Мен ағылшын тілін қалай үйрендім?

Оқырмандар шет тілін үйренудің қиындығын жиі айтады. Әсіресе соңғы кездері ағылшын тілін үйренуге жұрт терең ден қойып отыр. Оны қалай тез үйренуге болады? оның өзіндік құпиялары бар көрінеді. Бүгін біз осы құпияларды білетін адамнан сұхбат алдық. Назарларыңызға сол сұхбаттан үзінді ұсынып көрелік.

Кез келген өнерді үйрену үшін бала жастан бастау керек деген қатаң қағидаға сенесіз бе? Өз басым кереғар пікірді ұстанатын жандардың қатарынанмын. Әрине, кәсіби деңгейде игеріп, әлемдік аренаға шығу үшін немесе сол саланың білікті маманы атанып, өмір бойы серік етемін деушілер үшін белгілі бір шектеулі жас мөлшерін талап ететін спорттың, өнердің түрлері бар.
Бірақ психологтар айтпақшы, тылсым табиғатта адамның қолынан келмейтін іс, мүмкіндігіне шектеу жоқ екенің ескерсек, жас мөлшеріне, уақытқа қарамастан игерілмейтін, жетістіктің шыңына шығармайтын сала да болмауы мүмкін. Тек еңбек пен шыдамдылықты серік етіп, өз-өзіңізді жеңе білсеңіз болғаны. Өмірлік мақсаты жоқ, бүгінгі күнмен өмір сүретін, жалқаулардың қатарынан болмасаңыз, жолыңыз ашық.
Уақыт пен жас талғамайтын істің бірі — тіл үйрену.
Әлемнің тең жартысы сөйлейтін тілге сұраныс қаншалықты жоғары болса, соншалықты адам бірнеше мұғалімге барып, ағылшын тілінде сөйлей алмай жүр.
Мен ағылшын тілін мектеп бітіргеннен кейін қолға алдым. Университетке түскенге дейін сөздік қорымда осыншама сөз болды деп нақты айта алмаймын. 50 немесе 100 сөзді жатқа біліп, 15-20 минуттық диалог жүргізе алдым десем өтірік әңгіме болады.
Мен оқуға түскен топта арнайы ағылшын тілінің курсынан өтіп дайындалып келгендері де, топ алдында өзін еркін ұстайтын шапшаң мінезділер де болды.
Пысық әрі ашық, ұялудың не екенің білмегендер шет тілін сізден артық білмесе де орысша айтқанда “раскрепощённый” болудың арқасында ағылшын тілін бір кісідей білетіндердің қатарынан көрініп жатады. Әрі бұл қасиет қатал әрі талапшыл бола білетін мұғалімге де, айналасына да сенім ұялатады. Себебі, сіз қандай айлаға барсаңызда, берілген тапсырманы орындап, ұялмастан кез келген тақырыпта үйреніп жүрген тіліңізде сөйлей бересіз. Өз кезегінде, өзіңізге де мотивация болады.
Яғни, тіл үйренуде ең бірінші ереже — ұялмау.
Сол уақытта өзгелердің пікіріне қатты көңіл бөлетін әрі ұяң мінезді болған мен үшін екіауыз ағылшын тілінде сұраққа жауап беру, 5-6 адам отырған топта ой бөлісу үлкен қиындық туғызды, сонымен қатар тіл үйренуде ең маңыздысы-ауызша тәжірибенің жетіспеушілігіне алып келді. Ағылшын тілін үйрететін арнайы курсқа немесе ағылшын тілі факультетінде оқи отырып, тіл игеруге арнайы бөлінген белгілі бір уақытты қолданбай, жанталасып, “аузыңызды ашып қалмасаңыз”, босқа барып-кетіп жүргенмен тең боласыз.
Ендеше тіл үйрену мақсатында белгілі бір топтарға қосылмас бұрын немесе арнайы оқу орнына түспес бұрын ұялшақтық мінезден күштеп болса да арылуға тырысыңыз. Тәжірибе көрсетіп жүргендей, шет тілінде сөйлей алмай жүргендер үшін басты кедергілердің бірі.

Қателесу — заңдылық

Қателесуден қорықсаңыз, сіз өмірге келген ортада бала ес білгелі қазақ тілін естіп өсетінің еске алыңыз. Сондықтан қатемен 2-3 сөз айтсаңыз да, айыпты болмайсыз. Ағылшын тілінде білдірген әрбір ойыңыз миыңызға берген тапсырма деп есептеңіз. Келесі жолы бейсаналы түрде ағылшынша сөйлеуге көшесіз.
Тіл сындыруға қатты қорқатын мен уақыт өте ағылшын тілінде сөйлеуге тырыссам, ешкім күлмейтінің байқадым. Себебі, сіз де, мен де, өзге адамдар да сыртта қазақ немесе орыс тілінде ғана сөйлейміз. Екеуіміз де үйренушіміз. Жіберетін қателеріміз бірдей болуы мүмкін. Қайта “Ол ағылщын тілінде сөйлей біледі екен, жаман білмейтін сияқты” деген жағымды пікір естіп қалуыңыз мүмкін.
Қателіктерді жіпке тізіп, бетке басса, пайдаңызға жаратыңыз.
Ағылшын тілінде сөйлеп кетуге негізгі түрткі ағылшын тілінен сабақ беретін әрі бізге жетекшілек ететін апайдың барлық топтың көзінше тұрғызып қатты ұрысқаны болды. Әңгіменің төркіні-ағылшын тілінде сөйлеуге талпынбауымыз болды. Қатарластарымыздың алдында естіген айқай намысымды қайрап, күндіз-түні қалайда ағылшын тілінде сөйлеп бастаймын деген ойдан арылтпады. Соған сәйкес қосымша ізденуге кірістім, нәтижесінде көп ұзамай сөздіксіз аударма жасап, сөйлей бастадым.
Мұғалімге реніш емес, керісінше алғыс қана білдіремін.

Сөзбен емес, мәтінмен немесе диалогпен жұмыс жасау керек

Себебі, ағылшын тілінде бір сөздің бірнеше мағынасы болады. Егер жаңа сөздерді сөздік арқылы ғана жаттаумен шектелсеңіз, сізде сөздік қор ғана болады яки мағынасына сай қолдана алмай қиналып қаласыз.
“BBC Learning English” сайты арқылы диалогтар мен мәтіндерді көшіріп жазу, тыңдау,рөлге кіріп оқу үлкен көмегін тигізді. Диалогтарды оқу арқылы ағылшын тілінің заңдылықтары мен жүйесін, грамматикасын игеріп, ағылшындықтар жиі қолданатын идиомалар мен мақал-мәтелдерді қосып сөйлеуді әдетке айналдырдым. Ең бастысы, күніне кемінде 2-3 сағатыңызды арнап, ауызша жұмыс жасауыңыз қажет. Ағылшын тілінде сөйлесетін серігіңіз болмаса да, өз бетіңізбен жаттығып, түсінік айтып көріңіз. Өз басыныздан өткен оқиғаны дайын диалогтың немесе әңгіменің ізімен қайта жазып, ауызша жаттықсаңыз болады.
Кез келген істі үйренуде, жетістікке жетуде әр тұлғаның өзіндік ұстанымы, ыңғайы болады. Біреулер тез арада ұғып алатын қабілетке ие болса, екінші үйренуші баяу түсініп, ақпаратты игеру үшін ұзақ уақыт жұмсауы мүмкін. Сондықтан жан-жақты ізденіп, өзіңізге лайықты, ыңғайлы әдісті таңдап алыңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған