Неге менің қазағым өз ана тілінен өзі жеріп отыр?!

«Ана тілі – ана тілі» деп босқа айтылмаған. Ол өзің үшін керек. Ақ сүтін бойыңа дарытқан анаңды аясаң, сыйласаң өз ана тіліңді білуің керек. Ал мемлекеттің тілі – туған еліңнің тілі тіршілік үшін керек. Ал бізге осындай талап қойылмай отыр.

Менің айтатыным, сұраныс пен талап көбірек болу керек. «Егер, қазақтың тілін білмесең, қалай жұмсақ орындықта отырып, қазақ мемлекетіне қызмет істейсің» дейтін жандар аздау… Айналайын-ау, үш тұғырлы дейді. Мен тұғыр деген сөзді тек қазақтың тіліне ғана қолданамын. Бұл туралы мақала да жаздым. Тұғыр деген қазақтың тіліне ғана тән.

Орыс, ағылшын, әзербайжан тілдері өз елінде тұғырына қонып отыр. Әрбір ұлт өкілінің өз елінде тілі бар. Менің елімнің тілі, осы мемлекеттік тіл, яғни қазақтың тілі бәрімізге ортақ. Тіл ортақ болмай қоғам топтаспайды. Ассамблеяның сессиясында «Бір ел, бір халық, бір тағдыр» деді. Қандай керемет! Мен бұл сөздің қатарына «бір тіл» дегенді қосқан болар едім.

Егер Отанымыз ортақ, шаңырағымыз ортақ болатын болса, неге ол тіл ортақ болмайды? Енді осыған келе жатырмыз. Шүкірміз, бұрынғыға қарағанда ілгерілеу бар. Бірақ «Мені құртқан көк Шолақ» дегендей, бізді құртып жатқан өзіміздің қазақтарымыз. Бірде Сенат депутаттарының да айтқаны бар «Мемлекеттік тілге – мемлекеттік талап, мемлекеттік көзқарас болу керек» деп. Егер талап болмаса ешнәрсе де болмайды. Сондықтан бізге үлкен талап керек, жандарым! Ал ол талапты жоғарыда отырған басшыларымыз да, қосшыларымыз да қоя білуі керек.
Біз, бәріміз қазақ тілінің құдіреттілігін, қазақтың тілінің әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Ең дүниеде ешнәрсе жетпейді үгіт-насихатқа. Неге біз сол жағынан келгенде кемшін тартып жатамыз? Мен жүрген жерімде аса мақтанышпен айтамын:
«Танытқан қазағымның қазақтығын.
Танытқан қазағымның азаттығын.
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым, құдіретіңнен Қазақ тілі!» – деп.

Асылы Әлиқызы Осман (13.07.1941ж., Грузияда туған, 1944 жылы отбасы Қазақстанға жер аударылады) – қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, Филология ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Парасат ордені» және “Тіл жанашыры” құрмет белгісінің иегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған