Мьянмадағы қан қасап

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде Мьянмада мұсылмандарды қырып жатқаны туралы сұмдық хабарлар тарап жатыр. Әлем жұртшылығын: «Мьянма мұсылмандары кімдер, олар қайдан келген, бүгінгі қақтығыстардың төркіні неде, қазір не болып жатыр?» — деген сұрақтар алаңдатып,  мазалап тұр. Қырғынға ұшырап жатқан мұсылмандарға келсек, олар — Рохинджа — Мьянмадағы Ракхайн штатында (басқаша атауы — Аракан) тұратын этникалық мұсылман бенгалдар. Діні — ислам, рохинджа және бенгал тілдерінде сөйлейді. Этникалық және тілдік жағынан олар Бангладеш пен Үндістандағы халықтарға жақын. Ал Мьянмадағы негізгі этнос бирмалықтар қытай-тибет тобына жатады, діні — буддизм.

«Рохинджа» термині 1950 жылдардағы әскери-саяси қозғалыстың атауынан шыққан. Қозғалыстың мақсаты мұсылман өңірінің автономиясын алу болған. Термин 1990 жылдардың басынан бері танымал бола бастады, ал Бирмадағы мұсылмандар бұған дейін «бенгалдар» деп аталып келген еді. Рохинджа өздерін өңірге ертеректе қоныстанған араб саудагерлерінің ұрпағымыз, Ракхайн аймағында көнеден тұрып келе жатырмыз деп есептейді. Алайда көптеген тарихшылардың пікірінше, олар Араканға XVI ғасырда қоныс аудара бастаған. 1826 жылы бірінші ағылшын-бирма соғысының нәтижесінде британдықтар Араканды бирмалықтардан тартып алған. Осыдан кейін бенгалдар жұмыс іздеп Бирмаға қоныс аудара бастаса керек. 1869 жылы Аракан тұрғындарының 5 пайызы ғана мұсылман болған.

1942 жылы рохинджа, аракандық буддистер мен қаруланған британдықтар арасында «Ракхайн қырғыны» болды. Мәліметтер бойынша, ол жылдары мұсылмандар 50 мыңдай буддисті өлтірген, ондаған мың буддист қашуға мәжбүр болған. Бирма тәуелсіздік алған жылдары Ракхайн штатындағы мұсылман халықтардың арасында сепаратистік пиғыл байқала бастады. Бирма билігіне келген әскери режим бұл штатта тұратын мұсылман халықты ел азаматы деп мойындамады. Керісінше оларды Бангладеш аумағына көшірмекші болды, алайда бұл әрекеттері еш нәтиже бермеді. Бангладеш өкіметі оларды қабылдаудан бас тартты. 2012 жылы жағдай тіптен ушықты. Бес жыл бұрынғы дінаралық қақтығыста Мьянманың 200-ден астам тұрғыны қаза тауып, 140 мыңы (дені рохинджа) босқынға айналды. Он мыңдаған тұрғын қайықпен Малайзия, Индонезия, Таиландқа өтіп, бас сауғалады. Қазіргі ахуалға келсек, Араканда бір миллионға жуық рохинджа тұрады. Олар өздерін Ракхайн штатының байырғы халқы санаса, Мьянма үкіметі мұсылман рохинджаларды Бангладештен келген заңсыз иммигранттар деп атап, күні бүгінге дейін оларға азаматтық беруден бас тартып отыр. Өткен аптада «Аракан рохинджаларын құтқару армиясының» бірнеше полиция учаскесі мен әскери базаға шабуыл жасауы өткен ғасырда басталған текетіресті одан сайын шиеленістіріп жіберді. Куәгерлердің айтуынша, әскерилер мен оларға көмектесіп жүрген буддист еріктілер рохинджа халқын аяусыз қырып, ауылдарды өртеп жатқанға ұқсайды. Бангладеш шекарашылары өткен апта бойы Мьянмамен арадағы Наф өзенінен суға кеткен мұсылмандардың денесін шығарумен болыпты. 30 мыңға жуық адам Бангладеш аумағына өткен. Бангладештің шекара маңындағы Кокс-Базар округі мен гуманитарлық ұйымдар шамалары келгенше босқындарды орналастырып жатқанмен, қолға алынған шаралар әлі де аздық етеді деседі. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Бангладеш билігін рохинджа халқын елдің орталығына қарай жіберуге шақырды. Алайда ел билігінің өкілдері бұған үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, мұншама босқынды орналастыру үшін мемлекетте бос орын да, ақша да жоқ.

Деректерге сүйенсек, Бангладеш 1990 жылдардан бері Мьянмада қудалауға ұшыраған 400 мыңдай рохинджаны бауырына басқан. Мьянмада тұратын шығыстанушы, ел туралы блог жүргізетін танымал блогер Петр Козьма: «Ақпарлардың ислам аудиториясына бағытталғаны көрініп тұр. Халықаралық БАҚ беттерін тек жапа шеккен мұсылмандар туралы ақпарат басып кеткен. Ракхайн штатында қанша мұсылман өлтірілсе, буддистердің соншасы қаза тапты. Ал қираған және өртеніп, күл болған үйлер саны қос тарапта да бірдей. Екі тарап та тең дәрежеде зардап шеккен қақтығыс болды», — дейді. Қазір Мьянманың батысында нақты не болып жатқанын ешкім де білмейді. Штатта әскери жағдай жарияланған, журналистерге де, гуманитарлық және құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлеріне де кіруге тыйым салынған. БҰҰ мәліметінше, рохинджа — әлемде ең көп қудаланатын этникалық топтардың бірі. Бүгінде мұсылман рохинджалардың көбі көрші Бангладеште босқындар лагерьлерінде тұрады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өткізген шұғыл отырыста 30 мыңға тарта мұсылман рохинджа үкімет әскерлерінен бас сауғалап, Мьянма аумағын тастап қашқаны жария етілді.

 Керек дерек. Мьянма Одағы Республикасы (бұрынғы атауы — Бирма) — Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет, Үндіқытай түбегінің батыс бөлігінде орналасқан. Мьянма батысында Үндістан және Бангладешпен, солтүстік-шығысында Қытаймен, шығысында Лаоспен және оңтүстік-шығысында Таиландпен шекараласады. Басқару формасы — президенттік республика. Ресми тіл — бирма тілі. Мьянмада шамамен 60 млн. адам тұрады. Халқының басым бөлігін бирмалықтар құрайды. Негізгі этностар: бирмалықтар — 68 %, шандар — 9 %, карендер — 7 %, аракандықтар — 4 %, қытайлар — 3 %, үнділер — 2 %, мондар — 2 %, качиндер — 1,5 %, тағы басқалары — 3,5 %. Мьянма көп конфессиялы ел болғанымен, халқының дені — буддистер. Халықтың конфессионалдық құрамы: буддистер — 89 %, христиандар — 4 %, мұсылмандар — 4 %, анимистер — 1 %, басқалары — 2 %. 1989 жылға дейін мемлекет ресми түрде Бирма Одағы Социалистік Республикасы, қысқаша Бирма деп аталып келді. 2010 жылдың қазанында Мьянма елдің атауын «Мьянма Одағынан» «Мьянма Одағы Республикасына» ауыстырды. Сәйкесінше мемлекеттің елтаңбасы мен туы да өзгерді.

Дайындаған — Ермек Назым

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған