Notice: Constant WP_DEBUG already defined in /var/www/www-root/data/www/minialgo.kz/wp-config.php on line 52
Мойынқұм ауданында «ауыл билері» сайланды – “ЕлАна” әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Мойынқұм ауданында «ауыл билері» сайланды

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі — ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу, құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу болатын. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,- екенін атап көрсетті. Осы орайда аудандық сотта аудандық ардагерлер Кеңесінің жиыны өткізіліп, аудан аумағында орналасқан 16 ауылдық округке «Ауыл билері» сайланды.
Басқосуға аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, аудандық Билер кеңесінің Төбе биі, аудандық мәслихаттың депутаты Шакизат Акимов, билері ауданның Құрметті азаматы Бекмұрат Жамбылов пен Айнаш Боташева, адвокат Орынбасар Ахметов және еңбек ардагерлері қатысты.
Жиында алдымен сөз алған аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев ауыл билерін атап айтып, билер кеңесінің алдағы уақыттағы қызметіне сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Сонымен бірге өкпе-ренішке жол берген жандардың әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы екенін, кезінде бір рулы елдің дау-дамайын бірауыз сөзбен шешкен, әділдікті тең ұстаған Әйтеке, Қазыбек, Төле би сынды билер қазақта аз болмағанын, билердің аузынан шыққан сөздер халық ұйып тыңдайтындай, қара қылды қақ жарған әділ, дау-жанжалдарды ақылмен шешетін ойшыл болуы керектігін тілге тиек етті.
«Билер кеңесін құру Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының бастамасымен, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасын жүзеге асыру, дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда құқық бұзушылықпен күрес мақсатында аса ауыр емес қылмыстық істер мен тұрғындар арасында болатын дау-дамайларды медиация жолымен шешу қажеттілігі сезілуде.
Қазіргі қоғам адами құндылықтардан алшақтап барады. Арақтың буымен шаңырағын шайқалтып, ағайындықтан жеке бас пайдасын артық көріп, дүние үшін бір-бірінің кеңірдегінен алып отырғандар бар. Сондықтан да билер кеңесі дауларды шешуге септігін тигізуі тиіс. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау, алдын алу жолдарын ойлауымыз керек», — деді аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев. Сондай-ақ билер кеңесінің мән-маңызын, қоғамдағы орнына тоқталып, жастарды тәрбиелеудегі ықпалын жеткізді.
Басқосуда сөз алған еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Төлеген Әбдікерімов, Төбе би Шакизат Акимов билер кеңесінің құрылуы бабалар мұрасына зор құрмет екенін тілге тиек етіп, алдағы уақыттағы билер кеңесінің қызметіне сәттілік тіледі.

 

arainews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған