Мектеп оқушыларының мәселесімен қашанғы күресеміз?

Апта басында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өткен болатын. Оған мәжілісмендер мен Білім және ғылым вице-министрлері А.Аймағамбетов пен Б.Асылова, сондай-ақ, бірқатар орта, жоғары білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысып, «Орта білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында ой қозғады.

Орта білім беру жүйесіне жаңартылған мазмұнды енгізу процесі 2016 жылдан бері белсенді түрде басталса, әлі күнге дейін шешілмеген мәселе шаш-етектен дейді депутат Н.Жұмаділдаева. Оның айтуынша, мектептердегі материалдық базаның, пәндік бөлмелердің, зертханалық жабдықтардың, интернеттің және т.б болмауы, сондай-ақ, оқу құралдарындағы енгізіліп жатқан жаңа әдіс-тәсілдер мен оқу құралдары айналысындағы түйткілді проблемалар шешілмейінше білімді азамат қалыптастырып шығарамыз деу бекершілік. Одан бөлек, депутат ханым мамандарды қайта даярлау, мұғалімдердің бюджет қаражаты есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өткенімен олардың сапасына келгенде жетістіктен гөрі кемшіліктің көптігін жасырмады.

Қарап отырсақ, мектеп қабырғасындағы білім беру мәселелерінің халықты мезі қылғанына да біраз жыл болыпты. Әсіресе, соңғы екі жылдың көлемінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің осы салаға қатысты қолға алған реформалары қоғамымызда біте қайнасып кеткен «үштікті», яғни, мұғалім, оқушы мен ата-ана атаулыны әбден титықтатып жібергені рас. Осы орайда «жаңартылған мазмұнға» наразылығын ашық білдірген Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан:

– Елімізде осыдан асқан ауыр жағдайды көріп тұрған жоқпын. Жаңартылған мазмұн деп жатырсыздар. Бірақ, ғалымдардың пайымдауынша, әліппені алғыр балалар 22-24 күнде, қабілеті жоқ деген баланың өзі ары кетсе 60 күнде толық үйреніп шығады екен. Енді қараңыз, 1970 жылы 10 желтоқсанда Бекболат Тілеухан әліппемен қоштасқан. Ал менің балам наурыз таяп қалды, әлі «ю»-да жүр. Соған жауап беріңіз»,-деп, вице-министр Асхат Аймағамбетовке сұрақты төтесінен қойды. Халық қалаулысының бұл уәжіне министрдің орынбасары өз баласын мысалға келтіріп:

– Әліппе бойынша менің балам 2-сыныпта оқиды. Алдыңғы жылы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша балам әліппенің сол бағдарламасымен өтті. Қиын болды, бүгін оқу білмейді деп айта алмаймын. Ахмет Байтұрсынұлы жүйесі бойынша апробациядан өткізіп жатырмыз,-деп жауап берді. Сұрағына мардымды жауап ала алмаған Б.Тілеухан:

– Балалардың жағдайы өте қиын, жүктеме өте ауыр. Бүкіл назарды басқа жаққа аударып отырсыздар, кері шауып кетіп бара жатырсыздар. Баламыздың миы ашып кетті деп жұрт бізден талап етіп отыр. Бұрындары таңертең 8-де кетіп күндіз 1-де қайтып келетін, малды да жайғап, ойнайтын, бәрін істейтін. Қазір ойнамайды, білім алып жарытпайды. Жеті айдан бері кеміріп жатыр, кеміріп жатыр, әлі әліппені толық өткен де жоқ. Неге менің баламның миын ашытасыздар?! Қазақстандық балалардың миын неге ашытып жатырсыздар? Неге 40 күнде үйреніп, қалған уақытта түстен кейін бала неге дзюдосына бармайды, неге домбыра тартпайды, ойнамайды? Неге әке-шешесінің бауырында болмайды. Таңертеңнен кешке дейін менің балам мектепте. Өз баламды көруге мүмкіндігім жоқ, бала ретінде әке-шешесінің жылуын көруге мүмкіндігі жоқ!-деп қарсы пікір білдірсе, қазақтың қара сөзін түсінбейтін болса керек, вице-министр А.Аймағамбетов:

-Кеңес Үкіметі кезінде балалар әліппені 40 күнде үйренбеді,-деп қойып қалды.

Сонда бес күндік өмір дегенді білдей лауазымды азамат қалай түсінер екен? Әрине, айтпағымыз бұл емес. Жиында бір ғана Бекболат Тілеухан сұрақтарына қанағаттанарлық жауап алған жоқ. Ал, биліктен де, басқадан да үлкен халықтың талабына ҚР Білім және ғылым министрлігі қалай жауап берер екен? Орта білім беру жүйесіндегі олқылықтармен күрестің аяқталар уақыты қашан?..

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған