Мақтанышы ол – мектептің

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»

Абай Құнанбайұлы

Маңғыстау облысындағы түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат оқушыларынан Сая апай туралы сұрап көріңізші. Бірі: «О!»- деп бастаса, бірі: «Біздің апай ғой!»- деп мақтанышпен сөзді іліп әкетеді; ал енді біреуі сізді тұп-тура апайдың кабинетіне бастай жөнеледі. Өйткені Сая апай үнемі өз кабинетінен табылады. Оның еркін жүзер мұхиты – математика әлемі, ондағы қайырламас кемесі – математика кабинеті. Мұнда 6-11-сынып оқушылары есептің ендігі мен формулалар бойлығында еркін саяхат жасайды. Капитаны – әрине, шаршамас, талмас Сая апай. 

Жылқыбаева Сайлаугүл Коркинбайқызы, біздің сүйікті Сая апайымыз, 1984 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын математика және физика мамандығы бойынша  бітіріп келіп, алғашқы еңбек жолын Маңғыстау облысында бастады. Бұл күндері оның есімін Ақтау қаласының ғана емес,  облыс мектептерінің, әсіресе жоғарғы сынып оқушылары мен олардың ата-аналары түгелге жуық біледі десек, асыра айтқандық болмас. Әр жылдарда математика пәнінен олимпиадаға үміткерлер даярлайтын «Дарын» облыстық қосымша білім орталығы ұйымдастыратын арнайы курстардағы Сая апай жүргізген сабақтар дәмін оқушылар да, қазіргі жоғарғы оқу орнының түлектері де ұмытпайды. Бір қарағанда қаталдау көрінетін ұстаздың бір мінезі туған жері Шығыс өңірінің табиғатына тартқандай: есеп шығарғысы келмейтін оқушыға түйіліп тұрғандай болады да, сәл тәуір жауапты естісімен, Арқаның жайма-шуақ күніндей жадырап шыға келеді. Мұғалім бойындағы асыл қасиеттердің бірі – уақытпен санаспай жұмыс жасайтындығы. Жазғы түгілі, күзгі, қысқы, көктемгі каникулдарда да Сая апай оқушыларды шақырып алып, жоғарыда айтқан ендіктер мен бойлықтарға сүңгітіп жібереді. Апайдың портфолиосындағы республикалық, облыстық, қалалық білім мекемелерінің марапаттары осындай өлшеусіз еңбегінің  бағасы, ал оның жемісі – арманына қол созған шәкірттер сенімі мен жеңісінде.  Біз үшін Сая апайдың шәкірті болу – үлкен мақтаныш.

Міне, педагогикалық қызмет жылдарының отыз екінші белесінің қырқасында бар күшін дарынды балаларға математиканы үйретуге арнап жүрген Сая апайымызды желтоқсан айындағы туған күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық пен аналық, ұстаздық бақыт пен қуаныш тілеуді шәкірттік парызымыз деп санаймыз. Келе жатқан Жаңа жыл да мұғалім мәртебесін арттырар табыстар әкелсін!

                                                 Тілек білдірушілер – 11 «А» сыныбының оқушылары

                                                                                                            Ақтау қаласы, Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған