын тері етік, тымақтар шыққан. Осылардың бәрін Виктор Зайберт фотоға түсіріп, жан-жақтағы ең атақты археологтарға жіберсе, олар бірден телефонмен қоңырау шалыпты. «Көріп тұрмыз, бірақ, өз көзімізбен көргенде ғана сенеміз», — деп. Бұл — 1980 жылғы оқиға болса, 1983 жылы Ботайда Бүкілодақтық археологиялық семинар ұйымдастырылып, онда Кеңес одағының археолог ғалымдары бас қосады. Таңғажайып тарихи жаңалыққа көздері анық жетіп, көптеген ғалымдар таң қалған. Біздің дәуірге дейінгі 4 мыңжылдықтағы қоныс екеніне сенбеске амалдары жоқ. КСРО жабық мемлекет болғандықтан, әлемдік ғылыми қоғамдастықтың бұл жаңалыққа қолы жетпеген. Мәселен, Мажарстан академиясының директоры, жылқы доместикациясы (қолға үйрету) бойынша ең танымал маман, атақты палеозоолог Шандор Бекенидің бес жыл бойы Ботайға келетін виза ала алмағанын алға тартады Сауытбек Абдрахманов. Кейін еліміз егемендік алысымен Ұлыбритания, АҚШ, Германия, тағы басқа мемлекеттің ғалымдары жерден жеті қоян тапқандай Ботайға ағылды. Кембридж, Белфас, Оксфорд, Хартвиг, Мюнхеннің мамандары заманауи технологиялар арқылы тас ғасырының соңында Ботайда материалдық мәдениет қалыптастыруда ондаған техникалық жаңалық ашылғаны, планетада жылқының алғаш қолға үйретілгені дәлелденді Халықаралық дәрежеде.
«Ботайлықтар әлемде ең алғашқы-лардың бірі болып атқа отырды. Осыдан кейін барлық өркениет басталды. Діттеген жерге жылдам жету мүмкіндігі туды. Бұл адамның тағдырын түбегейлі өзгертті» депті атышулы канадалық продюсер Найоби Томпсон. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз кеңістікке жол ашты. Материалдық тұрғыда да, рухани тұрғыда да. Көшпенді Ғұн империясынан бастап, Шыңғыс хан, Алтын Орда әскері атының тұяғы тимеген жер қалмағанын теріп отырсақ, тақырыптан ауытқып кететініміз белгілі. Жылқы жарықтықтың арқасында халықтар арасында коммуникация жеделдеді. Қазір коммуникация құралының бірі — ғаламтор желісі. Тез арада ақпарат алмаса аласыз. Жылқы қолға үйретілмеген кезде бір ақпарат он, жиырма, тіпті, елу, жүз жылда бір-ақ таралуы мүмкін. Жылқы қолға үйретілген соң, бір немесе жарты жылда таралуы мүмкін әлгі ақпарат. Бұл сол заманда интернет желісін ойлап тапқанмен бірдей жаңалық. Өз заманы үшін озық технология. Ол озық технологияны кім игереді? Дамыған өркениетті ел меңгереді. Артта қалған жабайылар емес, озық ойлай білетіндер игереді.
Түрік тектес басқа көшпелі халықтарда бар-жоғын білмеймін, қазақта «аттан» деген сөз бар. Қауырт жағдайда атқа қон, іске көш дегенді білдіреді. Қазір автокөлік, «сотканың» құлағына отырмай, шаруа бітпейтіні сияқты, ол кезде де атқа қонбай іс бітпеген деген сөз. Осыдан кейін өркениеттің бастауы, түпкі қайнар көзі бізде тұрғанын мойындамай көр.

 

Ертегіден Елтаңбаға дейін

Халқымызда он үш киелі сан. «Он үште отау иесі» дейді қазақ. Неге екенін қайдам, батыс жұрттары он үш санын жатсынады. Жаратылысында он екі қабырғасы болатын жылқының жүйрігіне он үшінші қабырға бітетінін қазақ жануарды соймай тұрып-ақ біледі. Оны әспеттеп, «қанат» дейді. Ауылда тай-жабағысында сойылғалы тұрған болашақ жүйрікке араша түскен мал танитындарды талай көргем. Сойып жатқан қасапшылар «әй, анау біледі екен, расында, қанат шықты» деп бір қабырғасын артық санап жататын. Қазы айналдырғанда, әлгі «қанат» телшікке кететін. Алты қанат қара үй, он екі қанат ақ ордада отыратын қазақ киіз үйін де мініс күшінің қабырғасымен есептеп жасаған болып шығады сонда. Қазақ ертегілерінде қанатты пырақтың бейнеленуі де тегін емес. Сол бейне Елтаңбамызда әлі күнге тұрғанын бүгіндері біз мақтанышпен айтуымыз керек шығар. «Құдайсыз қурай да сынбайды». Ештеңе тектен тек, жоқтан пайда болмайды. Қазақтың жылқыны алғаш мінгенін Елтаңбасының өзі айтып тұрған жоқ па?
«Қобыланды батыр» жырында Құртқа сұлу Тайбурылдың қырық күндік жарауы кемдігін айтып, батырдан жорыққа аттанбауын өтінетіні бар емес пе? Оны қаперге алмаған Қобыланды жолда соның зардабын шегеді. Қазақ даласында «ат жарату» жай сөз емес, термин десе болғандай. Кейінгі бәйге, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, ат үстінде жамбы ату — бәрі жорыққа атты әскер дайындаудан шыққан ойындар болса керек. Бәйгеде аттың жүйріктігімен қатар, төзімділігі сыналса, қалған ойындарда ат үстіндегі жігіттің ержүректігі мен күштілігі, епті-шапшаңдығы, мергендігі, тағы басқа қасиеттері сынға түсіп қана қоймай, шыңдала береді.
Ғұндар Еуропаны, ежелгі римдіктерді әуелі аттың құлағында ойнап, бес қаруы сай болғандығы арқасында тізе бүктіргенін тарихтан сіздер менен гөрі жақсы білуге тиіссіздер. Атты Еділдің (Атилла) елесінен шошыған еуропалықтар ертоқым мен үзеңгіні алғаш ғұндар барғанда бір-ақ көрген деседі. Атқа жайдақ мінген мен ертоқымда үзеңгіні шіреп отырғанның арасы жер мен көктей, әрине. Кейін де бір деректерден баспалдақты осы үзеңгіге қарап, ойлап тапқан дегенді оқығаным бар. Бұл да қисынды.
Дүниежүзілік соғыстарда атты әскер күші бертінге дейін үстемдік құрды. Напалеон дүниені басып алу мақсатымен Мәскеуге келіп, жеңіліс тапқаны тарихтан белгілі. Сонда Напалеон әскеріне тойтарыс беріп, ауыр соққы жасаған — атты әскер полкі болғанын орыстар жасырып қалғанын оқығаным бар Таласбек Әсемқұлов жазбаларынан. Орыстар белгілі бір майданда шағын ғана атты әскер құрамының шайқасқанын елеусіз атап өткен және әлгі сарбаздар чуваштар деп көрсеткен. Біздің көкейде көлеңкесі ғана қалған жазбада автор үлкен ерлік жасаған атты әскер полкінің қазақ даласында жасақталғанын әдемі дәлелдеп шыққан-тын. Бұған бір қосымша, екінші дүниежүзілік соғыстың өзінде атты әскер полкі жасақталғанын ұмытпайық. Немістер жазықсыз жануарға қастандық қылмаймыз деп үстіндегі сарбазды ғана көздеп атып, қателескен. Адамсыз жануар төніп келіп, бауырынан жауынгер шыға келіп шабуылдап, талай қырғынға қалғанын әдебиеттерден оқығанбыз. Ол кезде екі қазақтың бірі аттың құлағында ойнайды, біздің Ұлы Далада арнайы тәрбиелемесе де, ат үстінде өнер көрсетуші циркачтар мыңдап саналатынына қазірдің өзінде бәс тігуге болады. Көршім Қопал «ат үсті еңкейгенде елдің қолы жерге зорға жетіп жатса, менің шынтағым тиетін» деп мақтанатын. Көкпаршының онысына таңғалмаймын. Ұлттық арнадан көрсетіліп жүрген бүгінгі көкпаршылар тіптен жүрек жұтқан ғой. Аттары қалай тәрбиеленген?! Жігіттің қылпымен қимылдап, шабады. Ықылымда соғыс аттарын дәл солай әуелі көкпарда, одан кейін арнайы әскери дайындықтарда тәрбиелеген, меніңше.
Ұлы Дала төсінде арғымақтың жалында «түн қатып жүріп, түс қашқан» бабаларымыз жылқының өзін — көлік, сүтін — сусын, етін — ас, қылынан арқан ескені өз алдына, терлігіне сіңген тер иісінің өзін пайдаланған. Мәселен, жылқының тер иісі сіңген затқа жылан, басқа да улы жәндіктер жоламайды. Тоқым, терлікті төсеп жіберіп, ертоқым жастанып жантаяр алдында бабаларымыз қамсыз ұйықтау үшін, айналасын қыларқанмен қоршап жатқан. Жылан, қарақұрт шақпас үшін. Бұдан да қызық дерек — М.Мағауиннің «Аласапыран» романында. «Айшешек бегім» тарауында ма екен, жаудың жағалаудан өтуін күте-күте сарғайған Бесоба батырдың аштықтан өзегі талып барып, астындағы ат жалының астынан бір тамырын қиып жіберіп, қанын жұтып әлденіп, жекпе-жекке шығып кететіні бар. Мұндай құбылыс бізде ертеден барын ХІІІ ғасырда Қазақтың Ұлы Даласын аралаған атақты саяхатшы Марко Поло да растап кеткен: «Ұзақ жолға, соғысқа аттанған кезде өздерімен көп нәрсе тасып жүрмейді, өзімен тек сүт құйылған екі былғары қап пен ет пісіретін қыш ыдысын ғана алады. Сондай-ақ жаңбырдан қорғанатын кішкене шатыры болады. Қажет болса, мен сіздерге айтайын, олар нәр сызбастан он күн бойы ат үстінде жүре береді, от жақпайды, қажет болса, атының қанын азық етеді; аттың қан тамырын кесіп, қанын ішеді. Сол сияқты құрғақ сүттері бар, ол қамырға ұқсас, өте қою болады; соны суға салып, ерігенше араластырады да сіміріп алады». Ат жалын тартып мінген әр қазақ баласы жануарға зақым келтірмейтін тамырды білген болу керек.

Түйін:
Өркениет көшіне  6 мың жыл

«Ту құйрығы бір тұтам, Тұлпар міндім — өкінбен» немесе «Арыстандай екі бұтын алшайтып, Арғымақ мінген өкінбес» дейді ХVІ ғасырда Тұран даласында өмір сүрген атақты Доспанбет жырау. Алшайтып арғымақ мінген қазақтың арғы бабалары жылқыны қолға үйреткеніне де 6 мың жыл өтіпті. «Ботай» мәдениетінен бері қайырғанда. Біздің жыл санауымызға дейін 4 мың, одан беріде 2 мың жыл. Ұлы жердің бетінде өркениет көшінің сегіз қиыр шартарапқа керуен тартқанының 6 мың жылдығы. Ұлы жердің бетіндегі адам сенгісіз алғашқы жаңалық, көшпенділер жасаған тұңғыш төңкерістің 6 мың жылдығы — бұл. Түп иесі — біз, Сақ, Ғұн дәуірінен Түркіге жалғасып, Түркіден — Қыпшақ, Қыпшақтан — Алаш ұранды Қазаққа айналған Ұлы Даладағы көшпенді жұрт.
Осы Доспанбет жырауыңыз «Арғымақ міндім, өкінбен» дегенде, ат үстінде серілік дәурен сүріп, емін-еркін жүргенін айтып тұрған жоқ ой көзімен қарағанға. Сөздің бастапқы мағынасы солай, әрине. Анығында, жырау күйкі тірлікке қамалмаған Азаттықты айтып тұр: «алғаш атқа қонып, адамзатқа үлгі болдым, әлемді аузыма қараттым. Кеңістікке жол аштым» деген ұлы емеурін тұр осы екі жолда. Өйткені, жыраудың сөзі әлемді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстаған армансыз жанның лепесі екені сезіледі. Әлем поэзиясында аттың сынын Абайша сыпаттаған ақын бар ма, жоқ па деп тағы ойланам. «Шөп те шығатын жеріне шығады» дейтін ертедегі қариялар. Сол сияқты мұндай саф туынды да жылқыны алғаш қолға үйретіп, өркениетке жол ашқан төл топырағында ғана туса керек. Басқа жұрт перзентінен туса да, соның көшірмесі күйінде қала бермек. Сондықтан Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихтағы ұлы бетбұрыс кезеңін қайта жаңғыртып отыр. Ендігі мыңжылдықтарда тарих доңғалағы кері айналуы әбден мүмкін деген сөз… Мүмкін, кім біліпті?!

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған