Көктемгі дала жұмыстарына қаншалықты дайынбыз?

Биылғы қыс өңір  шаруаларына жайлы болғаны жасырын емес. Бірлі-жарым жауын-шашын түскені болмаса, қара жер қар астында тоңды деп айтуға келмес.  Сондықтан  көктем келісімен  еңбеккерлер  дала   жұмыстарына мықтап  кірісіп кетті. Осы орайда, биылғы егістік науқаны жұмыстарының барысын бір саралап көрген едік.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек,үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарының құрылымы 608,8 мың гектарды құрапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға артық.

-Биыл 139,08 мың гектарға жаздық арпа, 15,12 мың гектарға дәндік жүгері, 2,2 мың гектарға жаздық бидай, 10,0 мың гектарға қант қызылшасы, 87,7 мың гектарға майлы дақыл, 36,8 мың гектарға көкөніс және бақша өнімдері, 8,7 мың  гектарға картоп, 26,73 мың гектарға таза егілетін көпжылдық шөп, 46,95 мың гектарға бір жылдық шөп  және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарлануда. Бұдан бөлек,  өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс, бақшажәне мал азықтық  дақылдардың көлемін арттыру көзделуде.

Қант қызылшасының өнімділігін арттыру мақсатында тұқым мен техника алу үшін бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, өзге дақылдарға қажетті тұқым алу үшін Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарымен байланыс орнатылып, келіссөздер жүргізілуде, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.

sl-1

Жалпы, көктемгі-егіс дала жұмыстарының басталуына барлық дақылдар бойынша тұқым толық дайындалады деп күтілуде.

Тағы бір айта кететін нәрсе ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіліп, бірегей және элиталық тұқымдар сатып алуға да субсидиялар қаралуда екен.

Бұдан бөлек, Үкімет  тарапынан арзандатылған тыңайтқыштарға – 749 миллион  теңге, гербициттерге – 53 миллион  500 мың теңге және басым дақылдарға – 2 миллиард  500 миллион  теңге қаржы қаралған.

Көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау  жұмыстары да жүйеленген. Атап айтсақ, қолда бар 5751 трактордың 83 пайызы дала жұмыстарына дайын болса,  доңғалақты тракторлардың  – 85 пайызы, соқалардың – 87 пайызы, тырмалардың – 92 пайызы, қопсытқыштардың – 85 пайызы, дән сепкіштердің – 84 пайызы және  тұқым дәрілегіштердің – 84 пайызы сақадай сай тұр.

Ал көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде өткізу үшін Үкімет тарапынан 15 500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, операторларға бекітілген.

Иә, байқап тұрсақ, жұмыс жоспарлы жүріп жатқан  секілді. Және биыл шаруалар жанар-жағармай мен бірқатар дәнді-дақылдардың  тұқымынан таршылық көрмейтіні жанға жылу береді. Десе де, «егіннің жайын еккен біледі» демекші, осы орайда көктемгі дала жұмыстарының жайын аудандардың  өздерінен  білген едік.

Шаруалар қызылша егістігін еселеп өсірмек

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің  ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспеновтың айтуынша, биыл 20140404182628елді мекендегі шаруалар қант қызылшасын егуге ерекше құлшыныс танытып отыр  екен.

-Көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде орындалуда. Егістікке қажетті тұқым мен техниканы әзірлеп қойдық. Жанар-жағармайда жеткізіліп, операторларға  бекітілді.

Биылғы жылдың басты ерекшелігі – шаруалар қызылша егістігін еселеп өсірмекші. Меморандумға сәйкес, ауданға 200 гектарға тәтті түбір егу тапсырылса, шаруалар 371 гектарға қант қызылшасын отырғызуға ниет білдіріп отыр. Осыған орай, қосымша тұқымға сұраныс беріп, Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қант зауыттарынан француздық «Авантаж» тұқымын алу көзделуде.

Бұдан бөлек, аудандағы «Қарақыстақ» және «Қайқы» шаруа қожалықтары қант қызылшасына арналған техника мен құрал жабдықтарды жаңартып, науқандық жұмысқа тас-түйін дайын отыр. Бір сөзбен айтқанда, биыл өзге өнімдермен қатар, тәтті түбірден де  мол табыс түскелі тұр, – дейді бөлім басшысы.

0360b10ad2850f4d8cd1a0a8a969c018

Техника 100 пайыз дайын

Қордай ауданы да биыл өнімді еселеп өсіреміз  деп жоспарлауда екен. Және бұл бағыттағы жұмыстарға қажетті техникасын 100 пайызға әзірлеп қойыпты.

Биыл  егістік көлемін 111151 гектарға жеткізу жоспарлануда.  Оның ішіндекүздік бидай 17000 гектарға, жаздық арпа 26000 гектарға, дәндік жүгері 7000 гектарға, майлы дақылдар 7000 гектарға, картоп 2550 гектарға, қант қызылшасы 1000 гектарға, көкөніс және бақша өнімдері 4201 гектарға және  азықтық дақылдар 46400  гектарға себіледі.  Сондай-ақ, 1000 гектар жерге қант қызылшасын орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өнім көлемін өсіру үшін арамшөптер мен зиянкестерді жою бағытында  улы дәрілер мен гербицидтер алынуда. Бұдан бөлек, дала жұмыстарына қажетті техникамызды 100 пайыз әзірлеп отырмыз. Нақтырақ айтсақ, егістік басында  713 бірлік трактор, 294 соқа, 264 дәнсепкіштер, 1645 тырмалар, 134 культиватор және 21 бірлік тұқым дәрілегіштер жұмыс жасайтын болады,- дейді Қордай ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Смағұлов.

Қолдау болса, қойма да салынады

Сарысу ауданы болса, биыл тың бастамаларды қолға алмақ. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Дариябековтың айтуынша, олар үстіміздегі жылы аграрлық саланы жаңа қырынан танытпақ көрінеді.

1334878540_potager_semer_0-Үстіміздегі жылы алғаш рет пилоттық жоба ретінде 30 гектарға қызылша екпеппіз. Бұл жұмысты Жаңаталап ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тапсырдық. Егер жемісті болып жатса, қызылша шаруашылығын мықтап қолға алатын боламыз.

Бұбан бөлек, биыл тамшылатып суару технологиясын енгізе отырып, 30 гектарға пияз, 1,5 гектарға тәттібұрыш, 6 гектарға бақша өнімдері, 20 гектарға жүгеру егу жоспарлануда. Ал «Жантөре – Саудакент» ЖШСкөкөніс сақтайтын қойма салуға ниет білдіріп отыр.  Алайда суармалы жерге құрылыс жүргізуге Заң талаптары бойынша тиым салынған. Сондықтан қоймаға қажетті орынды қазір қарастырудамыз. Егер осы жобаға  облыс әкімдігі тарапынан қолдау болса, ауданда өнімді өсіріп ғана қоймай, оны сақтау бойынша да талай тірлік тіктелер еді, – дейді Сейілбек Шакенбайұлы. 

Жанар-жағармай бағасы қос бүйірден қысуда

Жамбыл ауданы да биылғы көктемгі дала жұмыстарына жіті көңіл бөлуде.Алайда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбановтың айтуынша,  жанар-жағармайға қатысты түйіткілдер туындап отырған көрінеді.

%d0%b2%d0%b2%d0%b2-350x263-Жалпы биылға 51 200 гектарға дән себу жоспарланған.  Жер ызғары қайтқан бойы, егістік даласына шығатын боламыз. Бірақ, шаруалардың шағымын туғызып отырғаны жанар-жағармайдың бағасының қымбаттығы болып тұр. Нақтырақ айтсақ, көктемгі дала жұмыстарына ауданға 1650 тонна дизель отыны бөлінген болатын. Осы отынның 1 литрі қазір 120 теңгеден саудалануда. Ал аудандағы жанар-жағармай бекеттерінде осы дизель отыны 125 теңгеден сатылып жатыр. Арасы бар-жоғы 5 теңге.  Сол себепті, шаруалар Үкіметтен бөлінген дизельді жол шығындап барып алғаннан гөрі, қасындағы бекеттен сатып алғанды жөн көруде. Негізі бұл жанар-жағармай  шаруаларға демеу болуы керек еді. Алайда  нарықтаға бағадан айырмашылығы аса байқалмағаннан кейін, сұранысы мүлде төмендеп барады. Осылайша баға қос бүйірден қысып тұр, – дейді бөлім басшысы .

Тілші түйіні

Жалпы мұндай жағдай өзге аудандарда да  кезігуде. Барлық жерде белгіленген баға бір болғаннан кейін,  шаруалар амал жоқ қымбатқа ұрынып жатыр. Десе де, шаруашылықтардың дені қиындықтарға қарамастан көктемгі дала жұмыстарына дер кезінде бастайтындықтарын  айтуда. Бұл әрине жанға жылу беретін дүние. Дейтұрғанымен, биыл өнімді еселеп өсіреміз деп бел буып отырған дихандарға ең болмаса жанар-жағармай бағасын қолжетімді қылса, оларға  көп көмек болары сөзсіз. Осы жағын жауапты басқарма мамандары ескеріп, есептеп, бір қолдауын білдіреді деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған