Мереке құтты болсын, аяулы аналар!

Ардақты аналар, аяулы әжелер, қазақтың сұлу қыздары!

      Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! «Ат – биеден, алып – анадан туады» демекші, өмірге келген әрбір сәби, жер бетін емін-еркін басып жүрген, алаңсыз ойнап-күлген адамзат баласы ең әуелі Алладан кейін анасына қарыздар. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) өзіне «Дүниеде ең бірінші кімге жақсылық жасайын?» деп сұрақ қойған сахабасына үш қайтара «Анаңа!» деп жауап қайырғанын, «Жұмақтың кілті – аналардың табанының астында» дегендей өсиеттерін қалдырғанын жақсы білеміз. Сондай-ақ, отбасының ұйытқысы болған ердің басын төрге де, көрге де сүйреп әкететін әйел затына да құрметпен қарауды бұйырды. «Сендердің ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы мәміледе болғандарың. Мен – өз жұбайларыма жақсымын!» деген Мұхаммед (с.а.у) соңынан ерген үмметіне ең алдымен өзін үлгі қылып, бес күндік дүниеде ошақ қасында тату-тәтті өмір сүрудің маңызын астарлап жеткізген болатын.

     Дін Исламды діңгегі санаған бабаларымыз да әйелдер қауымына, яғни, әжесіне, анасы мен апа-қарындасына, жұбайы мен қыздарына құрметпен қараған. «Қызға – қырық үйден тыйым» деген игі дәстүр әрі тәлімі мол мектепті ұрпақтан-ұрпаққа өнегелі тәрбиемен жеткізіп отырды. Дана халқымыз «бірінші байлық – денсаулық» десе, «екінші байлық – ақ жаулық» дейді. Осының өзі-ақ әйел атаулының нақты бағасын білдірсе керек. Жат жұрттыққа балаған қызын қызғыштай қорып, төрінен түсірмеген тектілердің бүгінгі ұрпағының да бас қатырар бірінші мәселесі – қыз тағдыры, әйел бақыты. Мұзбалақ ақын Мұқағали:

«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы

Қиын-ау қиын, тым қиын.

Не болар екен тағдыры

Үйіріліп соқса бір құйын,-десе, Кеңес Үкіметінен бері қазақтың айтысына қорған болып келе жатқан атақты ақын Жүрсін Ерман:

«Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін сол – шебер.

Бақытты сен де болмайсың

Әйелің сорлы болса егер,-дейді. Табиғатынан қамқорлыққа, жылуға зәру әйел затының бүгін халін айта берсек, таңды таңға ұрарымыз хақ. Бастысы, ер-азаматтардың әйелдер қауымына деген құрметі, көрсеткен ізеті бір күнмен ғана шектелмей, олардың қамшының сабындай қысқа ғұмырда бақытты болуына себепші болып, өздерінің де жаны жай тауып жатса жаман болмас. Өз кезегінде жұмысын бастағанына бір жылға жуық уақыт болған «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайтының әуелгі мақсаты да қазақ қоғамында бақытты отбасы институтын қалыптастыру жолында қызмет ету болатын. Оқырман назарына ұсынып жүрген күнделікті түрлі ақпараттардың басым бөлігінің Отанның бастар бұлағы отбасы мәселесіне арналып жататыны да сондықтан. Аналардың бүгінгі мерекесінде де сайтымыздан әйелдер қауымы, қыз-келіншектерге қатысты танымдық материалдармен таныса аласыздар. Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ардақты аналар, аяулы арулар! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ пен береке тілейміз!

Игі тілекпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған