Мүмкін еместі мүмкін еткен

 Көпшілік  мүгедек жандарды мүмкіншілігі шектеулі адамдар деп қабылдайды. Алайда бұл дұрыс емес. Өйткені мүгедектердің арасында кедергілердің бәрін аттап өтіп, сау адамнан артық жұмыс істеп, үлкен табысқа жетіп жүргендер де бар. Сондай жандардың бірі – Өмірболат  Сейітқалиев.

Мына жарық дүниеге сал ауруымен (ДЦП дейтін ауыр диагнозбен) келген Өмірболат өзін өзгелерден ешқашан кем санаған емес. Және мұны ол іс жүзінде дәлелдеді де. Кішкентайынан дімкәстігін мойындамайтын ол шамасы келгенінше ата-анасына көмектесіп, олардың ірілі-уақты тапсырмаларын  мұқият орындап қоютын. Кейін өсе келе Өмірболат бәрі де адамның өзіне байланысты екенін жете түсініп,  білім алып, білікті маман атануды армандады. Бұл ойын ата-анасына жеткізгенде, олар Өмірболатты қуана қолдап, оның бағдарламашы мамандығын игеруіне көмектесті. Өмірболат мүмкіншілігі шектеулі адамдардың жұмыс табуы өте қиын екенін білді. Сөйтіп, ол өзінің мамандығы бойынша не істеуге болатынын ойластырды. Ғаламтор көмегіне жүгініп, осы мамандықпен өзгелердің қандай шаруа атқарып жатқанын көріп-білді. Сөйтсе, өзгелердің жасағанын бұл да жасай алады екен. Осы ойын ата-анасына айтқанда, олар ұлдарын тағы да қуана қолдады.

Сөйтіп, Өмірболат өзінің арманын жүзеге асыру үшін 2012 жылы  «Өмір» баспа салонын ашып, Достық даңғылы бойынан жалға алынған орында жеке кәсібін жүргізуді бастады. Алғашында қағаз көшіру, мәтін теру, студенттердің курстық жұмыстары мен рефераттарының сыртын әрлеумен айналысса, кейін кәсібінің ауқымын кеңейтіп, тойға шақыру, мерейтойлық фотосуреттер, арнайы альбомдар жасауға тапсырыстар алып жүрді. Өмірболат мұнымен шектеліп қалмай, қасына көмекші жігіттер алып, мүгедектерге арналған арбалар мен басқа да құрылғыларды тапсырыс берушінің тілегіне сәйкестеп қайта жабдықтаумен де айналысты. Бұл жұмысы да жаман болған жоқ, қайсар жігіттің мерейін өсіріп, оған тапсырыс берушілер  қатарын көбейтті. 2013 жылы мемлекеттік грантты ұтып алған Өмірболат жеке кәсібінің ауқымын кеңейтті. Енді оның  салоны жәй ғана мәтін теріп, сурет шығарып қана қоймай, сонымен қатар  жейделер мен кепкаларға, тәрелкелер мен кружкаларға мерейтой иелерінің суретін салып, көпшілікке ұсына бастады. Орталық қызметкерлерінің бұл істе де жолдары болды. Енді олар сыртқы жарнама жұмысымен, фотосувенирлер жасаумен, мекеме-кәсіпорындарға мөр даярлаумен, командаларға визитка, буклеттер, альбомдар даярлаумен де айналыса бастады. Орталық шеберлері, сондай-ақ жас жұбайлар мен мерейтой иелерінің көрпе-көпшіктеріне қалаған суреттерін салып беретін болды. Қаланың орталық көшелеріндегі мекеме атаулары мен баннерлердің көпшілігі осы «Өмір» орталығы қызметкерлерінің қолынан шыққан десек, қателеспейміз.

«Ерінбеген етікші болады» демекші, бәрін де жәй ғана армандаудан бастаған Өмірболат көп нәрсені үйреніп, бүгінде өз ісінің нағыз шебері болып алды. Тапсырыстың көптеп түсуіне байланысты қасына көмекші етіп, тағы төрт адамды жұмысқа алды. Өмірболаттың айтуынша, бүгінде «Өмір» салонының Орал қаласында екі бірдей бөлімшесі жұмыс істейді. Оның бірі  Киров аялдамасындағы «Қарлығаш» дүкені маңында болса, екіншісі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ тұсында. Бұдан басқа «Өмір» орталығының филиалдары Астана қаласында, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында бар. Орталық филиалдары ол жерлерде де мол тапсырысқа ие. Бұдан бес жыл бұрын ашылған шағын ғана «Өмір» салонының жұмыс ауқымы кеңейіп, бүгінде кәдімгідей көп салалы ірі орталыққа айналды.

-Біздің орталыққа айына шамамен 1000-1200 тапсырыс түседі. Соның 50-60-сы баннерлердің үлесінде. Әрине, мұндай ауқымды жұмысты жалғыз өзімнің атқара алмайтыным анық. «Өмір» орталығының табысты болуына осында жұмыс істейтін барлық қызметкерлер мен жұмысшылар көмектесті. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, оларға ризашылығымды білдіргім келеді, – деген Өмірболат  болашақта орталық жұмысын бұдан да гөрі кеңейткісі келетінін жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, «Өмір»  орталығында  өзіміздің өңір бойынша 17 адам жұмыс істейді, ал еліміз бойынша барлық филиалдарын қосқанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Оның үшеуі – мүгедек адамдар. Жұмысшыларының айлық жалақысы айына 70-80 мың теңгені құрайды және орталық жылына жергілікті салық органына 7-8 млн. теңгедей салық төлейді.

Бюджет қоржынын осыншама қаражатқа толықтырып, 80-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Өмірболатты мүмкіншілігі  шектеулі деп кім айтар?

     Еңбекқор жас осы бағыттағы жұмысын одан әрі кеңейту мақсатында биыл және бір жобаны жүзеге асырды. Биыл көктем айында облыс көлемінде ұйымдастырылған үздік жобалар конкурсында Өмірболаттың қос бірдей жобасы оза шапты. Сөйтіп, мемлекет бөлген тегін қаражатқа жоғарыдағы жоба аясында көзі көрмейтіндер мен құлағы естімейтін мүгедектерге арналған компьютерлік курс ұйымдастырды.

-Компьютерлік курста барлығы 1200 адам оқып, компьютермен жұмыс істеуге үйреніп шықты. Мүгедек жандарды көзі көрмейтін және құлағы естімейтіндерге арналған мектептің екі мұғалімі оқытты. Оқу наурыз–мамыр айлары аралығында ұйымдастырылды. Осы курста оқыған мүмкіншілігі шектеулі жандардың бүгінде 15-і өздеріне тұрақты жұмыс орнын тапты. Әрине, мұндай жұмыстарды облыс әкімдігі мен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қолдауынсыз, көмегінсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Осы жұмыстардың барлығына қолдау көрсетіп отырған өңір басшысына, қала әкімдігі мен «Су Арнасы» ЖШС-нің басшыларына  ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын. Облыс әкімдігі бізге мүмкіншілігі шектеулі жандарды оқыту үшін арнайы орын жалдауға көмектесті.  Нәтижесінде алғашқы топтың адамдары облыс орталығындағы «Су Арнасы» ЖШС-де жалға алынған бір бөлмеде оқып шықты. Жалдау құнының 50 пайызын әкімдік және 50 пайызын өзіміз төледік. Сөйтіп, біз мемлекеттің мүмкіншілігі шектеулі жандарға деген қамқорлығын айқын сезіндік. Оқушылар үш айлық курста айына небәрі 5 мың теңге төледі. Ал қала орталығындағы «Андас» оқу орталығында мұндай курстарды оқу үшін айына 25 000 теңге төлеу керек. Жоғарыдағы жеңілдік мемлекеттің  қайтарымсыз берген қаражатының арқасында жасалып отыр.

Күзге таман қол кемістігі бар адамдарға арналған оқу курсы да сол «Су Арнасы» ЖШС-да ұйымдастырылмақ. Бұл жолы компьютерлік сауаттылыққа қолы кем адамдар оқытылады. Оларға, әдетте, клавиатурамен жұмыс істеу қиын. Олардың жағдайын жеңілдету мақсатында біз жақында Қытайдан 160 дана екі түрлі қолқап протезін алдық. Мұның біріншісі – жасанды саусақ болса, екіншісі қолға тұтастай киіп алып, жұмыс жасауға арналған жасанды қол. Қол кемістігі бар адамдарға арналған оқу курсы, бұйырса, биыл тамыз айында басталмақ. Бұл курста оқуға қазірдің өзінде жүз шақты адам тілек білдіріп, тіркелді. Оларды оқытатын оқытушылар дайын тұр.

Аталған жобамен бір мезгілде тағы бір жаңа жобаны жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Бұл – компьютерлік үстелдерге Күн батареясын орналастыруға арналған жоба. Жаңа жоба бойынша біз тапсырыс беруші мекеменің жұмыс үстелдеріне Күн батареясын орнатып береміз. Яғни, бұл компьютермен жұмыс жасайтын адамдар үшін өте пайдалы, Күн батареясы қызметкердің компьютерін электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіп тұрады. Күн батареясын үстелдеріне орналастырып алғандарға электр қуатының бар-жоғы әсер етпейді. Электр қуаты айрылып қалса да, олар жаңағы Күн батареясының арқасында асып-саспай жұмыстарын жалғастыра береді. Компьютерге арналған Күн батареясы                   3 млн. теңге тұрады. Бұл құрылғыны қызметкерлердің жұмыс үстеліне орнату үшін бір үстелге кем дегенде 4 дана Күн батареясы керек. Батареялардың әрбіреуі қазіргі бағамен 20 000 теңге тұрады, -деген Өмірболат өз компаниясының қайырымдылық шараларын да жиі ұйымдастырып тұратынын айтты. Оның сөзінше, компания қызметкерлері жоқ-жітік адамдар мен науқас жандарға арнап, жиі дастархан жаяды, науқас жандардың дәрі-дәрмегі мен тұрмысы төмен отбасылардың керек-жарағын алып беріп, олардың жабырқау көңілдерін жұбатуға тырысады.

Өзі де қатал тағдырдың қақпақылында жүріп, өзгелерге жүрек жылуын сыйлауға ұмтылған жас жігіттің жігерлілігі мен ізгілік істері талайға үлгі болғандай.

«Мүмкіншілігі шектеулі» деген ұғымды ысырып тастап, мүмкін еместі мүмкін қылып жүрген  жас жігіттің қайсарлығына таңғалмасқа амалымыз жоқ. Өмірболат деген атына заты сай табанды да еңбекқор азаматтың бұл өмірде әлі талай нәрсені болдырып, толағай табыстарға жететіні анық.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

Батыс Қазақстан облысы

 

P.S.Жақында Өмірболатпен кездейсоқ тағы кездесіп қалдым. Бұл жолы ол қарбыз-қауын сатушылардың қасында тұр екен. Хал-жағдай сұрасқанымызда Өмірболат өзінің науқан уақытында қауын-қарбыз «бизнесімен» де айналысатынын айтты. Айтуынша, қалада оншақты жерде қарбыз –қауын сататын нүктелері бар. Оның әрқайсысында екі адамнан жұмыс істеп тұр. Олардың күніне ішетін тамақтары тегін және сатушылармен келісуіне қарай еңбекақыларын күнде кеште қолдарына беріп кетеді. Мұндай сауда нүктелерінде жеңіл-желпі жұмыс істеуге мүмкіндігі бар мүгедек адамдар жұмыс істеуде. «Үйде езіліп отыра бергенше, олардың да ақша тауып, өздерін өздері асырауға талпынғандары жөн» -деген Өмірболат науқандық жұмыспен тағы 20 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған