Кәріс хакерлері мен Пентагонның текетіресі

Солтүстік Корея билігі ядролық қару мен зымырандарын сынақтан өткізуді тоқтатқанымен, хакерлік операцилар арқылы қаржы ұрлауын тоқтатар емес. АҚШ-тың FireEye фирмасы солтүстіккореялық хакерлер тобының жоғары технологиялар қолданылған бұл әрекеттері кем дегенде 11 мемлекетке залалын тигізді деген пікірде. Ең бастысы, хакерлер тобының бұл әрекетін мемлекет билігі қолдап отырған көрінеді. Содан да болар, Ақ үй билігі ресми Пхеньянды Америкаға тікелей қауіп төндіретін Ресей, Иран және Қытай сынды мемлекеттер санатына қосса керек. Естеріңізде болса, осының алдындағы айда ғана АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік министрлігі солтүстік кореялық Hidden Cobra хакерлер тобы банкоматтардан ақша ұрлап жатқанын хабарлап, дабыл қаққан-ды. Министрліктің хабарлауынша, Hidden Cobra соңғы екі жылда ондаған миллион доллар ұрласа, биылдың өзінде бір мезгілде 23 мемлекеттің банкоматтарынан қаржы үптеген.

Бірақ өз азаматтарының барлығына ғаламторға кіруге тыйым салған Солтүстік Корея кибершабуылдарға қатысы барын жоққа шығарудан танар емес. Мәселен, CrowdStrike вице-президенті Адам Майерс: «Пхеньян мен Вашингтон арасындағы шиеленіс азайғанмен, Солтүстік Корея кибершабуылдар арқылы тыңшылықпен айналысып, қаржы жымқырумен шұғылдануда. Оған себеп — елдегі қаржыға деген зор зәрулік. АҚШ тарапынан салынған санкциялар азаймайынша, бұл елдің қаржылық мәселесі шешіле қоюы екіталай. Әзірге Солтүстік Корея ядролық арсеналынан бас тарту жолында нақты қадамға бара қоймағанын ескерсек, мәселенің бұдан әрі ушыға түсетін түрі бар.
Жоғарыдағы АҚШ фирмасының мәліметінше, APT38 деп атанып кеткен кәрістік хакерлер тобы өз қызметін ядролық сынақтар өткізу кесірінен елдің экономикалық жағдайы күрт нашарлап кеткен 2014 жылы ақпан айында бастаған көрінеді. Басында хакерлер Оңтүстік Шығыс Азияның қаржылық ұйымдарына шабуылдаса, содан кейін оның ауқымы Латын Америкасы, Африка, Еуропа мен Солтүстік Америкаға дейін кеңейсе керек. Фирма өкілдерінің дерегіне сенсек, APT38 хакерлер тобы жалпы саны 1,1 миллиард долларды құрайтын қаржының қымқырған екен. Мамандар: «Қазір Солтүстік Кореяның қолында ең агрессиялық кибероперация мүмкіндігі бар. Олар кибер қабілеттерін АҚШ экономикасына шабуыл жасау үшін пайдалануы мүмкін»,— десе, білікті зерттеушілер: «Солтүстік Корея хакерлері сигналдарды Франция, Оңтүстік Корея, Тайвань арқылы жіберіп отырған. Бірақ Солтүстік Кореямен байланыс орнату барысында қателік жіберген»,— деген болжамды алға тартады. Бұл жағдай әлемнің кез келген өңіріне қатер төндіретінін ескерсек, Қазақстанға да бұл шабуылдарға алдын ала дайын болған жөн сияқты. Ал, «әлем жандармы» атанып кеткен Америка болса, бұдан да қауіпті ізденістерге кіріскен көрінеді.
The Guardian басылымының айтуынша, АҚШ әскерилері соғыс жүргізу тактикасын өзгертіп, өздерінің мүмкіндіктерін арттыру үшін автоматтандырылған әдістер іздестіріп жатыр деседі. Пентагон болса, осы технологияға бөлінген қаражат мөлшерін жыл сайын арттырумен келеді. Соған бір мысал — Американың жуықта өз тарихындағы ең ірі технологиялық сауда келісімін жасағаны. Бұл жүйе JEDI (бірлескен кәсіпорынның қорғаныс инфрақұрылымы) деп аталады. JEDI – АҚШ-тың барлық жүйесіне қызмет көрсетуге арналған бұлтты есептеу жүйесін жасау жобасы. Ол Американың сарбаздарына бүкіл әлем бойынша қызмет көрсетеді. Бұл келісімшарт 10 жылға жасалып,10 миллиард долларға бағаланып отыр. Сол себепті де ең ірі технологиялық компаниялар осы келісімшартты қолдарына тигізу үшін күрес жүргізуде. Үкіметтік жасанды интеллектіні Пентагон қаржыландырады. Ал, аталған қорғаныс ведомствосының цифрлық аумағы өте кең: оның 3,4 миллион қолданушысы мен 4 миллион құрылғысы бар. Олардың тек белгілі бір бөлшегінің өзін бұлтты жүйеге көшіру жұмысты анағұрлым тиімді ете алады. JEDI жүйесін басқару – жасанды интеллектімен қарулануға пара пар. Себебі қорғаныс бөлімі бұл жүйені «алгоритмдік соғыс» деп атап кеткен. Әскерилердің мәліметтерін бұлтты платформаға енгізу және оларға анализ жасау арқылы JEDI Пентагонға жасанды интеллект бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға септігін тигізетін болады. Былтырғы жылдың маусым айында Пентагонда Жасанды интеллектінің бірлескен орталығы (JAIC) құрылды. Бұл орталық жасанды интеллект бойынша жасалып жатқан 600-дей жобаны бақылайтын болады. Бұл жобалардың барлығына жоспарлы түрде 1,7 миллиард АҚШ доллары жұмсалады. Ал қыркүйек айында Пентагонның Қорғанысты зерттеу агенттігі (Darpa) алдағы бес жылда жасанды интеллектіні қару ретінде зерттеуге 2 миллиард долларға дейін қаржы инвестицияланатынын хабарлады. Әзірге Пентагонның жасанды интеллектіге жұмсап жатқан шығыны ғана белгілі. Ал жобалар туралы толық мәліметтер аз. Олардың қатарында тіпті Терминатор стиліндегі адам өлтіргіш роботтар да болуы мүмкін. Олай болған жағдайда, адам өлтіретін роботтарды жасауды тоқтату науқанын бастап, оған тыйым салатын шешім қабылдау қажет болмақ. Бүгіндері терминатор кейпіне енбесе де, жасанды интеллект соғыс құралына айнала бастады. Тіпті жасанды интеллектімен жасақталған қарулар да бар. Ал соғыс болса, оның қандай қаупі туындауы мүмкін? АҚШ-тың әскери бюджеті Қытай, Ресей, Сауд Арабиясы, Үндістан, Ұлыбритания, Жапониядан көп. Сонымен қатар бүкіл әлем бойынша АҚШ-тың 800-дей базасы бар. Яғни, АҚШ бұл салада өте қуатты және ол қуатын әлемнің кез келген түкпірінде пайдалана алуға қауқарлы. Америкалық жасанды әскерилерге адам өлтіру түкке де тұрмайды. Ең қиыны – кімді өлтіру керектігін таңдау. Дәстүрлі соғыс кезінде адам өзінің жауын өлтіреді. Ал шекарасы белгіленбеген шиеленісте, соғыс алаңы жоқ шиеленісте қарсылас кім?
Белгілі бір елдің картасына қарап тұрып, бомбалайтын орынды таңдап алу бір басқа да, бүкіл әлемдегі көптеген ақпараттың ішінен дронмен шабуыл жасайтын кандидат табу бір басқа. Мұндай жағдайда нысанды табу ең қиын жұмысқа айналады. Міне, дәл осы кезде жасанды интеллект көмекке келе алады. Бір сөзбен айтқанда, жасанды интеллект соғыстың ең қиын әрі ауыр жұмысын автоматтандыруға көмектеседі. Ал Пентагондағы Maven жобасы бұл идеяны іс жүзінде жүзеге асырып та жатыр. Cross-Functional Team от Algorithmic Warfare деп те аталатын Maven жобасын әскерилер жасаған. Ол бастапқы сатыда жасанды интеллект арқылы бейнероликтерді сканерлеп, бомбалайтын адамдарды, көлік құралдарын, ғимараттарды тауып береді. Жоба директоры, генерал-лейтенант Джек Шанахан: «Бізде экрандағы видеоға 6, 7, 8, 9, 10, 11 сағат қарайтын сарапшылар бар. Дегенмен, Maven бұл жұмысты автоматтандырады да, мәліметтерді адамдарға ұсынады. Кейін бұл бағдарламаны дрондарға енгізіп, олар өздері нысанды анықтайтын деңгейге жеткізетін боламыз»,— дейді. Пентагон: «Бұл технологгия нақтылықты арттырып, тұрғындар арасынан құрбан болатындар санын азайтуға септігін тигізеді»,— дейді. Дегенмен, жасанды интеллектке келгенде, аса сақтық қажет екені сөзсіз, себебі, адам бақылауы керек дүние дұрыс емес алгоритмдерге берілсе, жағдай қиындап кетпек. Пентагон лақтырған бомбаның кімнің басына түсетінін тап басып айту мүмкін емес. Сосын алгоритмдік соғыста америкалық әскерилердің ақиқат жағындағы күш екеніне күллі әлем жұртшылығын сендіре қою да қиын шаруа. Өмір ақиқатына жүгінсек, әлгіндей алгоритмдік соғыс әскери өндірістік кешендегі үлкен технологияларды иемденіп, миллиардерлерге үздіксіз соғысты қамтуға қуатты стимул береді. Жаулар табылып, ақша да жасалатын болады. Яғни, бұл реттегі проблема құралдың сапасында емес, оның қолданылуында жатыр. Ал жасанды интеллект өте қатал болғандықтан, одан рақым күтуге болмайды. Өзін әлем падишасы санайтын АҚШ билігінің қажет деп тапса, АҚШ кез келген жерден жау табуы әбден мүмкін. Ал жасанды интеллект оларды жылдам табуға көмектесетін болады. Сөйтіп, мамандар айтқандай аз емес, көп адам өлтіруге ықпел етеді. Сондықтан, кәріс хакерлерінің иә америкалық жасанды әскери интеллектінің қайсысы адамзатқа көбірек қауіп төндіретінін ескерген абзал болмақ.

Дайындаған — Ермек Назым

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған