Мәуліт – Пайғамбарымыздың өмірбаянын насихаттайтын күн

Мәуліт сөзі араб тілінде – туылған деген мағынаны береді. Негізінде сөздің түбірі араб тіліндегі «уәләдә туу» сөзінен жасалған «мәулид» үлгісінде қалыптасқан есімшелі сөз. Оның туылу, мереке, туылған жер ұғымын беретін мағыналары да кездеседі. Алайда сөздің қолданыстағы мағынасы – дүниеге келу, туылу. Сол себепті тіліміздегі негізгі ұғым Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келуін, оның өмірбаянын дәріптейтін күн. Сондықтан елімізде аталмыш мерекені атап өту дәстүрі қалыптасқан. Ал ең бастысы Мәуліт – әлемдегі барша мұсылмандар үшін қадірлі де қастерлі мереке болып сіңісіп кеткен. Себебі бұл күні адамдардың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге келген.

Бұл мереке пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) туылған күніне орай мерекеленеді. Дегенмен мұның да өзіндік сипаты, яғни мерекелеу ерекшелігі бар. Негізінен пайғамбарымыздың туылған күні Раббиләууәл айының 12-інші түнінде туған (ай календары бойынша 3-ші ай). Бірақ нақты анықталмағандықтан бүгінде оны тойлау бір айдың аралығында өткізіледі.

Міне осы меркеге орай 24-желтоқсан күні Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Адамзаттың абзалы» атты рухани кеш ұйымдастырылды.

Әрине, бұл жайлы жаппай жазып та, теледидардан көрсетіп те үлгердік. Ондағы келген қонақтар жайлы, қойылған қойылымдар мен сахналанған көріністер, кеште орындалған әндер мен айтылған термелер жайлы да сөз етілді. Ал біз оның ғибраты мен маңызын сөз еткіміз келді.

Кештің мақсаты кешегі өткен кезеңдерде қолымыз жетпей жүрген дініміздің қайта оралып, баршамыздың бірінші кезекте адамзаттық парызымызды орындауға жол ашылғандын паш еткеніне шүкіршілік етуімізді дәріптелгенін дұрыс аңғаруымыз керек сияқты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының: «Біз осындай күнге жеткенімізге шүкірлік етуіміз керек. Бүгінде мен аштан қалған ешкімді көріп, естігенім жоқ. Егер ол өзі жалқауланып жатпаса» деп айтқаны осыларды алға тартады.

Келесі кештен алған әсеріміз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміріндегі күлімсіреу мәселесі. Заманына қарай адамы деген бабаларымыз. Шындығында, біз кез келген нәрсеге күлімсіреп қарауды жөн санамайтын дәрежеге жеттік. Бір-бірімізге ашуланған бетте, қабақ шыта, оны ушықтыра түсуге не болмаса болмашы нәрседен бәлендей үлкен бір дауға айналдыруға, ұрысып жүруге үйренгендейміз. Иә, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің әдемі күлкісімен кез келген нәрсеге демеу болатын. Қайғымен де мұңдасқан адамдарға жылулық сыйлайтын. Өзіне жарасым тапқан күлкісі адамзаттың асылы болуға да себепші болған-тын. Ашуды жеңе білу де біршама қиын екені белгілі. Өйткені ашуға булыққан жандардың бірі күлімсіреп оған жылулық танытса, оның әрі қарай өршуі де мүмкін еместігі аян. Себебі адамның ашуы тарқаса ол сол мезетте-ақ өзгеше қалыпқа түсіп сала берері хақ. Сондықтан өмірі өнегелі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күлкісі де баршамызға өнеге болары анық.

Ал бұған қоса кештен алар үлесіміздің тағы бірі – «шүкіршілік». Расында, бүгінде әлемдік мәдениеттер тоғысында адамзат баласы үшін байлық пен дүние мүліктің жеткілікті болуына баса назар аударған тұста барымыз бен қолымыздағы асылымызды, қала берді Алла Тағаланың осы дүние есігін ашуға себеп болып, сол жарық дүниеде жер басып жүргенімізге, деніміздің сау болып, төрт мүшеміздің бүтіндігіне тәубеге келіп, өлмес үшін ырызық-несібе бергеніне шүкірлік етуіміз үшін сабақ алғанымыз дұрыс сияқты түйілді. Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының: «Бүгінде қандай сәулім-зәулім мешіттер бой көтерді. Аллаға ғибадат жасау үшін барлық мүмкіндіктер жасалған» деп сөз етуі де осыны меңзесе керек-ті. Барымызға шүкіршілік етіп, тәубе келуіміз де осыны аңғартады. Еліміздің осы жиырма бес жыл ішінде жеткен жетістіктерін сөз етуінің астарында да осындай ойлар түйінделіп тұрғандығы айтпаса да сезіліп-ақ тұр.

Сөзімізді түйіндей келгенде, әрқайсымыз еліміздің бүгінгі жеткен жетістігін көзіміздің қарашығындай сақтап, дін бостандығы арқасында жеткен діни жетістіктерімізді, өзіміздің ғибадат жасауымызға барлық жағдайдың жасалғандығын да сақтау баршамыздың міндетіміз болмақ. Ол үшін іштен бүлік шығармай, барымызды қанағат тұтып, осы жетістіктерімізге де шүкіршілік етуімізден артық ештеңе болмас. Барды бағалау, асылды дәріптеу де бостандықтың арқасында жүзеге асатынын ұмытпаған абзал. Міне исі мұсылман қауымы үшін қадірлі болған Мәуліт мерекесінен осындай тағылымдар алу қажеттігін баршаңызға тілейміз. Еліміз берекелі әр таңымыз осындай мерекелі болғай қадірлі жамағат.

Мәуліт мерекесінің мазмұны жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде жер-жерлерде ол кеңінен, жаппай аталып өтілуде. Мұның бәрі Алла Тағаланың біздің елімізге берген үлкен нығметі деп ұғып, Мәуліт мерекесі құтты болсын деп, баршаңызға амандық тілеп, осы айтылғандарды есте тұтарсыздар деген тілек.

Нұрлан МАНСҰРОВ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған