Мемлекеттік және кәсіпкерлік мекемелерде қызмет етудің айырмашылығы неде? 

Мемлекеттік мекемеде қателесуге болмайды. Мемлекеттік қызметкер қателесетін болса, ол xалыққа түрлі қиындықтар әкеледі. Мысалы, 2006 жылы Шымкент облысында 150 нәрестеге ЖИТС (СПИД) ауруын жұқтыртты. Бұл жағдай бір-екі шенеуніктің кесірінен орын алып, мыңдаған адамға қиыншылық әкеліп, әлі күнге дейін жанұялар өмірде өз орындарын таба алмай, қайғы-қасіретке толы ғұмыр кешіп келеді.

Ал кәсіпкерлік мекемеде қателік арқылы үйреніп, тәжірибе жинақтауға болады. Кәсіпорын меншік иесіне ғана тиесілі ұйым болғандықтан, көбінде қателік арқылы үйрену, кәсіп жасау ісінде өзіңді сынау секілді қағидалар негізінде қызметкерлермен жұмыс атқарылады.

Жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Шпекбаев мырзаға айтарым: “Білмейтінін білмейтін адамдар шенеунік қызметте жұмыс істегенде жемқорлық одан сайын дами береді, тоқтамайды!” Өйткені, ол байғұстар не істеу керек екендігін де түсінбейді. Олар мүмкіндік бар кезде қалтаны ақшаға толтыру керек деп ойлайды. Ол – білместіктің салдары.

Ең қызығы: олар өздерін мемлекеттік қызметке саймыз деп ойлайды. Сыртқы бейнесі сай болғанымен, ішкі дүниесі xалыққа қызмет ету қажеттігін түсінбейді. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа алу әдістерінің ашық болуын қамтамасыз ету керек. Амбициясы мол жігіттер кәсіпкерлікпен айналыссын. Ал мемлекеттік қызметке білімді де тәжірибелі, ұлтына қызмет етуді басты құндылық деп түсінетін азаматтар қажет. Мемлекеттік қызметте қателік кешірілмеу керек. Міндетті түрде жасаған қателігі үшін жаза тартау арқылы жауапкершілікті бойларына сіңдіру керек.

Достар, мемлекеттік қызмет туралы қалай ойлайсыздар?

Азаматхан Амиртай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған