Малды асылдандыруға бар мүмкіндік жасалған

тек, шаруалар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса» игі

Бүгінде  мал шаруашылығын асыл тұқымдандыру бағытында аз жұмыстар жасалып  жатқан жоқ. Әсіресе, кейінгі жылдары жеке қожалықтар селекциялық асылдандыруға ерекше ден қойып, жаңа мал тұқымдарын шығаруға күш салуда.  Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Жамбыл облысында мүйізді ірі қара мал саны – 320,5 мың басқа жетсе, қой мен ешкі – 2 467,5 мың, жылқы – 105,0 мың, түйе – 5,8 мың  басты құраған. Міне, осы төрт түлігіміздің биыл 27,1 пайызын асыл тұқымды ірі қара, 29,7 пайызын қой және 30,1 пайызын асыл тұқымды түйелер құрайды деп күтілуде.

????????????????????????????????????

Жалпы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, былтыр мал шаруашылығын қолдауға 7 555,6 миллион теңге бөлінсе, соның 4 323,3 миллион теңгесі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған екен.

-Өткен жылы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алуға 1 264,7 миллион теңге және ірі қара малын селекциялық асылдандыру жұмыстарына 1 323,1 миллион субсидия төленді. Оның ішінде Меркі ауданының қожалықтарына 390,3  миллион теңге көлемінде қолдау жасалса,Мойынқұм мен Сарысу аудандары да субсидияның игілігін көрді.

Бұдан бөлек, асыл тұқымды қой сатып алуға 567,2 миллион теңге бөлінсе, қойды селекциялық асылдандыруға 937,1 миллион теңге қаралды. Бұл бағытта Меркі, Жуалы, Талас және Шу аудандарының шаруалары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.

Жылқы малына келсек, өткен жылы Қамбар ата түлегін асылдандандыруға 78,7  миллион теңге субсидия төленіп, Жуалы ауданының жеке қожалықтары бұл жұмыстарды жүйелеп, тірлікті тіктеді, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.

65fc1f31092a87c1fd93904ac1b44f1d_xl

Иә, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аз емес екен. Алайда, өткен жылдың қорытындысына сүйенсек жоғарыда аталған аудандардың бірінде мал басы өзгеріссіз қалса, енді екіншісінде азайып  кеткен. Осы тұста Үкімет тарапынан қомақты субсидия қаралып жатқанда мал басының көрсеткіші не себепті төмендеуде деген сұрақ туындайтыны  анық.

-Негізі мемлекеттік субсидия қазіргі таңда ірі шаруашылықтарға төленуде. Олардың үлес салмағы көп  болмағандықтан аудандардың ортақ көрсеткішіне әсер ете алмай жатыр. Мәселен, былтыр  Меркі ауданында аналық сиыр басы 1,7 пайызға азайса, Мойынқұм ауданында мүйізді ірі қара малынан алынған төл 11,3 пайызға кеміді. Дәл сондай, Сарысу ауданында да аналық сиыр басы межелі көрсеткішке жетпей отыр.

Асыл тұқымды қой шаруашылығына келсек, былтыр Меркі ауданында қой төлі 1,4 пайызға азайып, Талас ауданында 0,1 пайызға кеміген. Ал Жуалы мен Шу аудандарында асыл тұқымды қой басы өзгеріссіз қалды. Жылқы басы да Жуалы да көңілді көншітпей тұр. Нақтырақ айтсақ, мұнда жылқы саны 1,7 пайызды кеміп кеткен. Дегенмен, бұл сандарға қарап, облыс бойынша асыл тұқымды мал басы азайып кетті деп біржақты ойлауға болмады. Бұл ауданның ортақ көрсеткіші. Міне, осы жағдайды жақсарту үшін біз биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға тағы қосымша демеу жасамақпыз. Субсидия алып, мал сатып алып жатқан қожалықтарымыздың санын аттыратын болсақ, 2-3 жылда барлық аудандағы жағдай жүйесін тауып, ортақ көрсеткішіміз де оңала түседі, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының осы салаға жауапты орынбасары Еркебұлан Анабеков.

1332844618_2050719893_zhivotnye_korova_4

Байқап тұрсақ, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы облыста енді бағдарын тауып, қарқын алған секілді. Және бұл салаға биыл облыс әкімдігі тарапынан  қосымша қолдау да көрсетілмек екен. Осы орайда, «малдың жайын баққан біледі» деген қағидамен асыл тұқымды мал шаруашылығының даму жайын  елді мекендердегі қожалықтардың өздерінен сұраған едік. Меркі ауданындағы «Бахор» шаруа қожалығының төрағасы Бахтияр Хасанбаевтың айтуыншав, олар 100 бас аналық сиырды көрші Ресей мемлекетінен алдырып, ауданда сүт кластерін дамытуда екен.

-Осыдан екі жыл бұрын Ресей мемлекетінің шаруаларымен келісім жасасып, 100 бас сиыр сатып әкелдім. Әр сиырдың құны – 118 мың теңгені құрады.  Қазір осы мүйізді ірі қара малым, бүкіл отбасыма нәсіп болып отыр. Олай дейтінім, Меркі сүт зауытына жылына 8000 тонна сүт өткізіп, әр литырына 15 теңгеден мемлекеттік  субсидия аламын. Енді бұйыртса, биыл шаруашылығымды кеңейтсем деген жоспарым бар. Себебі асыл тұқымды мал шаруашылығынан түсетін пайдаға анық көзіміз жетті.Оған қоса, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да аз емес. Бір сөзбен айтқанда,  дәл қазір асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға  барлық мүмкіндік жасалған, – дейді қожалық төрағасы.

Ал Мойынқұм ауданындағы ең ірі «Мойынқұм Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері биыл Ресейдің Калмыкия өңірінен ет бағытындағы 1202 бас мүйізді ірі қара малын сатып алып жатқандарын айтады. Осылайша  олар, асыл тұқымды репродуктр кешенін құруды қолға алмақ. Және бастамаларын бағдарлы ету үшін, мал бордақылау алаңдарының санын артырып, ет экспортына ерекше үлес қосуды көздеуде. Бұл серіктестікте қазіргі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығына  мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың қомақты екенін алға тартуда.

Міне, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқан шаруалардың өздері шалқып отырғандарын айтуда. Демек, өңірімізде селекциялық мал шаруашылығын  жоғары деңгейге көтеріп, репродукциялық аймаққа айналуға барлық  мүмкіндік бар деген сөз. Тек, ұсақ шаруашылықтарымыз  бірігіп, «бір жағадан  бас, бір жеңнен қол» шығарса болғаны. Сонда көрсеткіштеріміз де көңіл көншітіп, өндірісі өркендеген өңірге айналарымыз анық.

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған