«Маңғыстаумұнайгаз» командасының қос жүлдесі

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қостанайда республикалық деңгейде кәсіподақ жастары арасында өткен пікірсайыс турнирінен маңғыстаулық мұнайшылар жеңіспен оралды. Мұнайшылар аталмыш жарыстан қазақ және орыстілді лиганың да бас жүлдесін иеленіп, аймақ абыройын асқақтатты.

— Бұл сайыс кәсіподақ жастары арасында алғаш рет өткізіліп отыр. ҚР Кәсіподақтар федерациясының кубогін және қос бас жүлдесін біздің маңғыстаулық мұнайшылардың иеленіп отырғаны үлкен мәртебе, зор қуаныш. Жарысқа кәсіподақ жастарымен бірге студенттер де қатысты. Сайысқа біздің облыстан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподағынан 7 адам қатысты. Сайыстың басты мақсаты — жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, олардың елдегі түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға араласуына мүмкіндік жасау. Бұйыртса, келер жылы кәсіподақ жастары арасында республикалық пікірсайыс турнирін Ақтау қаласында ұйымдастырамыз, — дейді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жаңабеков.

Сөз жарысқа Қазақстан Республикасының пікірсайыс технологиясын меңгерген Ақмола, Алматы, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау облыстарынан 32 команда қатысып, бақтарын сынаған. Пікірсайысшылар қойылған талаптар бойынша ойын еркін жеткізуге тырысып, шешім қабылдауға машықтанған.

— Республикалық деңгейде өткен пікірсайысқа алғаш рет қатыстық. Түбектің жүгін арқалап барғаннан кейін, намысты қолдан бермеуге тырыстық. Кәсіподақ жұмысы, еңбек заңнамасы, еңбек қатынастарына қатысты біздің хабарымыз көп болатын. Сондықтан осы бағытта өзгелерден бір саты жоғары бағаландық. Пікірсайыс бағдарламасында еңбек дауларын тиімді шешу жолдары, мигранттар мәселесі, кәсіподақ ұйымын жаңартудың тиімді механизмі, әйел азаматшалардың билікке араласуы сияқты өзекті мәселелер талқылауға салынды. Көзі ашық, сауатты адам үшін бұл тақырыптарға қатысты пікір айту аса қиын емес деп есептеймін, — дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Ерболат Ещанов.

Финалдық ойында маңғыстаулық мұнайшылар Алматы облысының командасымен «Қызметкерлердің еңбек дауларын ереуілдер арқылы шешу» мәселесін талқылап, өз ойларын ортаға салды. Қызу додадан аталған тақырып жайында терең ой қозғап, өздерінің ұстанымын жан-жақты дәлелдеп, қорғап шыққан маңғыстаулық мұнайшылар: Ерболат Ещанов, Еркебұлан Бисенов, Шыңғыс Абдыров, Анар Нұғыманова 1орынды еншілеп, кәсіподақ кубогіне ие болды.

— Әрбір азаматтың бойында мемлекеттің тағдыры мен болашағы үшін жауапкершілік қалыптастыруда, жастардың мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешуге қатысты пікірлерін ортаға салып, талқылауға мұндай пікірсайыс турнирлерінің берері мол деп есептеймін. Сайысқа алғаш рет қатысып отырсақ та, барымызды салып, жүлделі орыннан көрінуге тырыстық. Орыстілді лигалардың арасынан дараланып, командалық есепте бірінші орынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Сайыстан әріптесім Анар Нұғыманова спикерлер арасында да бірінші орынды еншіледі, — дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Шыңғыс Абдыров.

Сайыс қорытындысында екінші орынды алматылықтар жеңіп алса, үшінші орынға қостанайлық жастар тұрақтады.

Венера Мирлан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған