Маңғыстауда мұнай жəне газ кешені қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Ақтаудағы  Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде ҚР мұнай жəне газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған Маңғыстау облысының әкімі, мемлекеттік орган мен кәсіпорын басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, өңірдің құрметті азаматтары, ардагер-мұнайшылар, облыс жұртшылығы қатысты.

Қазіргі таңда Маңғыстауда Қазақстан мұнайының 25 пайызы өндіріліп отыр. Бұл 18 млн. астам мұнай және 3 млрд. текше метр табиғи газ. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінде Қазақстанның мұнай-газ кешені қарқынды дамып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің іргетасына, қозғаушы күшіне айналды.
Салтанатты жиында өңір басшысы Ералы Тоғжанов мерекемен облыс тұрғындарын құттықтап, еліміздің мұнай-газ саласына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтарды облыс әкімдігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Сонымен қатар, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қара алтын иегерушілерді төл мерекелерімен құттықтап, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан Республикасы Энергетика министірлігінің медалімен және Алғыс хатымен марапаттады.Сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ саласына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасына ие болды.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамасы да қоғамдық сананы сілкіндіріп, халқымызға рухани серпіліс әкелген тұста біздің мұнайшыларымызда өз үлестерін қосуда. Тәуелсіздіктің өткен 26 жылы ішінде қазақстандық мұнайшылар қыруар жұмыстар атқарды. Алайда алда тұрған міндеттер одан да зор. Салаға тың технологиялар әкеліп, жаңа кен орындарын игеру қажет. Мұнайды сыртқа шығару жолдарын кеңейту мен оны өңдеу міндеті де біз үшін өзекті. Еліміздің мұнай-газ саласында еңбек ететін азаматтар алда тұрған міндеттерді абыроймен атқарып, индустриялық-инновациялық дамуымызға үлес қосатынына сенімім мол, – деді өзінің құттықтау сөзінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Айман Оңғарбайқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған