Маңғыстауда Қазақстан Республикасының өрттен құтқару спорты бойынша жазғы чемпионаты аяқталды

Мемлекет басшысының 5 институтционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадамды» жүзеге асыру мақсатында Ақтау қаласында 22-26 тамыз аралығында Қазақстан Республикасының өрттен құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XXIV жазғы чемпионаты мен Қазақстан Республикасының өрттен құтқару спорты бойынша әйелдер арасындағы IV жазғы чемпионаты өтті. 26 тамыз күні теңіз жағалауында спорттық жарыстың жабылу салтанаты өтті.

Жазғы чемпионатқа еліміздің 14 облысынан 18 команда қатысты. Сайыс төрт кезең бойынша өткізілді: оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту, 4х100 метрге өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорты – қапыда қалған көмекке мұқтаж жандарға көмектесуге кез келген сәтте дайын болу. Бұл – батыл да ержүрек адамдардың спорты. Ол жақсы физикалық дайындықты қажет етеді, қайсарлық, кәсібилік және төзімділік секілді маңызды қасиеттерді қалыптастырады.
Жазғы чемпионаттың жабылу салтанатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Республикалық Өрт сөндіруші және құтқарушы спорт федерациясының директоры, бас төреші Даурен Данаев, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Қуанар Базарбаев қатысып, жеңімпаз командаларды бағалы сыйлықтармен марапаттады.

-Өрт-құтқару спорты бойынша жарыс – өзгеше бір сынақ. Ол біздің құтқарушыларымыздың жоғары кәсіптілігін, командада жұмыс жасай білетіндігін, қиын сәттерде адамдарға көмекке дайындығын көрсетеді. Әр команда үздік нәтиже көрсетті. Біздің қонақжай жерімізде біз әрқашан сіздерді көруге қуаныштымыз, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Тартысты сайыс қорытындысы бойынша Астана қаласынан келген топ жеңімпаз деп танылды. Астанадан келген төтеншеліктерге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Айта кетейік, енді чемпионат жеңімпаздары халықаралық аренада ел намысын қорғайды.

Айман Оңғарбайқызы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған