Кеш үйленудің кесепаты

Қазір еліміздегі жасы жиырма бестен жоғары бойдақтардың саны үш миллионнан асып кеткен.  Қазақстандағы қыздардың тұрмысқа шығатын орташа жасы шамамен  24 болса, жігіттердің жасы 26-27 жас шамасында. Жастардың карьера жасап алу ұғымы бүгінгі таңда бірінші орынға шықты. Соның салдарынан олардың жай үйленуі жаппай етек алып барады. Сіз қазіргі бойдақ жүрген кез–келген жасқа «неге үйленбейсіз?» деп сауал тастасаңыз, солардың дені ең әуелі үйім, сосын машинам болғаннан кейін  ғана бұл мәселені ойланып көрерміз деген сыңайда жауап береді. Батыс жастарының 80-90 пайызы осы ұғымды дұрыс деп санайды екен.

Бүгінгі Қазақстандағы үш миллионнан астам бойдақтың түбіне жеткен де осындай кемтар көзқарас. Бабаның ұрпағына мирас еткен ”бас екеу болмай, мал екеу болмас” сөзі бүгінгілердің  қаперіне кіріп те шықпайды. Қазақтың ұлттық түйсігі жойылған сайын отбасы құрудың құны мен жауапкершілігі әлсіреп кетті. Карьера дегеннің артында кәріліктің сығалап тұрғандығын түсініп жатқан жастар жоқ.   Әуелі, тіршілігімді түзеп алайын деген сылтау болашағын ойлаған азаматтың жауабы емес. Мәселе ұлттық түйсіктің батыстанғандығында болып отыр.

Кеш үйленудің кеселінен бізде қазір үш құрсақтан асырып бала көтеретін әйелдердің саны тіптен некен саяқ.. Бұл біраз жылдан кейін қазақ халқының нағыз трагедиясына айналуы мүмкін.  Осы он жылдың ішінде еліміздегі бала туу көрсеткіші 30 пайызға кеміген.  Одан шығатын қортынды –  енді бір 15-20 жылдан кейін әскерге баратындардың саны үш есеге дейін азаяды деген сөз. Бүгінгі таңда ертерек үйленіп бала сүю көрсеткіші индустриалды елдерде күн санап құлдырап барады. Қазігі дамыған елдердегі бар проблема осы болып отыр. Соның салдарынан отбасы құру жауапкершілігінен қашып, тіз етпе құмарлыққа бой алдырған жастардың көптігінен «азаматтық неке» деген дүниеге келді.  Мұнда екі жас (екі жас деймін-ау…) қаласа бірге өмір сүреді.  Жараспаған жағдайда бірін-бірі талақ етіп, екі жаққа кете берулеріне болады. Біз осыдан-ақ«азаматтық неке» дегеннің арзан құмарлықтың жемісі екендігін көреміз. Бұған ақиқат дін – Ислам қатаң тиым салады.

Мамандар бүгінгі таңда азаматтық некеден (ойнастан) туғандардың заңды некеден (адал, ақ некеден) туылатын балалардың жыл сайынғы санымен пара-пар келетіндігін, әрі ең көп ажырасатындардың дені кеш үйленгендер екендігін алға тартады. Біз бұл арада жас өскен сайын талғамның да арта беретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Бір қызығы, Қазақстанда жай жүріп үйленген жас жұбайлардың алпыс пайызы бір жылға жетпей ажырасып кетеді екен. Былтыр Алматыда тоғыз мыңға жақын  шаңырақ көтерген жастардың жылға жетпей  5 мыңы ажырасып кеткен. Мәселен, Астана қаласында үш ай ішінде 500-ге жуық отау көтеріліп жатқанда, үш жүз шаңырақ шайқалып үлгерген. Қазақ  халқы  өзінің  табиғи  түрде  өсіп – өну  қарқыны  жағынан  әлем  халықтарының  демографиялық  даму  деңгейінен  төмендеп    барады.

Әлем  бойынша  орташа  көрсеткіш  –  1,5 пайыз  болса, қазақтар 1,1 пайызды көрсетіп отыр.  ХХI ғасырдың соңына қарай әлем халқының саны екі есеге көбейіп 12-13 миллионға жетпек. БҰҰ-ның  мәлімдеуінше, жер бетіндегі  тұрғындарының  саны жылына  80  миллионға  өсетін  көрінеді.  Қазір  халқы 100  миллионнан  асқан  он мемлекет  бар.  Енді  20-25  жылда  олардың  саны  18 ге  жетпек.  Оған  дейін  Қытай халқының  саны  1,5  миллиардқа,  Үнді  елі  1,4  миллиардқа  жетіп жығылмақ. Демограф ғалым Мақаш Тәтімовтың айқанына зер  салсақ, Қазақстан халқының табиғи өсімі 2015 жылға дейін 1 миллионға,  ары  кетсе 1,5  миллионға  ғана жетеді. Бұдан шығатын қорытынды – көп халыққа  аз халықтың жұтылып кетуі әбден мүмкін.  Оған тек халық санының көптігімен ғана шыдас беруге болады. Әзірше бөгденің идеясымен жадыланған жас ұрпақ санасы мұны еш түсінер емес. Жан-тәнімен баласыз батысқа қарай зымырап барады.

Ықылас Ожай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған