Мұхтар Құл-Мұхаммед: Латынға көшу жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың басын қосады

Бүгін Астанада өткен Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы отырысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед латынға көшудің бірнеше артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары латын алфавитіне көшу Елбасының кемеңгерлігінің тағы бір көрінісі екенін атап өтті.

«Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты», – деді М.Құл-Мұхаммед.

Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы екенін атады. Сондай-ақ, ол латынға көшудің артықшылықтарына тоқталды.

«Латынға көшу арқылы біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз.

  • Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді.
  • Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады.
  • Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Кириллицада жасалған бар әдеби құндылық түгелдей компьютерлік нұсқаға көшіріледі. Сондықтан латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

 Baq.kz сайтынан алынды

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған