Мен сені ұмытпаймын, Желтоқсан!..

 (Қаз- қалпында)

1986 жылдың  күз айы. Украин  ССР-ның  Харьков қаласында екі жылдық  азаматтық борышымды өтеп келіп, Алматыдағы  Жамбылдың Технология институты  филиалына (бұрынғы АФДТИЛПП) студент болып қабылдандым. Кеңес әскері қатарында өз міндетімді абыроймен атқардым – сержант болдым, мақтау қағаздарым бар, бөлім командирі Жоғарғы Оқу Орнына түсуге жеңілдігі бар «Рекомендательное  письмоны» өз қолымен табыс еткен еді. Сөйтіп, қызығы мен қуанышы мол студенттік өмір басталып та кетті.

«Орбита» ықшамауданынан жатақхана алдық. Шағын бөлмеде жерлесім – Жаркенттің   Көктал ауылынан  Нартбаев Сайлау, Гурьевтің ( Атырау) Индер ауданынан  Қағазов Қизат, сол Алматының жақын маңайынан Каранов Тілек, бәріміз бірге тұрдық. Төртеуіміз де әскерге барып келгенбіз, үшеуіміз құрлық әскерінде, ал, Тілек – Теңіз  Флотында болған, сол үшін  де, кейде оны «мариман» – деп, қоямыз. Сабақ басталды. «Вышмат», «Сопромат», «История  КПСС» т.б. пәндер жүреді, бәрі орыс тілінде, біраз қиындау. Уақыт деген зымырап, көзді ашып-жұмғанша  жаңа жылға да  аз қалды?!    

Бүгін, 16-желтоқсан… Ия, бұл күн  ашық күнгі түскен найзағайдай, Жарқ! – етіп,  жадымызда мәңгі сақталып қалды. Әдеттегідей таңғы асымызды ішіп, оқу корпусына бару үшін аялдамадан №91-ші автобусқа отырып тартып кеттік. Аудиториядамыз, уақытымен сабағымыз да басталды. Біраз уақыттан соң сабаққа кешігіп келген семейлік бір жігіт (есімін ұмытып қалдым) «Көшеде қазақтар топ-топ болып қаптап жүр, қолдарында плакат, орталық алаңға (ол кезде Брежнев атындағы) кетіп барады» – деді. Біз онша мән бере қоймадық. Сәлден соң көше жақтан көп адамдар дабыры, машиналар тежегішінің ысылы, сигналдар дауысы үдеп, азан-қазан болған, жайсыз жағдай күшейе түсті. Сабақ жайына қалып, бәріміз терезеге ұмтылдық. «История КПСС» -тан,  лекция оқып  жатқан Қасенов ағайымыз тәртіпке шақырды. «Тынышталыңдар! Сендер, жоғарғы оқу орнының студентісіңдер, сондықтан ана көшедегілерге қосылмаңдар! Олар, бұзақылар, сендер болашақ интеллегентсіңдер!» – деп, сөзін аяқтады. Ағайымыз сол кезде 50-60 жас арасындағы, егде кісі болатын. Лекциясын ары қарай жалғастырды, бірақ көп ұзамай сарт етіп, есік ашылды да, бес-алты қазақ жігіті мен екі-үш қыз кіріп келді де жарыса сөйледі:

«Қазақтар, барсыңдар ма? Жігіттер, қыздар, жүріңдер! Көшеге шығыңдар! Орталық алаңға барамыз, Қонаевты орнынан алып тастапты!», – деген, дауыстар саңқылдап жатты.

Алдыңғы орында отыратын, Алматының Алатау совхозында тұратын Нұрғанат атып тұрып:

– Чье такое? Кто вы такие? – деп үлгергенше, дереу бір жігіт қасына жетіп келді де:

– Қазақсың ба? Неге орысша сөйлейсің? – дегені сол еді, қасындағысы Нұрғанатты бір қолымен жағасынан ұстап, өзіне қарай тартты да, басымен періп қалды. Оның мұрнынан қан сау ете түсті. Ағайымыз қағаз-қаламын жинап алды да, ақырын басып есіктен шығып кетті.

111

(Сол жақтан бірінші: Нартбаев С., ортада мен, Қағазов Қ., Түрегеп тұрған: Бақытжан).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сол сәтте ұзын бойлы, иықты келген, мығым денелі бір жігіт:

– Қазақтар! Алаңға кеттік! -деп айқай салды. Біз дүр етіп көтеріліп дәлізге шықтық. Қаптаған қазақ жігіттері мен қыздары. Сабақ беретін,  басшы мұғалімдердің бірі жоқ, кейін білдік, олар бәрі кафедраға кіріп ішінен бекітіп алып, сонда отырыпты.  Есік алдында 60-70-тей адам жиналып, Орталық алаңға тарттық.  28 – Панфиловшылар паркін кесіп өтіп,  Горкий  көшесіне шықтық. Парктегі «Мәңгілік алау» ескерткішінің қасында 100-ге тарта милиция бізді біраз бөгеп тұрды, кейін жол берді. Сол екпінмен барып «Отырар» қонақ үйінің алдына бірақ тоқтадық. Бұл жерде 200-300-дей жастар жиналыпты, көшенің  ортасында троллейбусты тоқтатып қойыпты. Үстінде 3- 4 жігіт тұр, кезек- кезек сөз сөйледі. Есімде қалғаны:   «Жігіттер! Қыздар! Орталық алаңға барамыз! Тәртіп сақтаңыздар! Бейбіт демонстрация жасаймыз! Бұл біздің орталық  үкіметке наразылығымыз. Тек қана бейбіт демонстрация! Ешқандай тәртіпсіздік болмасын!!! Бұны айтқан 30-40-тар шамасындағы жігіт ағасы еді, бас киімін қолына сығымдап ұстап алған. Көпшілік ду етіп қолдау көрсетті. Әрі қарай бәріміз қол ұстасып жүріп кеттік.

Қазіргі Арбаттың маңайына жақындағанда, (анық қай жер екені есімде жоқ) этаж үйлердің балкондарынан орыс ұлтының әйелдері, қыздары, балалары жұмыртқа лақтырып, қолдарын шығарып, бет-ауыздарын қисалаңдатып,  «Земля ваша, власть наша!» деп айқайлап, тағы басқа жаман сөздер айтып, келемеждеп бақты. Біздің қыз – жігіттер де оларға жұдырықтарын түйіп,  жауап қатып  жатты.

Осы кезде бір оқыс жағдай болды.   Алдыңғы жақтан айқай-шу, шыңғырған дауыстар шығып, «Шетке қашыңдар!», – деген дауыс естілді. Көпшілік  қақ жарылды. Енді байқадық: ортада көк түтіні будақтап, қар тазалағыш  көк трактор біздерге қарсы бар жылдамдықпен келе жатты. Трактордың алдыңғы және артқы жағындағы қар тазалағышы  шыр айналып, пышағы жалаңдаған қасапшы секілді көрінді. Абырой болғанда бәрі шетке ығысып үлгерді, ал, көзі қанталаған тракторшы  бұрылып алып, қайта шабуылға шықты. Түтіні бұрқырап,  оңды-солды жайпап келеді. «Өлеміз бе?! Тоқтатыңдар!» – деген дауыстар жан-жақтан шығып жатты. Бір-екі қыздың қорыққаннан жан дауысы шықты. Сол-ақ екен, тракторға қарсы бетонның сынығы, кірпіштің сынығы, әркім қолына ілінгенін қарша боратты. Есік терезесі быт-шыты шыккан трактор бағытынан жаңылып, жол шетіндегі бардюрден асып барып, арыққа түсіп шоңқиды. Трактористі кабинадан жұлып алып, бірдемде тепкінің астына алып, мылжа-мылжасын шығарды. Трактордың әлгі қар тазалағышы әлі де бар жылдамдықпен айналып жатты. Жан-жақтан милиция мен ДНД (Добровольная народная дружина) қаптап келіп, тракторист орыс жігітін көтеріп  алып кетті. Байқағаным, милиция мен ДНД құрамы тек славян тектілер еді. Бәрінің иық тұсында қызыл «повястка», қолдарында таяқшалары бар. Олардың бізге тесірейіп қараған қанталаған көздерінен: «Не істеп аласыңдар! Әлі сендерге көресіні көрсетеміз!» – дегендей, бітіспес дұшпандық пен қатыгездікті оқығандай болдым. «Өз жерімізде өзіміздің қор болып, мына келімсектердің зор болуын- ай» – деген, өқініш өзегімді өртеп  өтті…

Қайтадан бәріміз қол ұстасып, ұрандатып, Шәмші ағамыздың атақты «Менің Қазақстаным» өлеңін  айтып, ары қарай шеруімізді жалғастырып әкеттік. Мен алғаш рет осы кезде белгісіз бір түйсік арқылы – Ұлттық рухты жандүниеммен сезініп, көзіммен көрдім. Бұл ештеңемен тең келмес алапат сезім еді. Әсіресе, қыздардың  батырлығы мен жасындай жарқылдаған ұлтжандылығына тәнті болдым. Орысша оқығандарының өзі, сондай бір, естігенде  жанға жағымды акцентпен, асқақ  дауыспен, «Менің  Қазақстанымды» шырқағанда, жүздері, бүкіл жан-тәні, «Елім!!!» –  деп, елжірегенін  түйсіндім. Қазақтың  небір марқасқа ұландарын да сонда көрдім. Әлі де есіме түссе өзімді басқадан бақытты және биік сезініп, керемет бір күйге бөленемін.

Содан, әрі орталық алаңға жақын қалғанда (ұмытпасам Мир көшесі ғой деймін), мұздай қаруланған әскерлер тосқауылына жолықтық. Сіресіп тұр, бейне бір тас қамал. Екі жағымызда анталаған милиция мен ДНД, біз қоршауда қалдық. Бір кезде қолында дауыс күшейткіші бар (Рупор) етжеңді, толық майор, алдыға шығып сөз сөйледі. Сөз аяғында: «Тараңдар!» – деді де, бізді боқтық сөзбен балағаттай бастады. Намысқа шыдамаған бір қазақ жігіті атқан оқтай болып қасына жетіп барды, әлгі майордың қорыққаны сонша, көзі алақтап, далбақтап қаша жөнелді.

Осы бір жайсыз жағдайдан кейін әскерлер саны  көбейе бастады, қоршау тарылып, жағдайымыз қиындады. Сол сәтте «Енді бізге жол бермейді, топ-топ болып тараңдар! Күш қолданса шығын болады, қыздарға обал! Қайтыңдар!» – деген, дауыстар бірден-бірге лезде тарала бастады. Оны айтқан бағанағы троллейбуста сөз сөйлеген жігіт ағасы еді. Біршама уакыттан соң топқа бөлініп тарай бастадық. Қай жер екені есте жоқ, көше-көше, бұлың-бұлыңмен жүріп отырып кеш кіре жатақханаға да  жеттік-ау.

Қараңғы түсе ААСИ-дің (Алматинский Архитектурно-Стройтельный Институт) стадионында жан-жақтағы жатақханалардан 70-80-дей студенттер жиналды. Біздің жатақханадан – Сайлау, Қизат, Бақытжан, Тілек, Бекен «десантник» т.б. Мақсатымыз Нархоздың (институт) және басқа сол маңайдағы жатақханаларға барып «ертең алаңға шығу туралы» хабарлама жасау. Қалыңырақ киініп (дубинка тисе кішкене демеу болсын деп) топ-тпоқа бөлініп, Нархозға қарай тартып кеттік. Қизатты шетке шығарып «Менің желке тұсымды қорғай жүр, мен сені қорғап жүремін, неге десең біреу-міреу қарақұстан қойып кетіп жүрмесін», – дедім, ол мақұлдай кетті. Ал, алдыдан келгенге дес бермесіме көзім жетеді. САВО-ның (Средне-Азиатский Военный Округ) жанындағы бірнеше жатақханаға кіріп  «Ертең алаңға шығыңдар!» деп хабарлама жасап шықтық.  Қайтар жолда тағы да тосқауыл. Шыңғырған сирена, жан-жақтан жарқыраған машинаның шамдары, милиция, ДНД, абалаған иттер…  Азан-қазан, айғай шу, орысша балағаттаған небір боқтық сөздер. Өңкеңдеп жүгіріп келеген ДНД-ті сұлатып салдым. Арақтың иісі мүңк!- ете қалды. Қизат біреуін теуіп құлатты.  Ұмар-жұмар жұлқыласып жатқандар, айналаны түсініп болмайсың. Бір жігіттің жан дауысы шықты, дубинка тиді ғой деймін, «Қашыңдар! Қашыңдар!» Тобымыздың быт-шыты шықты, Қизат екеуіміз қол ұстасып қаштық, әйтпесе, қараңғыда адасып қалатын едік. Бет алған жаққа әйтеуір өкпемізді қолға алып жүгіріп келеміз. Айғай-шудан ұзаған соң, біраз отарып демімізді алдық. Содан, Сайын көшесін өрлей жатақханаға жақындағанда жолдан Бекенді жолықтырдық. Жатақхананың арт жағынан келіп екінші этаждың балконына таядық, екеуін иығыма көтеріп шығарып жібердім. Менің кезегім келді, бірінші этаж терезесінің решеткасынан өрмелеп балконға ілінсем, екеуі екі қолымнан тартып көтере алмайды. «Ей, зіл қара тассың ғой» – деп, қояды Бекен. Екі-үш қайтара салбырап тұрып, жерге құладым. Терезенің решеткасы жұлынып кетті, әл бітті. Сөйткенше бұрыштан бір топ адам маған қарай жүгіріп келе жатты. Іштей ойладым: «Бітті бәрі! Соққы, дубинка, түрме…» Жақындағанда  Қизаттың дауысы қаттырақ естілді: «Біздікілер» деді.  Жүгіріп алдарынан шықтым, 4-5 ААСИ-дің жігіттері екен. Ентігіп тұрып: «Жігіттер! Екінші этажға көтеріп жіберіңдерші!» – деп едім, сөзге келмеді, тік көтеріп балконға шығарып жіберді. «Рахмет, жігіттер!», – деп ем, олар да «жақсы» – деп, өз жатақханалары жаққа жүгіре жөнелді. Жатақхана бұрышынан бір топ ДНД мен екі милиция жүгіріп шыкты. Үшеуміз апыр-топыр ішке ендік, асхана екен. Одан әрі қыздардың бөлмесіне кіріп, үсті-басымызды ретке келтіріп, киімнің жыртылған жерлерін қыздарға тіктіріп алдық.

Дәл сол кезде теледидардан Мұқашев деген кісі сөз сөйлеп жатқан. Ол кісі өзі Батыс жақтікі, Қизат, Бақытжандар біздің жерлесіміз деп жүретін. Іле-шала студсовет кіріп келді (жатақханадағы студенттердің басшысы), бізден біраз жас үлкен қырғыз жігіті болатын, өзі коммунист. Бізге тиісе сөйледі: «Қайда жүрсіңдер? Тексеру болды, сендер бөлмелеріңде жоқсыңдар ғой, жазып алып кетті» – деп, үдеп барады. Біз де қабағымызды түйіп, зілді дауыспен: «Қойсаңшы!» – деп, тіке қарадық, «біз осында қыздармен шәй ішіп отырдық, ешқайда бармадық!», ол жасқаншақтап, көзін тайдырып әкетті де, бірден түсіне қойды. Қайтіп ауыз ашпастан айналып шығып кетті.

Сайлау да келіп үлгеріпті, тек Тілек қана келген  жоқ. Түнімен уайымдап шықтық. Ертесі түс ауа келді, ол түнгі аласапыранда милицияға ұсталып қалыпты. Абырой болғанда ол: «Мені аялдамадан ұстап алды, автобус күтіп тұрған едім», – дегеннен танбапты.

Ертесі, 17 желтоқсан. Жатақханада бәрімізді тізімдеп, тексеріп , қатаң ескерту беріп, сабаққа жөнелтті. Аудиторияда отырмыз, бұл жерде де тексеру, абыр-сабыр, әйтеуір «сабақ» – деген аты ғана. Бір пардан соң «сені шақырып жатыр?» деді.  Жүгіріп  дәлізге шықсам, біздің  жатақханада тұратын, көрші бөлмедегі Бақытжан (Гурьевтік, Қизаттың досы ) ол бірақ, басқа оқу орнында (техникумда) оқитын, қасында түрі бозарып, әбіржіп кеткен анам тұр. «Тәте, қайдан жүрсіз?» -дегенім сол, «Құлыным-ай, аман-сау екенсің ғой!» деп, бас салып құшақтап, сүйіп жатыр. Дауысында діріл бар, әбден уайымдағаны жүзінен көрініп-ақ тұр.   «…Мына дүрбелеңді естіп, үйде отыра алмадым, сен бірдеңеге арандап қалды ма деп, жаным жәй таппаған соң, өз көзіммен көріп келейіншідеп, «әкеңді де тыңдамай осылай  қарай тартып кеттім» –  дейді…

Ұрпағы үшін от пен су түгілі, тозаққа да қаймықпай кіретін, қайран ана жүрегі – ай!!! Мына дүниеде саған тең келер құдірет жоқ-ау, сірә! Мені көзімен көріп, көңілі орнына түскен анамды «Сайран» автобекетінен  Жаркентке шығарып салдым.

222

                Анам К.Ахметжанқызы

 

Жатақханға келіп, біраз жүрген соң, совхоз Алатауға Нұрғанаттың үйіне тартып кеттім. Кешегі жағдайдан соң не болғанын білейін деген ой келді. Себебі, оның әкесі Әнуар мен шешесі Әйкен тәте мені өз туыстарындай көруші еді. Ағаның руы Албан. Нарынқолдың Жалаңаш деген жерінен, өзі органда қызмет етеді, милиция капитаны болатын (ұмытып қалмасам). Әйкен тәте қолында үтік, жарқылдай қарсы алды. Амандықтан соң, тәтеміз «Қали, үйге кір, әне бір батыр жатыр, танысыңдар», – деді. Түпкі бөлмеге өтсем, төрден шашы қалың, қайратты, сом денелі, жүзі келісті жігіт басын көтерді, мен қол беріп амандастым, ол қолын созғанда ыңырсып, ауырсынып кетті. Енді байқадым, бір жақ шекесі, білегінде, иығында домбыққан ісік бар екен. «Не болды?» – деген сұрағыма, «дубинка ғой» – деп, қысқа жауап қайтарды.Таныстық.  Есімі – Исатай, Гурьевтің (Атырау) Балықшы ауданынан екен. ҚазПИ-дің худграфында оқитындығын, алаңда болғанын айтты. Екеуміз де бір жылдың төлі, құрдас болып шықтық.

3333

ҚазПИ Худграфының студенті: Исатай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

…Орталық алаңдағы сұмдық оқиға жайлы осы Исатайдан естідік. Өрімдей жас қыздар мен жігіттердің қалай соққыға жығылғанын, қар үстінде тізерлеп, етпеттеп сағаттап жатқызғанын, қыстың қақаған аязында, өрт сөндіргіш машинадан қалай су шашқанын, одан қалса дубинкамен соққылап, автобустарға малша тиегенін, белгісіз жаққа алып бара жатқанда, осы жүйіткіп келе жатқан автобустан «ақыры бір өлім ғой» – деп, терезесін шағып жан-жаққа секіріп, қашқандарын айтты. Сол Әл Фарабидың бойында, автобустың артынан келе жатқан солдаттар да машинадан түсіп итпен қалай қуалағандарын, олардан әзер дегенде қашып құтылып, көпір астында су ішінде бірталай уақыт тығылып жатқанын (желтоқсан айында) естігенде жағамызды ұстадық… Үсті-басымды көріп ешкім жоламайды дейді, Иса енді үсіп өлетін болдым-ау дегенде Әйкен тәтеге жолығыпты, жағдайын айтқан екен, тәтеміз дереу үйге ертіп келіп, киімін түгел сыпырып алып жуып, оған ағаның киімін кигізіп, орап жатқызып қойыпты. Мен келгенде сол Исағаның киімін үтіктеп жатқан кезі екен. Кешке қарай, Әнуар аға да жұмыстан келді. Түнде Қарғалы жақта кезекшілікте болғанын, көптеген қыз-жігіттерді босатып жібергенін, қолынан келген бар көмегін жасағанын айтты. Әнуар ағаның өзі сондай қызметте (милиция) жүрсе де, бұл саяси оқиғаны сөз жүзінде де, іс жүзінде де, жан-тәнімен қолдайтынын сездім, іштей риза болдым.

«Бүгін осында қонасыңдар, екеуің де ешқайда бармайсыңдар», – деп Әнуар аға кесіп айтты. Исаға екеумізге қатар төсек салып берді, әркім өз ойымен жатыр. Мен де қалың ой құшағына берілдім. Кешелі бері болған оқиғаларды, естіген сұмдықтарды есіме алып, ой елегінен өткіздім. «Қазақ» болғаныма шексіз қуандым, тұла бойымнан ыстық от жүріп өтті. Бірақ, қас қағымда іштей бір ащы өксік өзегімді өртеп келіп, тамағыма тірелді. Тынысым тарылып, көзіме жас үйірілді, Исатай сезіп қалмасын деп, бір жағыма аунап түстім, көзімнен ыстық жас бұрқ ете түсті, көзімді тарс жұмып, тістеніп жатқан күйі талықсып ұйықтап кетіптім. Ертесі үй иелеріне алғысымызды айтып, орталыққа келдік, Исаға КазПИ-ге,  мен Техқа сабаққа кеттік. Содан мен оқудан шығып, Алматыдан кеткенше Исатаймен жақын дос болып кеттік. Мен алғаш үйленгенде Исаға маған күйеу жолдас болды. Достығымыз бен сыйластығымыз жарасып, талай қызықты бірге өткіздік, туған бауырдай болдық…

Осы оқиғадан кейін, аяқ астынан Крылов деген орыс пайда болды(атын ұмытып қалыппын). ЛКСМ Казахстанмын – деді. Күнде кешке біздің бөлмеде бізді күтіп отырады. Әңгіме айтады, ананы-мынаны сұрайды, бірдеңелерді жазып алады. Біз күдіктене бастадық, ол келіп отыра қалғанда, бізде төсегімізді салып жатып аламыз. Ол аяқ жақта отырады, қолында қаламы мен қағазы. Сөзге тартады, сұрақтар қояды. Жауап бермей, теріс қарап біз жатамыз.  Бір күні ол: «Жігіттер, бәрің әскерде болдыңдар, жоғарғы оқуда оқисыңдар, өз ойларыңды ортаға салыңдаршы» – деді. Мен, шыдамай өзіне  қарсы сұрақ қойдым:

– Қалай ойлайсыз, Қазақстанның 19 облысынан бір қазақ, не  болмаса  осы Қазақстанның бір орысы Қонаев атамыздың орнына отыруға лайық болмады ма? Өзіңіз айтыңызшы қалай бұл, неге осылай болды? – деп, едім.

– Ой, жарайсың! Өте дұрыс, сен өз ойыңды ашық айта  алады екенсің ғой. Міне…, –  дегенше, сөзге Тілек араласты:

–  Мен флотта әскери міндетімді өтедім, сүңгуір қайықта болдық, Сингапур, Малайзия  т.б.  көптеген шет елдерде болдым, бірақ сонда командиріміз орыстар, бәрібір бізді «басқа  ұлтсыңдар»,  – деп бөлетін, –  деді.

Крыловтың  көзі жайнап, қуанып, қағаз, қаламын ыңғайлап, бізге дем бере бастады.

Сөйткенше, мына жақтан Қизат басын көтеріп саңқ етті: «Ей, ұйықтаңдар!». Сонан соң, дауысын сәл  бәсеңдетіп, «Қали, Тілек, бұл саяси жағынан өте терең мәселе, ертең бәріміз де құримыз» деп, басын бүркеп, теріс айналып жатты. Бізде осы жағдайдан кейін жақ ашпадық. Әлгі, Крылов тағы бір аптадай келіп жүрді, бір күні бір орыс қызды ертіп келді. Екеуі қағаз, қаламын алып күнде құлқиып отырады, біз ұйықтағанша. Біз көңіл аудармаймыз, сөйлеспейміз, жауап бермейміз.  Екі аптадай уақыттан соң жоқ болды, әйтеуір құтылдық қой. Одан кейін институтта жиналыс басталды. Тілекті – комсомолдан, кейін институттан шығарды. Бұл іс-шара сол кездегі жастар үшін  психологиялық тұрғыдан өте қатты соққы еді. Тілектің жағдайы өте қиын болды. Оны оқудан шығарғаннан кейін көп ұзамай үйіне іздеп бардық. Қатты уайымдағаннан анасы ауруханаға түсіпті. Тілек күндіз-түні сол анасының қасында екен, жүйкесі сыр берген көрінеді. Тілекті жолықтыра алмай, анасын аяп, егіліп жылаған әпкесін көріп, салымыз суға кетіп, көңілсіз қайта оралдық. Бұл жағдай біздер үшін де оңай  болмады…

Кейіннен әртүрлі себептермен – Сайлау, мен, Қизат оқудан шығарылдық. Оқудан шығып қалып, көңіл құлазыған жайсыз күндердің бірінде Әнуар ағамыздың үйіне бардым. Амандық-саулықтан кейін сөзіміз жараса қоймады…

Әнуар аға, біраз үнсіздіктен кейін, жанарын тіке қадап: «Жүзің солғын ғой, не болды?», –деді. Мен бейне бір қылмыскердей жерге қараған күйі «Оқудан шығып қалдым»дедім. Сол кезде істеп жүрген жұмысын доғара салып әріректе жүрген Әйкен тәте қасымызға келді, сірә сырттай бақылап тұрған болуы керек.  «Оу, Қалеш, қарашы ана Алатауға?!» деп саңқ етті. Мен көзімді сығырайтқан қалпымда алыстағы Алатауға бетімді бұрдым. «Көрдің бе, ана тауды: атам қазақ айтқан «Алатау бірде қарлы, бірде қарсыз, ержігіт  бірде  малды, бірде  малсыз» -деп, түсірме ұнжырғаңды, жігіт емессің бе?!», -дегені, кенет сол сөздің әсерінен денем жеңілдеп қалғандай, бойымды тіктеп, кеудені кере дем алдым, ой-санамда үлкен бір серпіліс пайда болды. «Расында да, аға-тәте бір жақсылап шәй ішейікші», – дедім, екеуіне кезек қарап. Күлімдеген Әйкен тәте «Енді әңгіме басқаша», – деп, дастарханға жүгірді.

Әңгімеміз жарасып, жайраңдасып бірталай уақыттан соң, санамды басқан зіл батпан қайғыдан арылып, өзімді жеңіл сезініп, көңілді қалпымда жатақханға оралдым. Адам жанын сезініп, түсіне білетін сұңғыла, адамгершілікті бойына ту еткен, тектіліктің  өшпес өнегесін көрсеткен асыл ана Әйкен тәте, ардақты Әнуар аға сіздерді де көрмегелі бірталай жылдың жүзі болыпты-ау…

Сол бір қилы кезеңде, біздің Технология институтында қазақ жастарының қудалануына, оқудан шығарылуына Жамбылдан (қазіргі Тараз) ауысып келген оқытушы Мұхаметкалиев пен деканның орынбасары Ретивов (еврей ұлтынан) көп «еңбек» сіңірді. Сонда сол ағаларымыз көптеген жастардың келешегіне балта шаптық- ау деп ойлады ма екен деген сұрақ қанша жыл өтсе де, әлі көкейімнен кетер емес.

…Қазір  ойлап отырсам, мынау қамшының сабындай  ғана қысқа ғұмырда, біздің ой-санамызда терең із қалдырған, бұл да бір өмірімнің  бел-белестері екен ғой…

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ

Алматы облысы,

Панфилов ауданы,

Жаркент қаласы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған