«КҮЛШЕЛІ БАЛА СҮЙМЕККЕ ЖАҚСЫ»

Қазақтың қонақжайлылығын бүкіл әлем мойындаған десек, қателеспейміз. Алыс-жақын туғантуыстың, жолдас-жораның қарымқатынастарына қатысты халқымыздың сан қилы салт-дәстүрлері жетерлік. Ол салт-дәстүрлер тұнып тұрған адамгершілікке, имандылыққа толы. Мәселен, қазекемнің қонаққа баруының өзінде өзара бауырмалдықты, туысқандықты арттыруға, тереңдетуге деген зор ықылас-ниет жатыр. Мысалы, «күлшелі бала сүймекке жақсы» деген мәтелде зор мағына бар. Мұнда бала екеш баланың да қонаққа барғанда сыйлы болатыны айтылған. Пендешілік қой, қонақ келсе, кейбіреулер оның қолына қарайды. Тіптен балалардың өздері де одан тәтті дәметеді. 

Бізді де әке-шешеміз бір үйге қонаққа барғанда құрқол бармауға үйретті. Басқаны қайдам, өзім осы әдетке қалыптастым. Дегенмен қазіргі жастар, тіптен егде жастағы адамдар мұны ескермейді. Меніңше, бұл берілген тәрбиенің немесе сараңдықтың әсері болар деп ойлаймын. Екіншіден, жомарттың қолын байлайтын қымбатшылықтың әсері болар. Алайда қазақ «Байлығымды алсаң да, пейілімді алма» деп бекер айтпаған ғой. Жақында алыстағы туыстарыма қыдырып бардық. Біз де қал-қадерімізше сыйлық апардық. Алдымен жағдайы қоңторғайлау апамыздың үйіне келдік. Апамыздың қатты қуанғанын қайта-қайта айтқан «айналайыным-ай» деп, жүзінің шаттанғанынан байқадық. «Келгенше қонақ ұялады» дегендей, мұндай арқа-жарқа көңілді, пейілді көріп, өзіміз де рахаттандық. Әп сәтте үстелін дөңгелетіп әкеліп, дастарқан үстін апамыз неше түрлі тағамға толтырды. Кетерде апамыз сандығын ақтарып, біздің қарсы болғанымызға қарамай матасын, кәмпитін тықпалап жатты. «Қуыс үйден құр шықпа» деп, ол кісі алмасымызға қоймады. Апамыздың үйінен шыққаннан кейін, күйлі тұратын тағы бір танысымыздың үйіне баруды ұйғардық. Ол апамыздай емес, салқындау қарсы алды. Үйінің іші жайнап тұрғанмен, иелері көңілсіз күйде болған соң ба, біз де «қап, бекер келдік-ау» деп, өзімізді жайсыз сезіндік. Дастарқан басында анау-мынауды сөз еткен болып едік, әңгімеміз де жараспады. Екіжақты емен-жарқын әңгіме айтып, қоян-қолтық араласа алмағаннан кейін, біз де тезірек қайтуға тырыстық. Олар да неге тез кеттіңдер демеді. Екі түрлі көңіл күй сыйлаған қос отбасының әлеуметтік жағдайы да екі түрлі. Бірі кедей, бірі бай. «Кедей жомарт» дейді халқымыз. Қарапайым ғана апамыз кедей болса да жан дүниесі қандай бай! Ақша адамды одан сайын құнықтырып, сараңдыққа жетелей ме деп ойладық. Қалай дегенмен де олардың бәрі уақытша нәрсе ғой. Туысқанның қадірін біліп, бұл өмірде бір-бірімізді сыйлап тұрғанға ештеңе жетпейді-ау, тегі. Қазақылықтың құдіреті де осында деп білемін.

«Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген сөзді де, адамдар арасындағы әлгіндей пендешіліктерге куә болған жан айтқан болар деп ойлаймын. Не нәрсенің дұрыс, не нәрсенің бұрыс екендігін Ислам дінінен артық үйрететін құрал жоқ. Пайғамбарымыз да (с.а.с.) «араларыңдағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер» деп, адамдар арасындағы татулыққа ештеңенің жетпейтінін айтып кеткен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мені осы мақаланы жазуға итермелеген жәйт «дос көңілі бір атым насыбайдан қалады» демекші, таныстарымның баршылықтағы қылығы мен іс-әрекеттері еді. Бұл бір мысал ғана, әйтпесе күнделікті тұрмыста бір басымызға нелер келіп, нелер кетпеуде? Тек басқасынан айырылсақ та, ниетіміздің түзулігінен айырмаса екен!

Күміс Қалтыкей

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған