Мұғалімдердің жалақысын көтеру сапалы білімге жол аша ала ма?

Мұғалімдердің жалақысын мың долларға дейін көтеру мүмкін бе? Егер ұлт болашағын ойлау тұрғысынан қарасақ, білім сапасын көтеруді қолға алсақ, неге болмасқа? Бұл — көпшіліктің пікірі. Өйткені бүгін күні мұғалімдердің бағасы әбден түсіп кетті. Оны тез арада көтермесек, ертеңіміз бұлыңғыр. Ал олардың 2507-smirnovaайлықтары жайлы айтудың өзі ұят. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бұл проблеманы депутат Ирина Смирнова көтерді. Ол қазақстандық мұғалімдердің жалақысы тым аз екенін айтып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал етіп жолдады. Cауалда өзіміз көп еліктейтін Еуропа мысалға алыныпты. Аз сөзбен көп ой айтуды қалаған депутат ханым, өзгеге еліктесек, онда олардың да ұстанымдарын, білім саласына көрсетіп жатқан құрметтерін де үлгі тұтайық дегені байқалады. Мысал ретінде Дания, Исландия және тағы басқа да Еуропа мемлекеттерін тізіп шығуы да тегін емес секілді. Өйткені бұл елдерде білім беру саласына ақшаны аямай төгетіні сондай, қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызды құрап отырған көрінеді. Соның нәтижесінде Германия сияқты елде мұғалімдердің жалақысы 4 мың еуроға дейін жететін болып шықты. Әрине, бұл бізге ертегі секілді көрінгенімен, ақиқаты осы. Бұл — дамыған елдердің мызғымас ұстанымы. Алысқа бармай-ақ, құмырсқадай быжынаған шығыстағы көршіміз Қытайда да мұғалімдердің статусы жоғары екеніне депутат ерекше назар аударады. Олардағы мектеп мұғалімдері кем дегенде 1 мың АҚШ долларын алатынын депутат Үкімет басшысының есіне салады.

Сөзінің соңында Ирина ханым: «Бізде мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Сынып жетекшілігі үшін 5-ақ мың қосады. Мұндай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстанда білім беру сапасын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін көтермей, бәрі бекер», — деді. Бұған тіпті алып-қосарымыз жоқ.

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері, саясаткер: ЖАҒДАЙ ЖАСАСАҚ, ҚЫЛМЫС АЗАЯР ЕДІ  

«Білім саласына аз реформа жасалған жоқ. Өкінішке орай, нәтиже аз. Керісінше, түрлі бағдарламалар енгізіп, оны қиындатып алдық. Мұғалімдердің қызметіндегі сапасыздық реформаны жоққа шығарады. Ал кез %d0%b0%d0%b1%d0%b5%d0%bd%d0%be%d0%b2келген саладағы нарықтық-экономика бойынша жұмыстың сапасын арттыру үшін мамандарды ынталандыратын, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беретін — қаржы мәселесі. Яғни істеген ісіне қарай алатын айлығы. Сол себепті білім саласы мамандарына қаншалықты талап қойсақ, соншалықты олардың айлығын да көтеруіміз керек. Оларды тек үгіттеп, «Сендер болашақ үшін жұмыс істеп жатырсыңдар» деп арқасынан қағып, мәртебесін тек құр сөзбен көтерумен шектелсек, ештеңе шешпейміз. Менің ойымша, құқық қорғау саласындағы мамандардың жалақысын көтергеннен гөрі ұстаздардың айлығын өсіру тиімді. Мысалы, біздің болашақта жетер жетістіктеріміздің көбі партадан басталады. Оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасамау — болашақ ел экономикасын өз қолымызбен тұралату деген сөз. Ал құқық қорғау саласындағылар ұстаздардан аз дегеннің өзінде екі есе көп айлық алады. Қарапайым ғана қағидаға сүйеніп айтар болсақ, мектепте білімді, тәрбиелі, сапалы оқушы тәрбиелей алсақ, қоғамдағы қылмыс пен тәртіпсіздікті азайта аламыз. Яғни мұғалімнің айлығын көтеру арқылы еліміздің экономикасын, дамуын алға жылжыта алсақ, екіншіден, қоғамдағы қылмыстың азаюына да септігін тигізе аламыз. Сондықтан құқық қорғау саласынан гөрі ұстаздардың айлығын көтеруде ұтарымыз көп».

Дайындаған Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған