Мұқият Қойшыбайұлы: «Ақынның маңдай тері – өлеңі»

Атажұртты аңсап келген азаматтардың арасында талайды таңдай қақтырған дүлдүлдер мен бұлбұлдардың көптеп танылғаны жасырын емес. Десе де, сол көптің ішінде мықтылығын білдірмей, биіктігі байқалмай жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі — жуырда ғана тұңғыш жыр жинағын оқырманға ұсынған ақын Мұқият Қойшыбайұлы. Тумысынан кішіпейіл М.Қойшыбайұлының мінезі, дүниетанымы өлеңдерін оқыған адамға бірден байқалады. Бұған кітаптың алғы сөзін жазған есіпбек Айтұлының айтқаны дәлел болады. 

 -Көңілі кейде сынық болса да жаны тұнық. Өлеңдерінде мөлдірлік, шынайылық айқын көрініп тұр. «Сезініп көр бақытты екеніңді, Мен секілді қайғыдан жылап тұрып», – дейді Мұқият. Міне, Мұқият кешіп жатқан тіршілік тынысы осылай жырға айналып, оқырманын ойландыруға мәжбүр етеді».

 Ақынның алғашқы кітабының тұсаукесері Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтіп, оған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы бастаған зиялы қауым өкілдері және әдебиетті сүйген студенттер мен жас оқырмандар қатысты. Омар Жәлел, Қайраткер Кемеңгерұлы, Ұларбек Нұрғалымдар «Еркелеткім келеді» кітабының тұсауын кесіп, құттықтаумен қоса авторға өлең де арнап жатты. Рәсімнің ізін суытпай, Мұқият ақынмен сұхбаттасуға біз де мүмкіндік алған болатынбыз.  

14625484_1674590312763368_708696909_n

-Аға, тырнақалды туындыңыз құтты болсын! Алдымен жаңа кітаптың тақырыбы жөнінде айтсаңыз. Кітаптың мазмұнын «Еркелеткім келеді» тақырыбы толықтай аша ала ма?

-Рахмет, Ермұрат інім! Әрине, мына сұрағың орынды. Бұл жинаққа  менің біраздан бері, атап айтқанда,  жетінші, сегізінші сыныптан бастап күні кешеге дейін жазған  өлеңдерім топтастырылған. Кітаптың алғы сөзін жазған Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты Несіпбек Айтұлы мен айтыскер ақын Айбек Қалиев те өз ойлары мен  кемшін тұстарын ашып айтып, сын-пікірлерін ұсынған.  Былай тамаша болмаса да өз болмысым, шамаша жазылған дүниелер. Мықты еді, болмаса мінсіз деуден аулақпын. Кемшіліктер де бар  шығар. Ал кітаптың тақырыбына тоқталатын болсақ,  осы жинаққа енген көп өлеңдерім кешегі алып ұшпа бозбала, студенттік жылдарда жазылған екен. Студенттік  жылдарды көз алдыңа елестете бер, әрине, ол кездің өз еншісі бар. Тақырып қоймас бұрын біраз ойландым. Өлеңдерімді зерделеп, қарап шықтым. Сол өлеңдерімнің ішінде:

 Еркелеткім келеді, еркелеткім,

Жалт қарадың жанымды өртеп өттің.

Еркелеші, аяулым, бар да уақыт,

Мүмкін, ертең жоқпын,- деп басталатын өлеңім бар еді, осы өлеңім жүрегіме жылы тиді.  сонымен осы тақырыпқа тоқтадым. Меніңше тақырып кітаптың ішкі мазмұнын ашып тұр деп ойлаймын.

-«…Өлең деген тумайды жайшылықта» деген ақиық ақын Мұқағалидың сөзін жақсы білесіз. Қоғамдағы барлық жағдай ақынның жүрегінен өтіп, өлең болып төгіледі деп те жатады. Жалпы шабытты қайдан аласыз?

-Рас, өлең жайшылықта тумайды. Ал, ақындық болмыс екі пенденің біреуіне беріле бермесе  керек. Өз басым ақындар мен  қазақтың киелі сөз өнеріне деген көзқарасым айқын. Жаратушы Алланың адам баласының 20тағдырын әр түрлі беретіні сияқты, ақындардың да өз тағдыры болады. Мен ақындарды екі топқа бөліп қараймын (бұл менің өз жеке көз қарасым). Бірінші топ – туа сала сүйегіне сөз сіңген ақындар. Ал, екінші топ – тағдыры ақын қылғандар. Екі ақынның да өз айтары  мен  өз ұстанымы бар. Қандай ақын екендігін өлеңінің қуаты айқындайды. Адам тағдыры әсіресе ақын тағдыры оның шығармашылығына әсер етпей қоймайтыны белгілі жәйт. Сол сияқты, мен бастан өткерген, кешіп келе жатқан тағдыр тым тәтті емес. Жас күнімнен-ақ, туған ауыл, ата-ана, аға-бауырмен қоштасып, шекара асып кеткен жайым бар. Нақтылап айтқанда мен Қытайда туған  жанмын. Бірінші Алла, екінші қасиетіңнен айналайын атажұрт. Осы атажұртқа  деген ыстық ықылас, тұнық сезім мені осында жетектеп әкелді.  Осы тағдырым үшін күніне мың мәрте шүкір етуге бармын. Бірақ, артымда қалған қаны бір қаракөздерімді ойлағанда ішім қанжылайды. Солар үшін ештеме істеп бере алмағаныма қарадай налимын. Мен оқыған оқу, айналысып жүрген жұмысым қара басымды асырағаннан артық түкке жарамай тұр.  Сол артта қалған, күн санап жұтылып бара жатқан бауырларым  кешіп отырған тағдыр маған таныс.  Енді мені қайдан ойландырмасын, қайдан қинамасын. Кімге барып зарланасың,  уәжіңді  кім тыңдайды?   Қолымнан келері өлең жазу. Өз жарамды өзім емдеп келе жатқан жайым бар. Бір сөзбен айтқанда, осындай сезімдерімді жырларыма арқау еттім.

-Тапсырыспен өлең жазасыз ба және оның қандай зияны немесе пайдасы бар деп ойлайсыз?

-Тапсырыспен өлең жазу әрине болып тұратын жағдай. Біз адамдар арасында өмір сүріп жатқасын айналамызға міндетті түрде құлақ түріп, жақын қарым-қатынаста боламыз.  Жай сезімге булығып өлең жазғаннан гөрі, мойыныңа жауапкершілік арқалап жазған өлең анағұрлым сәтті шыға ма деп ойлаймын. Бірақ бұл жалпылама емес. Ішінаралық жағдай. Ақындар басқа кездегі өлеңдерін тек өз түйсігі мен ішкі жан дүниеснің әсерімен жазады.  Ал, пайдасы мен зиян жағына келсек, бүгінгі нарық билеген заманда ақындар өз өнерін табыс көзіне айналдырып, отбасын асыраса оның несі жаман. Біз өмір сүріп отырған бүгінгі орта әркім өз өнерін сатқан заман ғой. Мен ақынмын, тапсырыспен өлең жазбаймын деп шалқадан түсіп жатып алу меніңше дені дұрыс адамның ісі емес. Кімнің қолынан не келеді, сонымен тіршілік еткеннің не айыбы бар. Ал зиян дейтіндей тапсырыспен өлең жазған ақындардың көзі шығыпты дегенді күні бүгінге дейін естіген емеспін. Ақынның маңдай тері – өлеңі. Ендеше олар өз маңдай терінің жемісін жеуге құқылы емес пе!

14610628_1674590556096677_1751908960_n

-Қысқа да болса шынайы сұхбат бергеніңіз үшін сізге мың алғыс! Газет оқырмандарына екі ауыз өлең арнап жіберсеңіз…

-Көрдің бе, міне, сенің осы сұрағыңның өзі маған тапсырыс. Ал, сіздерге, оқырманға  өлең арнап сіздердің істеп отырған жұмыстарыңызға, оқырмандарға өз ризашылығымды білдірсем, оның несі жаман. Керісінше, сіздерде марқайып,  оқырмандар  қуанып қалмайсыздар ма?! (күліп)

Қара сөздің қолданатын тұнығын,

Елге арнаған осы бір аз ғұмырын.

Бағалайық, ардақтайық, ағайын,

Еңбегі зор бұл газеттің ұжымын!

-Көп рахмет! Шалқар шабыт, еңбегіңізге жеміс тілеймін!

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

«Қазақстан-ZAMAN» газеті

Суреттерді түсірген Ержан ЖАУБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған