Мырзатай Жолдасбеков Елбасыға неге қарсы шыққан?

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Егемендікке қол жекізген сонау 1991 жылдан бері қазақ елі даңғыл даму жолынан өтті. Небір қиын кезеңдер мен ауыртпалықтарды бастан кешіргені рас. Биік асуларды бағындырып, орасан жетістіктерге жеткені де шындық. Әлбетте, осы шаруаның ешбірі оңайға түскен жоқ. Тәуелсіз мемлекеттің жүріп өткен жолын қайта бағамдау маңызды әрі тағылымы мол. Сондықтан ширек ғасырдағы тағдырлы шешімдер мен айтулы оқиғалардың куәсі болып, тәуелсіздікке қызмет етіп келе жатқан тұлғалармен әңгімелесуді жөн көрдік. Бүгінгі қонағымыз – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Елбасының үзеңгілес серіктерінің бірі – Мырзатай Жолдасбеков, – деп жазды baq.kz.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АҚ ТАҢЫ

1991 жылғы 16 желтоқсан! Тұғырлы тәуелсіздігіміздің, ғұмырлы мемлекеттігіміздің бастауы болған күн. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдап, төрткүл дүниеге азаттығымызды жария еттік. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларациямен бірге қазақ елінің мемлекеттігін нығайта түсті. Осылайша, алғашқы күндерден-ақ дүниежүзінің біршама салмақты елдері тәуелсіздігімізді мойындап, әлем картасында Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды. Бұл ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қастерлі күн. Осы уақыттан Қазақстанның жаңа тарихы басталды.

«Жұбан ақын жырлағандай, қазақ «мың өліп, мың тіріліп», осы күнге жетті. Ата-бабамыз тәуелсіздікті сан ғасырлар армандап өтті. Егемендік үшін күресті. Қазір қазақтың қай жерін алсаң да, асты толған зират, сүйек. Күлтегінге арналған жырда «Сүйегі таудай үйілді, қаны судай ағылды» дейді. Тәуелсіздіктің ақ таңын көру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Қытайлар «мыңжылдықтар тоғысында өмір сүрмеу керек» деп айтады екен. Біз өмір сүріп отырмыз. Дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып жатқанда халқымыз сан мың жылдар аңсаған мұратына жетті», – дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Әлбетте, Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Небір тар жол, тайғақ кешулер күтіп тұр еді. Тәуелсіз мемлекетті қалыптастырып, нығайту, экономикалық және саяси құрылыстың іргетасын қалау – ұлы мақсат болды. Сөйтіп, Қазақстан сүрлеуі мол соқпақты жаңару жолына қадам басты. Осы жолдағы қиындықтарды көзбен көрген, игілікті істердің басы-қасында болған адамдардың бірі – Мырзатай Жолдасбекұлы. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Президенттік Кеңестің мүшесі, егеменді елдің тұңғыш Мемлекеттік кеңесшісі, Премьер-министрдің орынбасары, Президент кеңесшісі қызметтерін атқарды.

«Бес жыл елдің идеологиясын басқардым. Сол кезде «Мына тәуелсіздікті қан төкпей алдық» дегендер табылды. Солардың біразын шақырып алып, «Екі жарым мың жыл ата-бабаң қанға шомылды. Қан жылады, қырылды. Осы аз ба саған? Тағы қан көргің келіп отыр ма? Солардың көксеген арманына біз жетіп отырмыз. Ендігі мақсат – осы тәуелсіздікті баянды ету» деп айтқаным бар еді», – деп еске алады Мырзатай Жолдасбеков.

Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономика тұралап, ел күйзеліске ұшырап, халық абдырап, жұртты үрей биледі. Түрлі шерулер, митингілер көбейіп, қозғалыстар пайда болды. Неше түрлі арандатушылар, небір «көсемдер» шықты. Осындай жағдайда елді ұйыстырып, оны жаңа белеске көтеру оңайға түскен жоқ. Бірақ осынау алмағайып кезеңде тізгінді қолына алған Нұрсұлтан Назарбаев елді дұрыс бағытқа салды. Ел біртіндеп есін жиып, еңсесін көтере бастады. Мемлекет басшысы содан бері көрегенділік пен даналық танытып, қазақ елін небір дағдарыстан алып шығып, биік асуларға көтеріп, мәртебесін асқақтатып келе жатыр. Сондықтан халық Тәуелсіздік пен Президентті бір-бірінен ажыратпай, тұтастықта қарайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, сол қиын-қыстау кезеңде Мырзатай Жолдасбеков Елбасының елді аман-есен алып шығудың жолдарын шарқ ұрып іздеген мазасыз күндері мен ұйқысыз түндерінің куәсі болған.

«Жан-жақтан анталаған кезеңде жанында болған, ерлігін, қайсарлығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жылдары 5 жыл бойы күні-түні қасында болып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай талай тебіренгенін, талай ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім. Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кестеңі шығып жатқан, алда не боларын білмей жұрт сасқалақтаған уақытта Нұрсұлтан Назарбаев именбей қол бастады, тар кезеңнен жол тапты», – деп еске алады мемлекет және қоғам қайраткері.

Тәуелсіздік жылдарындағы тағдырлы шешімдердің ешбірі оңайға түскен жоқ. Әрқашан күмән мен күдік болды. Мырзатай Жолдасбекұлының сөзінше, алғашқы қарбалас жылдарда Нұрсұлтан Назарбаевтың жүзеге асырмақ болған кейбір ойларына келіспей, қарсы шыққандар аз болмаған. Мемлекет басшысының ойлары мен идеяларын кезінде көбі өз мәнінде түсіне алмады. Ал бұл Елбасының ертеңгі күнді болжай алған көрегенділігі еді.

«Қиын мәселелер бойынша бізбен ақылдасатын, бірақ бәрібір жолды өзі табатын. Әлі күнге дейін солай. Бұл кісі бір мәселені айтқан кезде, біз байыбына барып, түсіне бермейтінбіз. Алдағыны болжайтын адам ғой. Елдің, мемлекеттің ауыртпалығын мойынға алғаннан кейін сол жолдан таймай келе жатыр», – дейді М.Жолдасбеков.

ТАРИХИ ШЕШІМ ТАҒЫЛЫМЫ

Байқап қарасақ, Президенттің шешімдерінің дұрыстығын, көрегенділігін уақыт көрсетті. Көпшіліктің көңілін күпті етіп, күмән туғызған осындай бастамалардың бірі ел астанасын Алатаудың баурайынан Сарыарқа төсіне көшіру болған еді. Сол кезде, ел әлі есеңгіреп, есін жинамаған уақытта Елбасының бұл ұсынысын көпшілік түсінбеді және құптамады. Дағдарыс жағдайында жаңа қала салу деген көп жұртқа ақылға қонбайтын қиял сияқты көрінгені қазір жасырын емес. Нұрсұлтан Назарбаев республика үшін аса маңызды мәселені 1994 жылы 6 шілдеде ҚР Жоғарғы Кеңесінің қарауына шығарды. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Президент астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің қажеттілігін дәлелдеп береді. Сөйтіп, бұл мәселені салмақтай келе, Жоғарғы Кеңес Президенттің ұсынысын көпшілік дауыспен қолдайды да, осы күні ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде тарихи құжатқа қол қойылады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Ал Президенттің 1998 жылғы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілгені белгілі.

Сонымен, бұл шешімнің даналығын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Аз уақытта ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Астана келешегі кемел қалалардың қатарына қосылды. Еліміздің бас қаласына, күллі алаш жұртының жүрегіне айналды. Әуелде жаңа астана салудың болашағына сенбегендер кейін елорданың қазақтың шынайы мақтанышына айналып, мемлекетіміздің жасампаздық жеңістеріне бастау болғанына көз жеткізді. Бір қызығы, осы азаматтардың қатарында Мырзатай Жолдасбеков те бар.

«Ел астанасын көшіру бойынша Мемлекет басшысы бәрімізбен ақылдасып жүрді. Шынымды айтсам, сол кезде мен ол кісіге «Жұрт 3-4 ай жалақысын, балалар шәкіртақысын, қарттар зейнетақысын ала алмай жүр. Қайда көшеміз? Ел жалаңаш, жалаң аяқ, жалаң бас. Қалай саласыз, қалай көшесіз? Мен қарсымын» деп едім. Мен мұндай қала болатынын білген жоқпын. Біз көшіп бара жатқан жұртты шығарып салдық. «Біз Алматыға сыймай емес, қимай кетіп бара жатырмыз» деді олар. Астананы ең қиын кезде, тәуекелге барып, Арқаның қақ төріне көшіру батырлық еді. Ол мемлекетке қажет болды. Бұны ол кезде біріміз түсінсек, біріміз түсінбедік. Мұның үлкен астары бар болатын», – дейді профессор.

Мырзатай Жолдасбеков 2000 жылы Астанаға Еуразия ұлттық университетіне ректор болып келеді. Міне, содан бері 16 жыл өтіпті. «Осы уақытта Астана маған ерекше ыстық, жақын қала болып кетті», – дейді қоғам қайраткері. Оның көз алдында Арқаның кіндігінде сәулеті мен дәулеті жарасқан әсем қала бой көтерді. Өзінің төл перзентіне, жаңа елорданың келбетіне Мемлекет басшысы айрықша көңіл бөлді. Астананың сәулетін қалыптастырған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше еуразиялық стиль жасау идеясы негізге алынып, елорда бейнесінде Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапты. Мырзатай Жолдасбекұлы алғашқы жылдары Астананың бас жоспарын көрген кезде қатты таң қалғанын айтады. Аз жылда осындай ғажайып қаланың салынуы мүмкін еместей көрінген. «Енді сол ертегіні көзіміз көріп отыр», – дейді ел ағасы. Көріп қана қоймай, ол Астананың сәулетіне сән қосуға өз үлесін қосып отыр. Мәселен, Астана символдарының бірі – «Мәңгілік Ел» қақпасының атауын берген екен. Ұлттық мұражай алдында тұрған сақ көсемдерінің авторы да – Мырзатай Жолдасбеков.

Осылайша, Еуразия құрлығының қақ ортасында, дүйім дүниенің көз алдында Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы пайда болды. Бас қаламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. Астана әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланатын бірегей диалог алаңына айналды. Жоғары деңгейдегі меймандарды өз төрінде жинап, қазақ халқының қонақжайлылығын паш етті.

«Мен сол кезде берген сұхбатымда «Астана тек Қазақстанның емес, құдай қаласа, Еуразияның астанасы болады» деп айтқан едім. Міне, қазір солай болды. Біз өмірі армандамаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткіздік. Ал қазір ешкімнің өңі түгіл, түсіне кірмеген БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болып отырмыз. Күні кеше ғана Қытайда әлемдегі ең ықпалды 20 мемлекеттің басшыларының ішінде біздің Елбасымыз отырды. Нұрсұлтан Назарбаев қазір айтса сөзі өтетін, істесе қолынан келетін үлкен әлемдік тұлғаға айналды», – деді ерекше мақтаныш сезіммен профессор.

ҰЛТТЫҚ САНА ЖАҢҒЫРДЫ

Тәуелсіздікпен бірге қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілді. Ұлттық сана-сезіміміз оянып, арғы-бергі тарихымызды зерделей бастадық. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық мәдениет жаңғырды. Тіліміз бен дінімізді қайтардық. Сөзсіз, Тәуелсіздігіміздің баға жетпес табысы бұл. Мырзатай Жолдасбеков тәуелсіздік алған тұста атқарылған істердің үлкен бір парасы ретінде тарихи санадағы сілкіністі, рухани өзгерісті атап өтеді. Өзі басы-қасында болып, отаршыл саясаттың салдарынан езіліп қалған елдің еңсесін тіктеп, оның санасын, рухын ояту үшін бабаларға арнап ас беру ұйғарылған. Ең алдымен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың тойлары өтті. Одан кейін іле-шала республика деңгейінде Бөгенбай, Қабанбай, Сыпатай батырлардың тойлары атап өтілген. Қоғам қайраткерінің айтуынша, азаттық үшін күрескен батырлардың есімін ұлықтап, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету үшін бұл тойлардың маңызы зор болды.

«Сол кезде жоқ жерден дау іздегендер де болмай қалған жоқ. «Тойшыл боп кетті» деген күңкілдер естіліп жатты. Бірақ біз той аңсап, қарын тойдыру үшін жүрмегендіктен ондай сөздерді елең қылмай, ісімізді жалғастыра бердік. Өйткені азаттық үшін қасық қанын қиған боздақтарға, арыстарға, аруақтарға қанша уақыттан бері ас берілген жоқ еді. Осылайша, ел ұйыса түсті, оның қалғыған тарихи санасы қайта жаңғырып, намысы оянып, жұртта, әсіресе, жастар арасында мақтаныш сезімі пайда болды. Той болғасын шығынсыз болмайды, дегенмен, бұл орайда халықтың өз игілігі өзіне жұмсалды, республика бюджетінен арнайы қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан, бұл тойлар тәуелсіздік алған тұста тарихи миссия атқарды десек, артық айтпағандық болар еді», – дейді Мырзатай Жолдасбекұлы.

Өз тәуелсіздігіне қолы жеткен қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиға 1992 жылы болды. Осы жылы жер бетінегі барша қазақтың басын қосқан Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Алматыда өткен құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ге жуық қазақ келді. Бодандық бұғауынан құтылған тәуелсіз қазақ елі туған еліне, ата-баба жеріне әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған өз қандастарын жинауға мүмкіндік алды. Ия, бұл ұлт үшін жасалған игі іс болды. Тарихи сәттің куәсі болған Мырзатай Жолдасбеков сол кезді былай еске алады:

«1992 жылы қыркүйекте ағайындарды жинап, құрылтай өткіздік. Ол кезде бүгінгідей алшаң басып жүрген бизнесмендер де жоқ. Обалы не керек, жаңа қылтиып келе жатқан, кәсіпке енді араласа бастаған азаматтардың көмегімен құрылтай ұйымдастырдық. Сонда шетелден келген ағайынды әуежайда қарсы алдық. Жата қалып, жерді сүйді олар. Таң қалдық. Елге, жерге деген сағыныш, махаббат қандай десеңізші!» .

Тұнғыш Дүниежүзі қазақтары құрылтайының нәтижесінде әлемдегі қазақтармен тығыз қарым-қатынас жасайтын, оның мұң-мұқтажын жоқтайтын қауымдастық өмірге келді. Осыдан кейін атажұртты аңсаған шетел қазақтарының ұлы көші басталды.

Міне, түптеп келгенде, осы жетістіктердің барлығы тәуелсіздігіміздің тартуы. Азаттықтың әр жылы жаңа Қазақстан тарихындағы тұтас дәуір болып отыр. Ал биыл тәу еткен Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толды. Егемендіктің туын тігіп, оны баянды ету маңдайына жазылған ұрпақ елінің кемел келешегі үшін тер төгіп келеді. Сайып келгенде, әр қазақ Тәуелсіздікке қызмет етуді борыш санауы тиіс. Осылай деп түсініп, азаттықтың арайлы таңынан бүгінгі күнге дейін ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан Мырзатай Жолдасбекұлы өзін бақытты сезінеді.

«Өзімді бақытты санаймын. Бүгінге дейін Тәуелсіздікке қызмет етіп келе жатырмын. Бүгінгі ұрпақ ең бақытты ұрпақ. Сол басына қонған бақты бағалай білсе деп ойлаймын. Өйткені, тәуелсіздіктен артық, дербестіктен қымбат еш нәрсе жоқ. Мемлекет құру, оны дамыту, әлемге таныту, сырт көзден сақтап отыру оңай емес қой. Кемшіліктер болар, бірақ қазір үлкен дәуірлеу кезеңіне өттік. Бабаларымыз өмір бойы зар илеп, халықты бірлік пен ынтымаққа шақырды. Бірлік болмаған жерде, тірлік болмайды. Тәуелсіздік орнаған күннен бастап Президент елдің бірлік-ынтымағын Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры етті. Осы бізді құтқарып келе жатқан, талай пәледен де сақтап қалды. Мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түстік қой, енді Алла осы жолдан тайдырмасын!».

Дайындаған: Айымгүл ӘБІЛЕВА

Фото: Шыңғыс ҚАППАРОВ

Архивтік суреттер ҚР Ұлттық мұрағатынан алынды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған