Мәтелдің мәні

 

Біз сөз қадірін білген халықпыз.

«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен,

Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен», – дейді Жүсіп Баласағұни бабамыз. Қазақ тура сөзбен төрелік айтып, даналықпен дау шешкен халық.

Ислам дінін қабылдағаннан кейін мұсылман қазақтың рухани, мәдени өмірінде жаңа бетбұрыстар болды. Ислам құндылықтары халқымыздың тілі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтпен сабақтасып, әдемі үйлесіп жатты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекеттері мен тағылымды тәрбиесі ұлтымыздың болмысына, өн бойына сіңісіп кеткен.

Халық ауыз әдебиетінің ойсалар озық саласы – мақал-мәтелдерде көтерілген тақырып, айтылар ой, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) даналығымен үндесуі соның дәлелі дер едік. Мақал – халықтың моральдық кодексі, тәлімі мол тәрбие қағидасы. Күнделікті айтып жүрген нақыл сөздерді Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінен табамыз. Бір қызығы, мақал-мәтелдердің кейбіреуі әрі тілдік, әрі мағына жағынан да хадис мәтіндерімен бірдей.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек дін мәселесінде емес, өмірдің әр саласында үмбетіне үлгі-өнеге болған. Мысалы, әлеуметтік салаға қатысты Хақ Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай дейді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап»(Кәшфул-хафа, ІІ т., 276-бет). Халқымыз осы хадисті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – деген.

Хадисте: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», – деген нақыл кең тараған.

Тағы бір мысал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) күллі адам баласына: «Кеңес қылған ел азбас», – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, бертін келе мақал ретінде айтылып, тіпті қасына ұйқасын келтіріп былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас» (Қараңыз: «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз», 230-бет).

Бұл – ел арасында көп айтылатын нақылға қатысты біз келтірген хадистердің бір парасы ғана. Хадистің негізінде, мағынасында туындаған мақал-мәтелдер де жетерлік. Осыдан кейін қазақ асыл дін – Исламнан алыс болды деп қалай айта аламыз?..

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған