«Нарықты игеруде Оңтүстіктің әлеуеті зор»

Астана қаласында  Оңтүстік Қазақстан облысының күндері  аясында «Ontustik Business: Мүмкіндіктер мен әлеует» атты  бизнес-форум болып өтті. Бизнес-форум барысында өңірдің инвестициялық жобалары, инвест преференциялар мен туристік өнімдердің таныстырылымы өтті. Кездесудің басты мақсаты – Оңтүстіктің мүмкіндіктерін таныстыра отырып, өңірге инвестиция тарту. Осы арқылы облыс экономикасын дамыту және туристерді көптеп шақыру.

– Оңтүстік Қазақстан облысы – экономикалық әлеуеті зор, тұрақты дамып келе жатқан өңір. Аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан, соның арқасында шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келе жатыр. Өздеріңізге белгілі, тұтынушы сапа мен қауіпсіздікті талап етеді. Бұл тұрғыда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдер секілді жаңа нарық ашылуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Форум аясында 6 меморандумға қол қойылды. Солардың алғашқысы боп  «Шымкент» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Ұлттық компаниясы» Акционерлкционерлік қоғамы Қытайдың Аньхой провинциясы халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік болатын. Сондай-ақ дәл осы компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік арттыру жөнінде келісімге келді. Екі тарап алдағы уақытта өзара қарым- қатынасты дамыта түспек.

Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды – иновациялық даму және туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы арасында өзара келісімге келіп, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде уағдаласты. Жалпы облысқа осы жылы 229,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,5 пайызға өскен. Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер ұйымдастырылған.

Шалқар БЕК,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған