Көнені көзіндей, тарихтың өзіндей…

Жуырда жарияланған  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласы әрбір азаматтың ой-санасына  соны серпін бергені анық. Бұл  Елбасы ұсынған  жаңғыртулар  қазақстандықтарды  сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана-сезім мен  білім саласындағы реформаға бастайды. Әрбір сөздің  түбіріне   терең бойлаған адам бабалардан мирас  болып қалған   ұлттық құндылықты  көздің қарашығындай  сақтай отырып,  ұлттық рухты жаңғырту  қажеттілігін түсінеді.  Осыған байланысты  алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар бағыты  жөнінде Талдықорған қаласында орналасқан  М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Әбсеметқызы Аязбаеваның әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.                                                          

Тарих қоймасы сыр шертеді

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде еліміздегі музейлер туралы «…Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау — абыройлы міндеттің бірі», — деп атап өткен болатын.

1992 жылдың 2 шілдесінде қабылданған  ҚР «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңында музей мәселелері де назардан тыс қалмаған. Қазақстан музейлерінің картасында музейлер республикалық, мекемелік, облыстық, қалалық, аудандық деп бөлінген. Осы аталған музейлер өз бағыттарына қарай ерекшеленеді. Мысалы, тарихи-өлкетану, мемориалдық, бейнелеу өнері, тарихи-мәдени қорық, әдеби, археология, этнография т.б. болып жіктеледі. Олардың бағыты әртүрлі болғанымен, міндеті бірдей белгіленген бес бағыт бойынша жүргізіледі. Оларға қорлар жинақтап, зерттеп, оны экспозицияда көрсету жұмыстарын жан-жақты өрбітумен қатар, келушілерге мәдени-ағарту бағыттарында қызмет көрсету жатады.

Бүгінгі таңда республикада музейлер саны бойынша Алматы облысы  бірінші  орынды  иемденген. Облыс бойынша 22 музей, 2 галерея халыққа қызмет етуде. Алматы облысы әкімінің 2011 жылғы 25 қаңтардағы № 18 қаулысы негізінде Талдықорған қаласында орналасқан «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып жаңадан құрылып, басқа музейлер филиал ретінде оның құрамына кірді. Алматы облысы әкімінің қолдауымен бөлінген қаржы көлемімен алты жыл ішінде 16 музейге жөндеу және безендіру жұмыстары жүргізіліп, музей қорлары жаңа экспонаттармен толықты. Мәдениеттің  маңызды  саласы ретінде музейлерге кез келген қоғамда ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық, халықтың өз тарихи тамырын танып, білуінде зор қызмет атқаратын бірден-бір мекеме ретінде ерекше орын берілген. Өйткені тек музейлерде ғана халықтың әр замандағы тұрмыс-тіршілігінің заттай айғақтары жинақталып, сақталады. Музейлердің атқарған қызметі бойынша бір жылдық сараптама жасау  мүмкін емес. Оның өткен тарих пен қазіргі тарихты, материалдық және рухани байлықтарды жинақтау, сақтау, ғылыми тұрғыда сараптап, құжаттау жұмыстары ұзақ уақытты талап етеді. Үздіксіз дамып жатқан адамзат тарихында құбылыстар мен өзгерістерді ғылыми түрде құжаттап, халық санасында қалдырудағы, ұлттық мәдениеттің атқарар қызметі зор. «Музалар ғибадатханасы», «ескілікті сақтаушы» немесе «көне құндылықты сақтайтын орын» деген мағынаны білдіретін музейлердің негізгі міндеті — жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлт тарихын тереңдеп таныту.

 Музейлер қорында 60 мың жәдігер бар

Қазіргі кезеңде музейлердің еліміздің мәдениетінің дамуында алатын орны ерекше. Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында рухани мұраларды жаһандану үрдісінде насихаттап, дәріптеу керек екендігі айтылған болатын. Сондықтан да кез келген музей қызметкерлері өздерінің негізгі қызметтерін орындауда жұмыстың жаңа түрлерін қолданып, қазіргі сұранымдарға сәйкес жаңа экспозициялар жасауда. Өйткені ғылым мен техниканың жаңа соңғы жетістіктеріне сәйкес жақсы жасалған экспозициялар жастарды патриоттық және азаматтық рухта тәрбиелеуде айқын күш ретінде танылары анық.

ХХ ғасырдың 70-жылдары ғана қазіргі облыстық музейдің негізі қалана бастады. 1993 жылы музейге жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-өлкетанушы Мұхаметжан Тынышпаевтың есімі берілді. Бүгінде 43 жылдық тарихы бар музей облыстағы музей ісі жөніндегі бірден-бір методикалық орталыққа және ірі мәдени ошаққа айналып отыр.

Облыстағы музейлердің ішінде өзіндік ерекшелігімен дараланатын 1892-1895 жж. бір шегесіз тұрғызылған «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер, 1946 жылы құрылған Ж. Жабаевтың әдеби-мемориалды, қазақтың тұңғыш саяхатшы-ғалымы Ш. Уәлихановтың (1985 ж.), елімізде ең бірінші болып «Алтын адам» ескерткіші табылған Есік қаласындағы археологиялық-өлкетану (1996 ж.), «Черкасск қорғанысы», М.Мақатаевтың әдеби және М.Төлебаевтың мемориалды музейлерін атап айтуға болады.

Әр музей құнды жәдігерлерімен, қайталанбас тарихымен ерекше. Облыс аумағындағы музейлер қоры 60 239 жәдігерді құрайды. Оның 30 мыңнан астамы  негізгі қорға, 30 мыңнан астамы  көмекші қорға жатады. Осы жәдігерлерге есеп пен сақтау жұмыстарының дұрыс жүргізілуін ұйымдастыру мен қамтамасыз ету — кез келген музейге қойылатын басты талап. 

Талдықорған қаласындағы білім беру орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқарылуда. 2015-2016 жылдардың бірінші  тоқсандарымен салыстырғанда музейге келушілердің саны 2017 жылдың  бірінші  тоқсанында екі  есеге артып отыр. Келушілердің санын арттыру мақсатында, олардың қызығушылықтарын зерттеу және музей қызметінің тиімділігін анықтау үшін «Музей және келуші» сауалнамасы дайындалып, музейге келушіге пікірін білу мақсатында ұсынылуда. Әлеуметтік желілерге де сұрау салынып, әрбір қала тұрғындарына өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіншілік жасалды.

Жылжымалы көрмелер

Биылғы жылы көпшілік-ағарту жұмыстарының жаңа тәсілі — музейаралық жылжымалы көрмелер ұйымдастыру ісі көпшілік көңілінен шығып, оң нәтижелер беруде. Қаңтар айында алғаш болып «Анаға Құрмет» музейі Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейіне «Салтым — асыл қазынам» атты қазақ халқының қолөнер бұйымдарынан тұратын көрмесін апарды. Насихаттау жұмыстары  жүргізілді. Ал ақпан айында осы музейге Ү.Кәрібаевтың музейі «Алатау ақындары» атты музейаралық жылжымалы көрмесінің ашылуын өткізді. Екі апта бойы көпшілік назарына ұсынылған көрме Қарасай ауданының тұрғындарына Айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай, жыр алыбы Жамбыл, шәкірт ақын Үмбетәлі ақындарының өмірі мен шығармашылығы жайлы мол мағлұмат таратты. Сондай-ақ, Ү.Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейінің қорынан алынған заттардан Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде «Жамбылдың шәкірті» атты көрме безендірілді. Наурыз айында  Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ү.Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейіне «Қазыналы Қарасай» атты көрме құрды. Ал С. Аронұлының әдеби-мемориалды музейі өз экспонаттарынан Ж. Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі негізінде «Жамбыл ақын» атты көрмені халық назарына ұсынды. Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров әдеби музейі Алматы облыстық ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығымен бірлесе отырып, Ақсу ауданындағы І. Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Ілияс әлемі» атты тақырыпта көрме ұйымдастырды. Көрмеге ақын І. Жансүгіровтің архивтік құжаттары, суреттері мен жеке заттары қойылды. Сонымен қатар  Ақсу ауданындағы Ақын Сараның мемориалды музейі Ескелді ауданындағы Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінде «Қазақтың ақын бұлбұлы» атты тақырыпта көрме ұйымдастырды.

Оқушылардың көкжиегін кеңітетін саяхат

Музей биыл алғаш рет қала мектептеріндегі үздік оқушыларды ынталандыру мақсатында облыс аумағында орналасқан музейлерге экскурсия-саяхат ұйымдастыру жұмысын қолға алды. 2017 жылдың І жартыжылдығында қаламыздағы 25 мектептен жинақталған 50-ге жуық оқушы 2 музейге:  Сарқан ауданы, Лепсі ауылында орналасқан М.Төлебаевтың мемориалды музейіне, ғалым Ш.Уәлихановтың қайтыс болған күніне орай, 10 сәуір күні Кербұлақ ауданы, Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне барып қайтты.

2017 жылдың 26 қаңтарында музей педагогикасын дамыту, жастарды өнерге баулу мақсатында білім беру ұйымдарымен бірлесіп М.Тынышпаев музейінің жанынан «Лидер» атты жас экскурсия жүргізушілердің үйірмесін құрды. Сонымен қатар,  Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев музейінің жанынан 2011 жылдың сәуір айында ашылған «Жас суретші» атты суретшілер үйірмесі  мен 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап «Бала жорға» атты ақындар үйірмесі  жұмыс жасайды. Музей жұмысын кеңінен насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде («фэйсбук», «инстаграм», «в контакте» т.б.) музей парақшалары ашылып, күнделікті атқарылып жатқан мәдени шаралар көпшілік назарына ұсынылуда.

Сый-тартуларды әкелген кім?

Музей қорларын толықтыру мақсатында «Музейге сый тарту» акциясы жарияланды. Акция туралы баспасөз беттеріне және әлеуметтік желілерге хабарламалар алдын ала таратылды. Осының нәтижесінде қала тұрғыны О.В.Агафонова музейлік маңызы бар 9 зат (сөре, орындық, жапқыш, кітап т.б.) тапсырды: Б.Иманбаева 1983 жылы жасалған домбыра, С.Дауталиев 2 альбом (ҰОС-на қатысқандар), т.б. заттар жиналды. 17 сәуір күні Талдықорған қаласының тумасы, бүгінгі күні Ресейдің Липецк қаласында тұратын Болдырева Светлана Робертовна елге арнайы келіп, өзінің «60-шы жылдардағы фонтан» атты туындысын М.Тынышпаев музейіне сыйға тартты.

 «ЭКСПО 2017»-нің жаршылары

Халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесін насихаттау мақсатында, барлық музейлерде танымдық іс-шаралар өтіп жатыр. Кәсіпорын және оның филиалдары қорынан іріктелген (51 экспонат) «Алматы облысының Алтын картасы» атты көрме Еңбекшіқазақ ауданындағы республикалық Есік қорық-музейінде ұйымдастырылды. Көрменің басты мақсаты — ЭКСПО қонақтарына Алматы облысында орналасқан музейлер туралы ақпарат беру, музейлер арасындағы байланысты, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сан түрлі қырынан таныту, олардың ерекшелігін сезіндіру. Облыстың тарихи-мәдени байлығын бір жерден көруге және қысқа  уақыттың ішінде облыс музейлерінің жәдігерлерімен бір жерден  толық танысуға мүмкіндік туды. «ЭКСПО — 2017» Халықаралық көрмесі аясында Алматы облысы музейлерінің қорынан «Туған өлке — тұнған тарих» тақырыбында көрме жинақталды. Көрмені Астана қаласындағы ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінде 2017 жылдың 11-15 шілде аралығында безендіру жоспарланып отыр.

«Туған жер» бағдарламасы патриотизм өзегі

Ұлт көшбасшысы  Н. Назарбаевтың мақаласындағы  рухани жаңғыру туралы    өрнекті ойлар көпшіліктің көңілінен шығуда. Әсіресе «Туған жер» туралы  бағдарламасында  Қазақстанға деген патриоттық сезімнің көрінісі жатыр. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз бойымызда қалыптасуы тиіс. Оның негізі сана-сезімде, отансүйгіштікте, ұлтымызға деген құрметте. Қазақ елі бүгінде әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды көздеп отыр. Бұл ретте экономикалық дамумен қатар, рухани жаңғыруға да басымдық берілді, ал ол ұлттық санамен, бірегейлік бәсекеге қабілеттілікпен, сапалы білімнен көрініс табуы тиіс. Елбасы мақаласының негізгі түйіні осында деп білеміз.

«Туған жер» бағдарламасы тікелей мәдениет саласында қызмет жасап жүрген қызметкерлерге қатысты, өйткені  өлкетану жұмыстарын жүргізу, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Жас ұрпақ  құнды тарихымыздан сусындап, иісін сезіп, жалпы ұлттық ұғымын сіңіргенде ғана туған ел мен жердің қадірін біле алады.

Қазақ елі — зор өркениеттің, мәдениеттің, рухани құндылықтардың иесі. Елбасы жеріміздегі құнды жәдігерлер кешендеріне, ескерткіштерге, көне қорымдар мен киелі мекендерді, музейлерді ұлт жадына кешен ретінде орнықтыруды мензейді. Себебі олар халқымыздың ұлттық бірегейлігінің негізін құрайтыны анық. Осыған байланысты  Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінде 2017 жылы «Ұлы дала батырлары» мемориалды кешенін ашу жоспарланып отыр. Кешен ғимараты демеушілер тарапынан салынды. Қазіргі таңда кешеннің көркемдік-безендіру жұмыстары басталды.

Нұрила Бектемірова

Суретте: музей директоры Рысжан Аязбаева және экспонаттар

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған