Нағыз қазақ екенбіз.

Сарыағашта болған оқиға

Сонау бір жылдары ойда-жоқта жұбайы­мыз екеуміз «Сарыағаш» курор­тын­да демалдық. Ығы-жығы  жұрт қазіргідей емес, ол кезде курорт аумағы жадағайлау. Ем-домын алатын қарттар кешке қарай бұрыш-бұрыштағы орындыққа отырып алып, бір-бірімен танысып, бірте-бірте өткен-кеткенін айтысып, жақындасып жатады. Ондайда ойнақы әзіл, сөз талас­тыратын қияңқы әңгімелер де айтылып қалады. Жастар жағы курорт басшылығы ұйымдастырған би кештеріне қатысатыны белгілі.

Бір күні ойда-жоқта «Сарыағашқа Бауыржан Момышұлы келіпті»   деген сөз тарады. Үлкеннің де, кішінің де ба­тырмен сәлемдесіп қалғысы келеді, мұн­дайда. Ел аузындағы Баукеңнің небір «ерліктерін» естіп, сонадайдан жүзін көруге асыға­тындар да жоқ емес. Бірақ, ба­тыр  «менмін» деп кеуде көтерген емес. Қарапайым, «сіз» бен «бізді» қару етіп ұстады. Ешкімге тік қабақ көр­сеткен емес, демалуға келген ауыл шал­дарымен етене жақын.

Уақыт жылғадан өткен судай тез. Көзді ашып-жумғанша небір оқиғаға тап боласың.  Күндердің күнінде ку­рорт­тың су ішетін буфетінің алаңын­дағы тақтаға «Кешкісін Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа алғашқы жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рахымжан Қош­қар­баев­пен кездесу бола­ды», – деген жарнама ілінді. Жұрттың құлағы елең ете қалды. Пенде қазақ емес пе? Күбір-күбір сөз. Қос батырдың кезде­суі қалай болар екен деп кешті асыға күткен­дер де жоқ емес, бар. Асыға күткен жұрт.

momysh-uly

Кіші бесінде курорттың «жазғы театры­на» жұрт жинала бастады. Әдет­тегідей топ  қарттарды бастап, Баукең де келіп, алдыңғы орынға жайғасты.   Қазақтың күйі күмбірлеп, өтер сал­танатты жан-жаққа хабарлап жатыр.

Белгіленген уақытта облыс, аудан  басшы­лары ортаға алған батырымыз Рахымжан ағамыз да келіп жетті. Жұрт­қа бас изеп сәлем беріп, сахна төріне өрлей берді. Осы сәтте ойда-жоқта алғы беттен Бауыржан батырдың қаһарлы үні саңқ етті – Когда старший по шину сидят здесь, надо быть вни­мательным… Еркіндеп  сахнаға өрлей берген Рахым­жан қалт тоқ­тады, шұғыл бұрылып, жұртқа көз тастап, ағасын іздеп тапты да, сахнаның баспал­дағынан асыға түсіп, жас балаша жүгіріп басып Баукеңе жетіп, қолын әскерше шеке­сіне қойып: – Здравия желаю, гвардии полковник, по обстоятельству прибыл в курорт Сарыағаш, – деп дауыстай сәлем берді.

–       Вольно, – деді батыр риза болып. Сөйтті де, Бауыржан батыр бас­тап, Рахымжан ағамыз қостап, сахнаға бет­теді. Қалың жұрт қос батырды қол ша­па­лақтап мінбеге шығарып салды. Гвар­дия полков­нигі мұнымен тоқ­тамады.

Жиынды ашпақ болған билікшіге қолды бір сілтеп, жиынды өзі бастап кет­ті. Рахымжанның кім екенінен хабар­дар етіп, небір сұрақтарға жауап беріп, орнына барып отырды. Жұрт ба­тыр­дың сө­­зінің әр тұсында қол шапа­лақтап, ба­тырдың мәртебесін асқақта­тып жіберді.

Кезінде көрнекті жазушы ағамыз Жекен Жұмақанов Жазушылар одағына барғанда: – Е, мұнда Баукең келген екен ғой, – деп  батырды әр бөлмеден іздеп тауып, әскерше сәлем беріп, редакцияға ораларда: – Е, бауырым, біздің Баукең елінің сәлеміне ғашық қой, – деуші еді. Шынында, солай екен, – деймін мен де.

 

Рецептің әлегі

Сонау бір жылы «Ұлан» балалар басы­лымының тапсырмасымен қазақтың тағы бір батыры туралы мақала жазу үшін  батыр аға Қасым Қайсеновтің үйіне бардық. Соғыста  жау тылына жеті рет түсіп, жауына ойран салған батыр аға біздің балалардың газетінен келгенімізді естігенде, жүзінен ризашылық  кейіп танылды.

–       Ал енді сұрақ қойыңдар, мен жа­уап берейін, – деді кереуетіне нық­тана отырып. Дайындалып барған біз алғаш­қы сауалымызды қойып та үлгердік.

–       Сіздің атақты батыр Бауыржан Момыш­ұлымен ара қатынастарыңыз қалай? – деп бастадық сұхбатты. Ойда- жоқта Қасым ағамыз үйді басына көтере қарқылдай күліп алды. Шамасы, ойына әлде бір оқиға түскен сияқты.

– Балалар, ақыры Баукең туралы әңгі­мені қалаған екенсіңдер, мен бастан өткен оқиғаға кеңінен тоқталайын.  Жалпы, біз Рахымжан, Баукең үшеуміз бір қалада, Алматыда тұрамыз ғой, – деді Қасым ағамыз.

– Рахымжан менен сегіз жас кіші, үлкен қонақүйдің директоры. Мінезі де қызық… Маған еркелеп, көңілдене «Қа­секе» десе, әлденені бүлдіріп қойсам,  «қара­дәу» деп те қалады.  Жиі телефон шалып, сәлем­десуді де ұмытпайды.

Сөйтіп, ойда-жоқта інім телефон шалды.

– Қасеке, дәу бізді шақырып жатыр. «Жекпе-жекке» дайындал, – деді күліп.

–       Дәл қазір менің бөлмеме жет.

–       Ләппай, тақсыр, – дедім інімді еркелетіп.

Алда мен, артта Рахымжан жеделдей басып келеміз. Сәл кешіксек, пәлеге қа­луы­мыз оп-оңай. Дәудің алдында сабақ  білме­ген оқушыдай басымызды кінді­гімізге салудың несі жақсы.

Екеуміз Баукеңнің үйінің есігінің алдында тұрмыз.

–       Баста, Қасеке, – дейді Рахымжан әдеттегідей бұйыра үн қатып.

–       Өзің кірсеңші, Реке, – деймін мен де батылым жетпей.

–       А…а, Қасеке, мені арандатайын дегенің бе? «Үлкен тұрып, кішіге не жо­рық» деп дәу ұрыссын ба? – деді қулана күлім­сіреген Рахымжан. Қой­шы, соны­мен бөл­меге мен бастап кіріп бардық. Үй іші көк түтін. Төрдің бұ­ры­шын­да жұмсақ диванда Баукең отыр. Жедел басып барып, полков­никке рапорт бер­дік. Батырдың қабағы түк­сиіп, әдет­тегідей «вольнасын» айтып, сұқ қолымен залда тұрған үстелді нұсқады.

Бұйырды, орындалу керек. Екеуміз үстел үстінде жатқан дәрінің рецептерін жинап алып, есікке қарай атылдық. Әншейін­де қаланы сирек аралайтын басымыз, көлік жалдап, орталық дәріха­надан бір-ақ шықтық. Дәріні дорбаға салып, Рахымжан екеуміз ақылдаса ке­ле, базарға барып, бір қойды сойдырып, аздаған азық-түлік алып, Баукеңнің үйіне қарай ұштық. Әкелгенімізді орна­ластырып, дәрілерді үстел үстіне жай­ғастырып, орны­нан қозғалмай, темекі­сін сорып отырған гвардия полковникке жетіп рапорт бердік. Бауыржан екеу­міздің бас-аяғымызды қарап алып, орнынан тұрды да:

– Смирно, – деп саңқ етті. Қа­қай­дық та қалдық.

– К выходу шагом марш! — Есікке жеттік пе, жетпедік пе, қарқылдап күліп жібердік.

– Шындығында үш батырдың бір күнгі бастарынан өткен оқиғасы шы­найы батырлар достығының көрінісі емес пе! – дейміз біз де.

P.S. Оңтүстік астананың үлкен бір көшесі Бауыржан Момышұлы батырдың атымен аталады. Сол сияқ­ты көптеген атақты жандардың көшелері де бар­шылық. Олардың біразының ескерткіші де өзі аттас көшелердің  басталар тұ­сын­да орын тауып тұр. Ал қазақтың атын  батыр­лығымен бүкіл әлемге танытқан Бауыржан батырдың ескерткіші де орнаса несі айып.

Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,

жазушы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған