Науқас жандарға Данияр да демеу болмақ

Оралда Елбасы тапсырмасына сәйкес салынып жатқан оқушылар және жастар сарайынан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылады,-деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

 Бұл туралы бүгін Данияр мен оның әкесі, жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусіновті қабылдап, құрмет көрсеткен облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті. Өңір басшысының атап өткеніндей, елімізде спортқа, соның ішінде боксқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазақстан спортшыларының Рио олимпиадасындағы табыс-жетістіктері – соның айқын көрінісі. «Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының сенімін ақтағандар қатарында Ақ Жайықтан түлеп ұшқан Данияр Елеусіновтің болуы – батысқазақстандықтар үшін ерекше мақтаныш. Данияр жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған кезде Елбасы өзі қабылдап, құрмет көрсеткен болатын. Енді, міне, даңқты боксшымыз сол үміт биігінен көрініп, олимп шыңына қол жеткізіп отыр. Бұдан былай да Даниярдың ізбасарларын көптеп тәрбиелеу үшін оның өзімен, әкесімен, Қазақстан бокс федерациясы өкілдерімен ақылдаса отырып, жаңадан ашылатын сарайдан арнайы орталық ашуды ұйғардық. Онда үш-төрт ринг орнатылып, балалардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалатын болады», деді әкім.

20160907141724

Алтай Көлгінов Д.Елеусінов пен оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусіновтің әрқайсысына 10 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Данияр сол бойда алғысын білдіріп, осы қаржыны сал ауруына ұшыраған мүгедек балаларға көмек ретінде «Бәйтерек» қорына аударатынын жеткізді.

Құрметті мейман әкесімен бірге бұдан кейін туған жері Қазталов ауданында болып, кездесулер өткізеді. Сондай-ақ 10 қыркүйекте қала күніне орай Оралда өтетін велошеруге қатыспақшы.

«Бізді осылайша қарсы алып, құрметтеп жатқан жерлестерімен ризамын. Бұдан былай да әуесқой бокс бола ма, әлде кәсіпқой бокс бола ма, қайсысында болсын, ел сенімін ақтай беруге тырысамын. Кәсіпқой боксқа ауысатыным жөнінде хабарлар жарияланып, сұрақтар қойылып жатыр. Бұған байланысты айтарым, ұсыныс баршылық. Бірақ біз әлі шешкен жоқпыз», деді Данияр Елеусінов ҚазАқпарат тілшісіне.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған