Мақтарал ауданында жыл басынан бері 134 жоба іске асқан

Мақтарал ауданында «К.Бахытжан» кооперативі «Оңтүтік» АИО арқылы 26 миллион теңге несие алып 5 дана «Беларусь» маркалы трактор сатып алған. Жаңа техникалардың арқасында кооператив ауыл шаруашылығы өнімдерін еселеп арттырған.

Бүгінде кооперативтің 460 гектар жері бар. Кооперативтің іс жүргізушісі Сүлеймен Қараевтың айтуынша, кооператив мақта, қауын-қарбыз дақылдарын өсірумен айналысады.

 «Беларусь» тракторынан бөлек ескі 10 трактор, 5 комбайн, 15 тележка, 5 дәрі шашатын ОБҚ тағы басқа техникаларымыз бар. Дегенмен, жаңа техникалардың арқасында өнімімізді еселеп арттырып отырмыз. Кооператив 50 адамды жұмыспен қамтып отыр», – дейді С.Қараев.

«2009-2017 жылдар аралығында «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» микро кредиттік ұйымы арқылы Оңтүстік Қазақстан облысында 46,8 миллиард теңгені құрайтын 15 336 жоба қаржыландырылған. Осының арқасында 37 909 жаңа жұмыс орындары ашылған. Оның ішінде 2017 жылдың 4 айында 2,8 миллиард теңгеге 999 жоба іске асқан» – дейді «Оңтүстік» АИО-ның баспасөз хатшысы Муаттар Азадова.

Ал, Мақтарал ауданында 2017 жылдың басынан бері 316,3 миллион теңгені құрайтын 134 жоба қаржыландырылған екен. Оның ішінде «Оңтүстік» АИО арқылы 6,5 миллион теңгелік 1 жоба, «Ырыс» МКҰ арқылы 309,8 миллион теңгелік 133 жоба іске асқан.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МКҰ арқылы ең көп қаржыландырылған Шымкент қаласы болса, екінші орында Сайрам ауданы тұр. 4,9 миллиард теңгемен Мақтарал ауданы үшінші орынға жайғасқан. Жалпы, 8 жыл ішінде Мақтарал ауданында «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МКҰ арқылы 3 213 жоба іске асқан.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған