Былық-шылықтан ада емес саланы бүгін реформалау дұрыс па?

Отандық медицина саласын үлкен реформа күтіп тұр. Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің талаптары мен шарттары қандай, елде осы сауалдарға байланысты кең тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бізге негізі міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры таңсық емес. Алғашқысы күйреуге ұшырап, құқық қорғау органдарының айтқандары рас болса, бір миллиард теңгеге жуық ақша қолды болған еді. Былайша айтқанда, біріншісінің «бір қайнамының ішінде қалған» шикі жоба екендігін тәжірибе өзі көрсетті. Екіншісі ше, пісіп-жетілді ме? Қолданысқа енгізуге толық дайын ба? Оны уақыт көрсетеді. Ал біз өз кезегімізде жаңа қорға қатысты туындаған ойларымызбен бөлісуді жөн санадық.

Естеріңізге сала кетейік, медициналық сақтандыру қорын құру — Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы. Енді жүйенің қалай жұмыс істейтіндігіне қысқаша тоқтала кетейік. Медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады: біріншісі — республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болады. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.

Екіншісі — жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық көмекті алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді. Аз қамтылған жандар үшін жарнаны мемлекет төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін төлейді, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері төлейтін болады. Айта кетейік, елімізде құрылатын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден босатылатындар 15 санаттан тұрады екен. Бұл топтағы азаматтар үшін, жоғарыда атап өттік, жарна төлеуді Үкімет өз мойнына алады. Ал міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлейтіндер үшін жарна көлемі алғашқы жылы 4 пайыз, содан кейін 5, одан әрі 6 пайызды құрап, 2024 жылға қарай 7 пайызға сатылай көтерілмек. Тағы бір айта кетерлігі, жұмыс берушілер жұмысшылары үшін жарнаның бес пайызын төлеуге міндетті. Мұндай аударымдар да саты-сатымен көтерілмек. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар (оның ішінде жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) жарнасы кірістерінің 7 пайызына тең. Ал аударым 2 пайыздан бастап, 2020 жылдары 7 пайыз болмақ.

ҚОРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Біріншіден, МӘМС ҚР аумағында сіз өзіңіз таңдаған кез келген емханада медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда емхананың шығыстарын қор толығымен өзі өтейді; Екіншіден, тегін мемлекеттік көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз; Үшіншіден, сізге елдің кез келген дәріханасында ұсынылатын дәрілік заттардың құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған тізбесі толық қолжетімді болады (Қорда фармацевтикалық қызметтердің жеткізушілері ретінде тіркелген);

Төртіншіден, МӘМС қоры арқылы сіздің пайдаңызға аударылған жарналар туралы және сізге медициналық ұйымдарда көрсетілетін қызметтер туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар;

Бесіншіден, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе МӘМС қатысушысы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда қор сізді сақтандырылған азамат ретінде құқықтарыңызды және мүдделеріңізді қорғайды. Міне, қор жайлы қысқаша мағлұмат осындай.

Ал біздің ортаға салар ойларымыз төмендегідей.

Бірінші: құзырлы орындардың айтуынша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін орташа жалақы көлемінің 7 пайызын (сатысатымен) мемлекет аударатын болады. Демек, өз нәпақасын өзі тауып отырғандардың да қорға төлеуі тиіс жарнасының мөлшері сол орташа жалақыға негізделеді деген сөз. Біз бұл жерде аз-маз кәсібі бар немесе базарда саудамен айналысатын т.с.с. жандарға қатысты айтып отырмыз. Қазір орташа жалақы 150 мың теңге шамасында. Әрине, ол өзгеріп тұрады. Мәселе онда емес. Бүгінгі күні орташа жалақының көлемі 150 мың теңге дегенге сене қою қиындау. Шын мәнісінде елдегі экономикалық белсенді халықтың басым бөлігінің табысы шамамен 60 мың теңге төңірегінде. «Олай болса сөз болып отырған топтағы азаматтар жарнаны не үшін артық төлеулері тиіс?» деген ой туындайды. Мәселен, сол 150 мың теңгенің есеп-қисабын шығарып көрейік: 7 пайыз дегеніміз он мың теңге шамасында. Онсызда қалт-құлт күн көріп отырған жандар үшін бұл аз ақша емес. Демек, қолда барын үнемдегісі келетін ағайын алдажалда ауыра қалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдыра берулері кәдік. Сөйтіп жүргенде ауру асқына түседі деген сөз бұл. Ал оның арты жақсылыққа апармайды.

Екінші: бізде зейнетақы, жәрдемақы, төлемақылар есептелгенде әдетте ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе АЕК негізге алынады. Дәл солай Міндетті медициналық сақтандыру қорына төленетін жарнаның мөлшерін де неге сол ең төменгі күнкөріс деңгейіне теңемеске?

Үшіншісі жұмыссыздарға қатысты. Жұмыс істемейтіндер жұмыспен қамту орталықтарынан анықтама әкелсе, жарнадан босатылмақ. Құптарлық, әрине. «Сіз жұмыспен қамту органына хабарласуыңыз керек, ол жерде сіздің біліктілігіңіз бен жұмыс тәжірибеңізге сәйкес жұмысқа орналасу нұсқаларын ұсынады. Егер ұсынылған нұсқалар жарамаса, онда сіз жұмыссыз мәртебесін аласыз және бұл жағдайда мемлекет белгіленген уақыт ішінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сіз үшін жарна төлеуді өз мойнына алады» деп жазылған ресми ақпараттарда. Алайда күнкөрісі қиындап кетсе де, көпшілік Жұмыспен қамту орталықтарына баруға асықпайды. Неге? Себебі жұмыссыздарға қойылатын талап талайдың көңілінен шықпайды. «Жұмыспен қамту орталықтары өтініш білдіре келгендерді кәсіби жағынан қайта дайындауды ұсынады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Біріншіден, орталық бір адамды ғана оқытпайды ғой, топтың нақты бір санға дейін толғанын күтеді. Әлбетте, оған біршама уақыт кетеді. Оны ешкім күткісі келмейді де, қолдарын бір сілтеп кетіп қалады. Екіншіден, қайта дайындықтан өткенге біраз уақыттарын жұмсайды. Алайда содан кейін де оларды жұмыспен қамтамасыз етуге ешкім кепілдік бермейді», — дейді әлеуметтанушы ғалым Мәнсия Садырова. Қысқасы, жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздық жайында анықтама бермеудің амалдарын қарастыратын сияқты. Қазір ресми дерек бойынша экономикалық белсенді топтың шамамен бес пайызы жұмыссыз. Ал тәуелсіз сарапшылардың зерттеулеріне жүгінсек, жұмыссыздыққа қатысты дерек бұрмаланып беріледі. Өйткені жұмыссыздық деңгейі неғұрлым көп болса, соғұрлым сол елдің беделіне нұқсан келеді. Былайша айтқанда, мұндай көрсеткіш мемлекет бәсекеге қабілетті ме, жоқ па, соны айқындайтын маңызды критерийлердің бірі. Ендеше, жұмыссыз жүрген жандардың барлығын бірдей жүйеге қатыстыру жағын ескеру қажет сияқты.

Төртінші: Мысалы, елімізде тіркеуде тұрған көліктер саны шамамен 4 миллион десек, сақтандыру полисінің құны орта есеппен айтсақ, 15 мың теңге көлемінде. Демек, сақтандыру компанияларының активтері жылына мөлшермен 60 миллиард теңгені құрайды. Ал бізде көлік сақтандырумен айналысатын компаниялар саны 30ға жуық. Мысал келтіре кетсек, барлық жүргізушілер көлік жөндеуге жылына 900 миллиондай АҚШ долларын жұмсаса, сақтандыру компаниялары соның тек 20 пайызын ғана жабады екен. «Көлікті міндетті сақтандыру полисінің 100-нің біріне ғана төлемақы беріледі екен» дейді тәуелсіз сарапшылар. Тағы бір деректі айтсақ, халық арасында жүргізілген сауалнамада көлік жүргізушілерінің әрбір үшіншісі жол-көлік оқиғасына қатысы болғандығын айтқан. Демек, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен көлікті жөндеуге қаржыны жүргізушілердің басым бөлігі өз қалтасынан шығарады. Бұдан шығатын қорытынды: сақтандыру полистері игерілмей жатады. Есесіне сақтандыру компаниялары қомақты қаржы көріп отыр. Дәл солай, әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе болмағандықтан, қаржыны пайдаланбасаңыз да, ол қайтарылмайды. Ал дәрігер көмегіне жылдап бармайтындар бар, яғни жұмыскер үшін де, жарнасының жартысын төлеуі тиіс жұмыс беруші үшін де бұл тиімсіз деп ойлаймыз. Бәлкім, бір тетіктерін қарастыру керек шығар.

Бесінші: Жаңа үлгінің өзгеріс енгізуді талап етіп отырған бір тұсы: ауылдық жерлерде тұратын 2,5 миллионға жуық ағайынға қатысты медициналық сақтандыру тетіктерінің жоқтығы ел қалаулыларын да алаңдатып отыр.

Айдар Әлібаев, экономист:

— Елдегі орташа жалақы мөлшері 150 мың теңге дегенге өз басым мүлде сенбеймін. Одан анағұрлым аз. Үкімет елдегі жағдайдың жақсысын асырып, жаманын жасырып көрсетуге тырысады. Биліктің сөзіне сенсек, біз әлеуметтік елміз. Шын мәнісінде Қазақстан үшін әлеуметтік ел атануға әлі ерте. Әлеуметтік ел дегеніміз не? Елдегі әрбір азамат лайықты өмір сүріп, әлеуметтік әділдік орнаған ел.

Көпшілікте тұрақты жұмыс жоқ. Ең төменгі күнкөріс деңгейі бар-жоғы 24 459 теңге. Оны бір айға бөлсек, күніне екі доллардан сәл асады. Ал күндік ас-суың мен керек-жарағыңа жұмсалатын ақшаң екі доллардан аспаса, сен кедейшіліктің ең төменгі деңгейінде өмір сүресің деген сөз. Біздің елдегі сол 24 459 теңгені шетелдерде ыдыс-аяқ немесе еден жуатындар бір-ақ күнде табады. Медициналық сақтандыру жарнасы қарапайым халықтың қалтасы үшін айтарлықтай қаражат. Басқа да салықтар жетіп жатыр емес пе. Үкімет медицина секторына сақтандыру қорын енгізу арқылы аталған саланы жақсартқысы келеді. Ол түсінікті. Алайда отандық медицина, қатты айтты демеңіздер, деградацияға ұшыраған. Қызмет көрсету сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Қор құру арқылы жағдайды түзейміз дегендері бос әурешілік. Менің ойымша, бұл жүйе қорды басқаратындар үшін ғана тиімді.

Алғатбек Қыдырбекұлы, экономист:

— Бұл қор халықтың қамы үшін жасалып отыр дегенге күмәнім бар. Жалпы зейнетақы, сақтандыру сияқты қорлардың барлығы қаржылық құралдың бір түрі. Былайша айтқанда, қаржылық институт. Айналымда жүрген ақшаның көлемін еселеу мақсатында жасалады. Негізінен, пайданы сол қаржылық құралды ұстап отырғандар көретіні белгілі. Қордың негізгі мақсаты — зейнеткерлер мен қарапайым халықтың жағдайын жақсарту емес, айналымнан табыс табу. Әлбетте, егер қордағы ақша талан-таражға түспесе, жаңа жүйенің барлық тетіктері медицинасы дамыған елдердегідей дұрыс жасалса, бастама дұрыс. Ол ел экономикасына да тиімді.

Түйін: Мойындаймыз, Үкімет жылына миллиардқа жуық қаржы бөліп, бұл секторды дамытқысы келеді. Алайда медицина саласы былықшылықтан әлі тазара қойған жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі күні кеше отандық фармация саласын «мафияға айналған» деп, қатты сынға алды. Денсаулық сақтау қызметкерлеріне қатысты шамамен жылына 400-ге жуық қылмыстық іс қозғалса, оның 300-і сотқа жолданады. Сапа жағы да сын көтермейді. Өйткені мамандар арасында сауатсыздар жетерлік. ЖОО қабырғасында жемқорлық әлі жойылған жоқ. Әлбетте, Алғатбек Қыдырбекұлы айтпақшы, жоба елдегі жағдайға икемделіп, халықтың мүддесіне оңтайлы етіп жасалса, әрине, барша қолдайды. Алайда Айдар Әлібаев айтпақшы, құрдымға ұшыраған саланың дәл бүгін үлкен реформаны еңсеруге шамасы келе ме?

ЛӘЗЗАТ БИЛАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған