Кенді Алтайдың мәдени айшықтары

ШҚО-ның Астанадағы күндері шеңберінде елорда тұрғындарына сыйға тартылған мәдени шаралар да ел есінде ұзаққа сақталады десек, асырып айтпаған болар едік. Мәселен, 8 қазанда ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Үлкен жолдың кезеңі» («Этапы большого пути») фотокөрмесінде бес мыңнан астам музей құндылықтары көрсетілсе, «Шығыс Қазақстанның суретшілері. Уақыт портреттерінің ерекшеліктері» атты көрме шығыстан шыққан қылқалам шеберлерінің өнерін паш етті. Осы күні бас қаладағы бірегей оқу орны Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде Шығыс Қазақстан облыстық драма театры сахналаған К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» қойылымы өтті. Ал «Жастар» театрында өткен Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» спектаклі Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық театры актерлерінің шеберлігін ашқан тамаша қойылымдардың бірі еді.

Қазақ руханиятының қайнар көзі болған еліміздің шығыс өңірі кенге бай, тұрғындарының дені спорт пен әдебиетке жақын. Бұны білмеген біліп, хабары барлар тағы бір мәрте естіп, көруге мүмкіндік алды. Айтпағымыз — елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жетістіктер: Шығыс Қазақстан» көрмесі хақында. Көрмеде экономика, әдебиет, мәдениет және спорттың дамуына өз үлестерін қосқан атақты шығысқазақстандықтар туралы кітаптар мен Тәуелсіздік жылдарындағы атақты шығысқазақстандықтардың, қазақтың бас ақыны Абай туған мекенде болған үлкен оқиғалардың суреттері көздің жауын алғандай еді.

Алдымен, халқымыздың кәсіби спорт саласында Абай Құнанбайұлы туыпөскен шығыстан кімдердің үлесі бар дерсіз. Бұл сұраққа ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың өзі көпшілік алдында жауап берді.

img_0194Шығыс Қазақстан өңірінің спорты тарихы 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарында жүлде салған желаяқ Ғұсман Қосановтан басталады. Бесқарағай ауданында дүниеге келген Ғ.Құсманов бәрімізге белгілі эстафеташылар арасынан мәреге екінші болып жетіп, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанған болатын. Одан бөлек, біз балуан Дәулет Тұрлыхановпен, даңқты хоккейші Борис Александровпен, кешегі Риода қола алып келген Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковамен мақтанамыз, — дейді Ж.Омар.

Шығыс өңірінің мәдени күндері аясында әкім орынбасары есімдерін тізіп берген спортшылардың қатарында Қазақстан атынан тұңғыш рет үш жазғы Олимпиада ойындарында жүлде салған О.Рыпакованың Астана жұртшылығымен, спортқа зейін бөлген жасөспірімдермен кездескенін де айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ, спортты серік те, кәсіп те еткен шығыстың ұл-қыздарының қысқы ойындарға да бейімдігі баршаға мәлім. Тіпті, 2017 жылы Алматыда өтетін универсиадада ел намысын қорғайтын құраманың басым көпшілігі Өскемен мен Риддер топырағында туған өрендер.

Ел мерейін әлемдік ареналарда үстем етіп жүрген спортшылар жөнінде аз-маз хабар берген Ж.Омар сөзін іс-шараның негізі болған әдебиет саласына бұрды.

— Біздің А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова бастаған ұжым жыл сайын елордаға арнайы келіп, осы Ұлттық академиялық кітапханада көрмелер өткізіп тұрады. Жыл сайын түрлі жаңалықтармен келіп, бұрынғыға қарағанда ерекше өтуін мақсат еткендіктен, биыл біз жас ақын-жазушылардың туындыларын көптеп әкелуге тырыстық. Айналдырған 15 мыңдай халқы бар Абай ауданын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Топырақтың қасиеттілігі, дәстүрдің мықтылығынан болар, сол аудан мектептерінің жоғары кластарына кіріп қалсаңыз, әрқайсысынан екі-үш ақын оқушыға кезігесіз. Былтыр 10-11 сынып оқушыларының жыр жинағын жарыққа шығардық, — деген Ж.Омар облыста жас өскіндерді өнерге баулуда жасалып жатқан бірқатар жұмыстарды шолып шықты. Мәселен, былтыр ғана жұмысын бастаған облыстық Жастар театрына КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовпен ақылдаса отырып, еліміздің іргелі өнер ордаларында шыңдалған 22 жас дарын қызметке алынған. Бір қуантарлығы, аталмыш талант иелері түгелдей үй-жаймен қамтамасыз етіліп, тәуелсіздік жырын жоғары деңгейде жырлауға жаңа спектакльдер қолдарына сеніп тапсырылыпты.

img_0213

Бұған дейін шығыс өңірінің қойнауы кенге бай болғанындай, халқының да рухани бай екенін айтып өттік. Мысалы, Жақсылық Омар Астанаға келген сайын Ұлттық академиялық кітапханаға бір бас сұқпай кетпейді екен. Айтуынша, әр келген сайын кітапқа үңілген оқырманның толып отырғанына куә болып, көңілі марқайып қайтады. Сол себепті де кітап оқитын жастар азайып кетті дегенге сенгісі келмейді. Көпшілік алдында көсіле сөйлеген ШҚО әкімінің орынбасары Пушкин кітапханасынан күніне 370 адамды кезіктіруге болатынын тілге тиек етті. Осы уақытқа дейін туындыларының тұсауын Ұлттық академиялық кітапханада кесіп жүрген шығысқазақстандықтардың жаңа технологиямен жұмыс істеуі де бір ерекше құбылыс. Қазақстанда заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатын екі кітапхана бар десек, соның бірі — Пушкин атындағы облыстық кітапхана. Ұлттық академиялық кітапханамен байланысын бір күнге де үзбеген облыстың рухани бай ордасы бұл жолы да айрықша сыйларын елорда жұртына тарту етті. Көрме аясында «Біздің Абай» электрондық толық мәтінді кітапханасының және «Қайым Мұхамедханов» электрондық библиографиялық көрсеткішінің тұсауы кесілсе, Жақсылық Омар өздері сыйға берген барлық аманатқа ие болады деген сеніммен кітапхана ұжымына «Аманат» атты картинаны салтанатты түрде табыс етті.

img_0195

Сондай-ақ, Астанада өмір сүріп жатқан шығыстан шыққан зиялы қауым өкілдері де көрмеге арнайы келіп, өз ойларымен бөліскенін айта кетейік. Мәселен, Ұлттық академиялық кітапхананың ғылыми қызметкері, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай сөз кезегін алып, туған топырағынан келген үлкен керуенге бар жақсылықты тіледі.

— Біз жершіл емеспіз, бірақ шығыста туғандықтан, жүрегіміз бүлкілдеп, қанымыз бұрып тұратыны ақиқат. Екіншіден, небір ұлы тұлғалар осы шығыстан, Семейден шыққан. Солар жайындағы кітаптар бүгінде 250 томға жеткен болуы керек. Бүгінгі сыйға ұсынған электронды кітапханаларың да Шығыс Қазақстан туралы толыққанды мәлімет бере алатын үлкен еңбек. Десе де, көптің ішінде ұмыт болып кетіп жататын тұлғалар да аз емес. Мен білетін Әнуар Байжанбаев есімі не облыста, не республикада аталмай келеді. Өзіміз «Қазақтың Левитаны» деп атаған Ә.Байжанбаев туралы да кейінгілер біле жүрсе деген ниетім бар, — дейді Т.Жұртбай.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы да өз кезегінде жерлестеріне «назын» жеткізді:

— Күн шығыстан шыққанындай, рухани әлем де шығыстан басталады. Жырауға салсаң — Ақтамберді, батырға салсаң — Қабанбай, ақынға салсаң — Дулат пен Абай, тағысын тағы. Осы Дулат демекші, Кенесары Патша Үкіметіне қаруымен қарсы шықса, қаламымен, өлеңмен қарсы шыққан — Дулат Бабатайұлы. Қанша жерден мықтылығын айтып, мақтасақ та, шығыста бабамыздың шошайған ескерткіші де жоқ. Аягөздегі музейге Дулаттың атын берсе де жаман болмас еді, — деген Н.Айтұлы шығыста тындырылған істің көп екенін, алайда істелетін де шаруалардың жеткілікті екенін жасырып қалмады.

Шығыс Қазақстанның мәдени-рухани айшықтары жыл өткен сайын кеңінен насихатталып жатыр. Кемшіліксіз дүние болмайтындықтан, қазақ руханиятының қайнар көзіне мін тақпауды жөн санадық. Ал жоғарыда белгілі азаматтарымыз тілге тиек еткен олқылықтардың тез арада орны толады деген сенімдеміз.

Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған