Мен және менің университетім: кеше, бүгін, ертең

Менің Серкан Хастүрік деген Түркиядан келген ағам әрі ұстазым бар. Сол кісі маған С.Демирел атындағы колледжде оқып жүргенде мынадай әңгіме айтты: «Ол университет менің де сүйікті оқу орным. Мен осы университеттен білім алдым. Соның арқасында мен биік те зор дәрежелерге жеттім, төрткүл әлемді шарладым. Еуропада болғанымда олар менің ағылшын тілін таза білгеніме таң қалды. Олар менен: «Өзіңіз қай оқу орнын бітірдіңіз? Сіз Америкада немесе Англияда оқыған боларсыз?» деп сұрақ қойды. Мен: «Жоқ! Мен Қазақстанда «Шет тілдер институтында оқыдым. Ол әлемнің үздік оқу орындарының ешқайсысынан кем білім бермейді!» деп мақтанышпен жауап бердім.» Міне, содан кейін менің де осы университетке оқуға түскім келді. Арман қанатында отырып болашақ университетім жөнінде мағлұматтар жинадым.

Өткен жылы тәуелсіздігіміздің 25 жылдық ұлы мерекесі аталып өтті. Осы тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жоғары оқу орындары көп-ақ. Ал менің сүйікті университетімнің тамыры тым тереңде жатыр екен. 1940 жылы оның Алматыда іргетасы қаланған екен. 1993 жылдан бері Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдер университеті, 1998 жылы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті болып өзгерді. Ал 2001 жылдан бастап қазіргі атауымен аталып келеді. Мұнда дүниежүзінің 17 тілінде дәріс жүргізіледі және 23 түрлі мамандық иесін даярлайды. Айта кететін жайт, университет синхронды аудармашыларды оқытатын еліміздегі жалғыз оқу орны болып табылады. Міне, осындай тарихы өте бай университетіммен мақтана аламын.

Мен аудармашы мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі таңда бұл аса жоғары сұранысқа ие. Себебі аудармашылардың көбісі қазақ тілінен орыс тіліне немесе керісінше орысшадан қазақшаға тәржімалайды. Ал тікелей ана тілімізден ағылшыншаға аударатындар саны тым аз. Болашақта мен де халқымның басқа елдермен арақатынасын дамытып, оны халықаралық аренаға шығару мақсатында үлес қосқым келеді. Университет ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын толықтай қолдайды. Өйткені бұл жерде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өте жоғары деңгейде оқытады. Менің ойымша егер университет ісін осы қалпында жалғастыра берсе, әлемнің үздік Оксфорд, Кэмбридж, Гарвард сияқты аузын айға білеген жоғары оқу орындарының қатарына қосылатыны сөзсіз.

XXI ғасыр – технология, білім алу, қарым-қатынас заманы. Көп тіл үйрену, оның ішінде ағылшын, қытай тілдерін білу үлкен тенденцияға айналды. Шет тілдер институты жастарды білім нәрімен сусындатып, имани тәрбие беруде елімізге орасан зор пайдасын тигізуде. Әлемнің 70 тілін білген әл-Фараби атамыз айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – ең қауіпті білім.» Иә, өте орынды айтылған сөздер. Неге десеңіз, тәртіп, тәрбие болмаса, адам алған азығын теріс жолға жұмсауы әбден мүмкін. Бұл оқу орынының ең басты ұраны осы тәрбие, ал одан кейін барып білім беру деп есептеймін.

Биыл 75 жасқа толып отырған университетімнің мерейлі тойында тағы бір мынадай тамаша деректерді келтіргім келеді. Университет құрамында 23 мамандық иесін дайындайтын 6 факультет және 40 кафедра бар екен. 500-дей оқытушы тәлім-тәрбиеге толы дәрістер береді. Көңілі дархан ұстаздарымның арасында білімі мұхиттан терең, телегей білімді атақтылары да жетерлік. 3 академик, 48 ғылыми доктор, профессор, 200 ғылыми кандидат шәкірттеріне білім нәрін құяды. Шетелдердегі 16 университетпен тәжірибе алмасу арқылы тығыз байланыс орнатқан. Сіз білесіз бе, біздің университетті қанша адам бітіргенін? Білмесеңіз айтайын. 800 мың адам! 800 мың тағдыр! Олардың ішінде небір атақты адамдар бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, бір ғажайып алып қаланың тұрғындары. Ғажайып дейтінім ол қаланың аты ҚазӘТУ деп аталады. Онда тек қана полиглоттар, ғұламалар тұрады. Мен де сол ғажайып қаланың тұрғыны болғым келеді. Қазіргі кезде университетіміз қажеттілігімен, заманауилығымен ерекшеленді. Ол жан-жақтылығымен халықтың сұранысына ие болып отыр. Екінші артықшылығы бұл оқу орнын бітірген түлектер жұмыссыз қалмайды. Оны цифрмен өрнектесек, біздің түлектеріміздің 85 пайызы бірден жұмысқа тұрып кетеді екен. Адамға ең керегі, ең қажеті осы емес пе? Әлбетте! Ендеше мен неге өз университетімді мақтаныш тұтпаймын?!

Сөз соңында айтарым, оқу орнымыз одан әрі дами берсін және де оқытушыларға шексіз алғысымды білдіремін. Шүкір, университетімнің кешегі күні, тарихы бар, бүгіні де жоқ емес, ал ертеңі, болашағы одан да жарқын болғай! Менің сүйікті университетім, абыройың аспандап, туыңды Ұлы даланың самал желі желпіп, мәңгілік ел Қазақстанымды гүлдендіруге зор үлес қосып, келешекке қарай өмір мұхитында құлаштап жүзе бер, жүзе бер!

                                                                                                            Нұржан Айғали

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған