Малайзия елшісі Кереку жерінде

Солтүстік Қазақстан облысына Қазақстан Республикасындағы Малайзияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Дато Хидаят Абдул Хамид келді деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Елшіні делегаттарымен бірге ыстық ықыласпен қарсы алған облыс басшысы Ерік Сұлтанов амандық-саулық сұрасқаннан кейін бірден Кереку өңірінің экономикалық дамуына тоқталды.

Біздің жеріміздің топырағы бай әрі құнарлы, бұл жағынан Канадамен теңдесе аламыз. Жердің 5 миллион гектарын егіс алқаптары құрайды. Негізінен астық пен азық-жем дақылдары өсіріледі. Бұдан бөлек, соңғы жылдары диверсификация бағдарламасын жүргізіп, сол арқылы май дақылдарын өсіруді қолға алдық. Солтүстікқазақстандық өнім үлкен сұранысқа ие, сондықтан біз экспорт аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Ерік Хамзаұлы.

                                              DSC_1377  DSC_1383

Өз кезегінде Дато Хидаят Абдул Хамид те өңір басшысына ризашылығын білдіріп, жұмыс сапарының мақсатымен бөлісіп:

«Мен сіздердің өңірлеріңізге келгеніме қуаныштымын, мұнда көп өзгерістер байқалады. Мен Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы, өсімдік өсіру, өндіріс, туризм саласындағы басымдықтарын өз көзіммен көрдім. Сіздердің республика орталығынан солтүстікке қатынайтын автомобиль жолы жақсы дамыған. Жоғары сападағы жол салынып жатыр. Менің ойымша, екі жақтың түрлі саладағы,  әсіресе сауда саласындағы бірлескен жұмысы өнімді болмақ», – деп атап өтті.

Кездесу барысында «Омега-3» май қышқылы құрамына кіретін өнім мен адал технологиясы бойынша бірлесе өндіру жөнінде ұсыныстар айтылды. Малайзияның Төтенше және Өкілетті Елшісі аталған жобалар Орталық Азия халықтарының сұранысына ие болатынына сенім білдірді.

Жүздесу соңында Ерік Сұлтанов қонақтарды ағымдағы жылдың күзінде өтетін «Қызылжар-инвест» дәстүрлі форумына қатысуға шақырды.

ЕлАна-ақпарат

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған