Латынға көшу қажеттілік…

Қазақ қоғамында ұзақ уақыттан бері талқыланып келе жатырған өзекті мәселелердің бірі латын қаріпіне көшу десек қателеспейміз. Сонау Тәуелсіздік жылдарынан бері көтеріліп келе жатырған осынау тақырып енді мәреге де таяп қалған сияқты. Бір нәрсе анық – біз қаласақ та, қаламасақ та латын қаріпіне өтеміз. Және бұл уақыт талабы. Одан аттап өте алмаймыз. Ендігі мәселе латын әріпінің қандай нұсқасына өтеміз? Әңгіме осы мәселе төңірегінде болуы тиіс.

Бүгінгі таңда әлемнің бірқатар елдері өз жазуларын латын алфавитіне негіздеп алды. Және қазақ тіліне де арналған бірнеше нұсқалары жасалды. Негізгі тартыс қазақтың төл дыбыстарын қалай дұрыс таңбалау керек деген сұрақ төңірегінде орын алып келеді. Біреулері бір дыбыс – бір таңба принципін басшылыққа алса, енді біреулер қос таңба – бір дыбыс, яғни дифтонг жүйесін қош көреді. Әркімнің пікірі әртүрлі. Ұлттың ұпайы кететін осынау күрделі мәселе мені де бей-жай қалдырмайды. Сондықтан да ҚР азаматы, әрі тіл маманы ретінде мен де өз пікірімді ортаға салуды жөн көрдім. Және де назарларыңызға өзім жасап шығарған латын алфавитіне негізделген жаңа нұқсаны ұсынамын.

Менің ойымша қазақтың жаңа алфавиті қазақтың ұлттық болмысына сай болуы тиіс. Қазақ ешкімді ренжітпеуге тырысатын халық. Қазақтың осы қасиеті жазуында да көрініс табуы тиіс. Сондықтан да бір дыбыс – бір таңба принципін де, дифтонг жүйесін де бір арнаға тоғыстырған жүйе жасап шығардым. Кейбір жерлері оқылу ережелерімен бекітілген. Жаңа алфавитте біз ең алдымен қазақ тіліне тән ә, ө, ү, ұ, і, ғ, қ ң, һ сияқты 9 спецификалық дыбыстарға басымдылық беруіміз керек. Бұл дыбыстарды дифтонгпен беруге болмайды. Сол себептен жеке-жеке таңбалауымыз қажет. Бұл дыбыстар нағыз қазақтың жаны. Кезінде Кеңес үкіметі осы дыбыстарды жою үшін біраз тер төккені бекер емес. Бұл дыбыстардан айырылсақ қазақ тілі құрдымға кететіні анық. Сонымен менің жасаған әліпбиім 32 әріптен тұрады және өте қарапайым.

Латын қаріпіне негізделген қазақ алфавиті.

Таңбасы Оқылуы Таңбасы Оқылуы
Латын Кирилл   Латын Кирилл  
Aa Аа а Mm Мм эм
Ää Әә ә Nn Нн эн
Bb Бб би Ññ ңң эң
Cc Кк ка* Oo Оо о
Dd Дд ди Öö Өө ө
Ee Ее е Pp Пп пи
Éé Ээ э Qq Ққ қы
Ff Фф эф Rr Рр эр
Gg Гг гі Ss Сс эс
Ğğ Ғғ ғы Tt Тт ти
Hh Һһ оқылмайтын аш (һ) Uu Уу у
Ii Ии и Ûû Ұұ ұ
Ïï Іі і Üü Үү ү
Jj Жж жэ Vv Вв ви
Kk Кк кей Yy Ыы/Йй **
Ll Лл эл Zz Зз зе

 

Қосымша дыбыстар: Sh – Ш, Ch – Ч, Yu – Ю, Ya – Я, Yo – Ë

Классикалық латын алфавитіндегі 26 әріптің 24-і алынды. Оған тек қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды беру үшін 7 таңба қосылды. 5 дыбысты дифтонг арқылы таңбаланып отыр. Бұл жерде жаңалық болып отырғаны – бір таңба – екі дыбыс беретін «C» және «Y» әріптері.

Классикалық латын алфавитінде «C» – әріп «си» болып оқылғанымен көп жерлерде «ка» болып оқылады. Тек 3 әріптің: e, i, y – алдында ғана «си» болып оқылады. Бұл ағылшын тілінде де, француз тілінде де бар ереже. Қазақ тіліндегі «К»- таңбасын «C» – әріпімен таңбалау тілімізге эстетикалық сипат береді. Контексте көз сүріндірмейді. Осыны ескере отырып «e» және «i» әріптерінің алдына «К» (кей) әріпін жазып, қалған жағдайларда «C»  таңбасымен беруді ұсынамын.

“C” vs “K”

Капитан – capitan – kapitan

Канада – Canada – Kanada

Конституция – Constituciya – Konstutuciya

Кандидат – candidat – kandidat

Кавказ – Cavcaz – Kavkaz

Экономика – Économica– Ékonomika

Малика – Malica – Malika

Физика – Fizica – Fizika – қайсысы оқуға жеңіл, көрер көзге сымбатты көрінеді? Әрине «C» – әріпімен таңбаланған сөздер. Ал «К» – таңбасын келесі сөздерді жазуда қолдануға болады: äke, sheke, keme, kit, kïtap, kerege, Kipr т.б. Ал «C» – әріпінің алдында «e» және «i» әріптерін қойса «Ц» дыбысын береді. Мысалы: Franciya – Франция, Veneciya – Венеция, Constituciya – Конституция, Circ – Цирк, Circul’ – Циркуль т.б. Ережесі өте қарапайым: «С» таңбасы «e» және «i» дыбыстарының алдында «ц» болып, қалған жағдайлардың барлығында «ка» болып оқылады.

«Y» – таңбасы

«Y» – таңбасы өте тиімді таңба. Бұл әріптің де ережесі өте қарапайым. Дауысты дыбыстан кейін келсе «Й», дауыссыз дыбыстан кейін келсе «Ы» қылып оқуға болады. Мысалы:

Ай – Ay

Айжан – Ayjan

Қаймақ – Qaymaq

Үйрек – Üyrec

Эйфория – Éyforiya

Ұйым – Ûyym

Ыдыс – Ydys

Ырғақ – Yrğaq

Қақтығыс – Qaqtyğys

Бауыр – Bauyr

Алмайды – Almaydy

Болмайды –  Bolmaydy т.б.  Мұндай ереже қазіргі қазақ тілінде бар. Қазіргі кирилл әріпіне негізделген алфавитте «у» – әріпі дауысты дыбыстан кейін келсе дауыссыз, дауыссыз дыбыстан кейін келсе дауысты болып оқылады емес пе? Латын қаріпіне ауысқанда да осы ереже қалады. Bauyr сөзінде де «а»-дан кейін келген «u» – дауыссыз, дауыссыз әріптен кейін келген «y» – ы болып оқылады. Ал руы, туыс сөздерін жазу үшін «’» апостроф белгісін қолдануға болады. Мысалы: ru’y – руы, tu’ys – туыс т.б. Сондай-ақ апострофты жіңішкелік белгісін беру үшін қолданылады. Мысалы: Львив – L’viv, компьютер – comp’yuter т.б.

Ал енді осы алфавитті қолданып сөйлемдер жазып көрейік:

30 – tamyz Qazaqstan Respublicasynyñ Constituciyasy cünï – 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.

Ucraina astanasy – Kiev qalasy – Украина астанасы Киев қаласы.

Äleumettïc jelïler baylanysudyñ eñ tiïmdï qûralyna aynaldy – Әлеуметтік желілер байланысудың ең тиімді құралына айналды.

Жалпы, латын тіліне өтеудің артықшылықтары көп. Қарапайым ғана мысал: Жайлаубай деген кісінің атын ағылшыншаға қалай дұрыс жазуда қиыншылықтарға ұшыраймыз. Zhailaubai, Zhaylaubay, Jailaubai, Jaylaubay – деп 4 түрлі нұсқада жазып жүрміз. Дұрысы әрине – Jaylaubay болады. Қазақ тілінде осы нұсқаны бекітсек ағылшынша жазғанда да осылай қалады. Zh – дифтонгі «ж» дыбысын бере алмайды және ол шет елдерде қолданылмайды. Біздің қазіргі қолданып жүргеніміз орыс тілінің техникалық транслитерациясы. Оны Волопюк деп атайды. Ол қазақ тіліне жарамсыз. Мысалға Әсел деген 4 әріптен тұратын қазақ қызының атын «Assel» деп 5 әріппен жазып жүрміз. Оны кері қарай транслитерациялағанда «Ассел» шығып кетеді. Әселді Ассел деп айту тілімізді дифференсацияға ұшыратпайды ма? Латын қаріпінің лайықты нұсқасын таңдасақ осындай ұлтқа қауіп төндіретін кемшіліктер жойылар еді.

Латынға өту сөзсіз керек нәрсе. Бірақ әбден ойланып барып шешім қабылдау керек. Латынға өтеміз деп түрік бауырларымыз ә, ұ, ң, қ сияқты дыбыстарынан айырылып қалды. Нәтижесінде Әлиді Али, Құдіретті Кудрет деп жүр. Өзбектің латыны таза компьютер пернетақтасына негізделген техникалық латын болып шығып, нәтижесінде толық сіңісіп кете алмады. Әзірбайжан мен Түркімен латыны әжіптәуір жақсы. Дегенмен де оларда да кемшіліктер бар. Сондықтан да ешкімге еліктемей де, жалтақтамай да өзіміздің қазақ латынын қабыдауымыз керек. Оған қоса осы сәтті пайдаланып қазақ тілінің орфографиясына да өзгерістер енгізіп алуға болады. Ең қажетті реформаны «х» әріпін алып тастаудан бастау керек. Бұл әріпті кезінде «қ» әріпінің күшін әлсірету үшін әдейі енгізген. Енді х – әріпінен басталатын барлық сөздерді қайтадан «қ» әріпіне ауыстырып, осы кемшіліктің орнын толтыруға мүмкіндік бар. Қан сайлау, қалық (народ), қат жазу, Асқана, Асқат, шақмат т.б. Сол сияқты і – әріпінің де қолданысын азайтуға болады: бүгін-бүгүн (bügün), үшін-үшүн (üshün) т.б.

P.S. Кейбіреулер экономикалық тиімділігін ойлап, техникалық нұсқадағы латынға өткенді қалайды. Алайды, технократияның құлы болып, Мұхтар Шаханов айтқандай компьютер басты жарты адамға айналып жүрмейік! Ұлттың болашағы экономикалық мүддеден әрқашан да жоғары тұруы тиіс…

Оралбек Өтеғұлов, Ақтөбе қаласы

Abai.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған