Нұралы Құлышев: Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға аз да болса көмегімді тигізгеніме қуанамын

Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі спортшыларды дайындайтын спорт клуб жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда орталық спортшылары республикалық және шетелдік жарыстардан жүлделі орындар иемденіп жүр. Клубтың жұмысы мен спортшылардың дайындығы жайлы біз Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұралы Құлышевпен сұхбаттасқан едік.

— Нұралы Шерманұлы, өзіңіз басшылық ететін ұйым қашан ашылды? Бүгінгі таңда қандай жұмыстар атқаруда?

— Біздің тарихымыз 1991 жылы басталды. Сол жылы мүгедектер арасында спартакиада өткен болатын. Оған мен де қатыстым. Жарыстан келген соң, маған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған клуб ашу туралы ой келді. Сосын осындай адамдарды жинадым. Ең бірінші тірек қозғалысы аппаратынан зақымданған адамдарды жинадым. Аяғы жоқ, қолы жоқ, арбамен жүрген. Сосын отырып ойнайтын волейбол, үстел теннисі, суда жүзу сынды спорт түрлерімен айналысып кеттік. Облыс бойынша 1992 жылы қоғамдық бірлестік аштық. Содан соң, облыстық спорт басқармасы бір штат ашып, бапкер болып жұмыс істей бастадым. Яғни манағы айтқан спорт түрлерімен өзім жаттықтырдым десем болады. Содан 2005 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мүгедектер спорт клубы ашылды. Жеңілдеу болды. Себебі облыстық спорт басқармасы клубқа қажетті қаражат бөліп отырды. Біз оны жарыстарға баратын болсақ пайдаланатынбыз. 2003 жылдан бастап біз көзі көрмейтін және құлағы естімейтін мылқау балаларды жинай бастадық. 2009 жылы Қазақстан бойынша ұйымдастырылған 3 спартакиадада біздің облыс спорттың сан түрінен сынға түсіп, бірінші орын алды.

— Спортшыларымыз қайда дайындалады, оларға арналған арнайы жаттықтыру орындары бар ма?

— Біз осы сұрақты 15 жылдай көтердік. Биыл облыс әкімінің халыққа есебі алдында осы сұрақты тағы да көтерген болатынмын. Жиын барысында аймақ басшысы қолдан келгенше көмек көрсететінін жеткізді. Енді, міне сол кешеніміз 27 шағын ауданнан салынып жатыр. Бұйырса, осы жылдың аяғында бізге пайдаланылуға беріледі деген үміттеміз. Оның ішінде спортшылар отырып ойнайтын волейбол, теннис, шахмат, шашка сынды спорт түрімен айналысады.

na-paralimpiadu-2016-poedet-rekordnoe-chislo-ukrainskix-sportsmenov-3

— Өңірімізде мүгедектер спорты қалай дамуда?

— Шыны керек, Қазақстан бойынша біздің облыс мүгедек спортшыларды қаржыландыруда 1-2 орында тұр. Шетелге барып тұрамыз. Атап айтар болсақ, Польша мен Голландияда жағажай волейболынан бірінші орын алдық. Қаражат бөлініп жатыр. Орал қаласында қазан айында отырып ойнайтын волейболдан жарыс болады, енді соған кетеміз. Спортшыларымыз дайындалып жүр. 11 жыл қатарынан чемпион болдық. Қазір спортшыларымыз қартайды. Көбісі 60-қа таяп қалды. Спорт кешені салынып, бізге берілген соң, біздің спортшылардың дайындығы да күшейіп, жаттығу да күшейе түседі деп үміттенемін.

— Мүмкіндігі шектеулі спортшыларды дайындау қалай жүргізіледі?

— Бізге спорт залдың кең болғаны дұрыс. Себебі спортшыларымыздың кейбірі қоларбаға таңылған. Сосын оларға жүргенде көмектесетін сау адамдар керек. Мысалы, пауэрлифтинг спортымен айналысатын спортшыларымыз бар. Олардың көпшілігі арбаға таңылған жандар. Бүгінгі таңда спортшыларымыздың жағдайын жасау мақсатында әкімшілік екі автобус алып берді. Оның бірі қоларбамен жүретін спортшыларды тасыса, екіншісі көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін спортшыларды тасиды. Соқыр балаларымыз бар. Олар көбінесе жеңіл атлетикамен айналысады. Олардың дайындалуы үшін жанында үнемі өздері сияқты спортпен жақсы айналысқан адам жүреді.

— Орталықта неше жаттықтырушы жұмыс жасайды?

— Бізде 12 жаттықтырушы бар. Оның 8-і мүгедек балалар. 2-3-і қазір оқып жатыр. 4 жаттықтырушымыз ғана сау адам. Олар суда жүзуде, жеңіл атлетикада жаттықтырады. Қалған бапкерлеріміз мүгедек балалар. Неге десеңіз, олар да алдында тұрған спортшының жағдайын түсінеді. Спортшыларымыздың әрқайсысы өз класымен жаттығады. Мысалы, жүгіруде қолы жоқ спортшы қолы жоқпен жүгіреді. Суда жүзуде аяғы жоқ спортшы аяғы жоқпен жүзеді. Осы сұхбатты пайдалана отырып паралимпиадашыларды құттықтағым келеді. Себебі біз паралимпиада тарихында алтын алып көрмеген едік. Осы жолы Зүлфия алтын алса, тағы бір зілтемір көтеретін спортшы екінші орын алды. Зүлфия тағы да алтыннан алқа тағады деген үміттемін. Мені қуантатын жайт — бүгінгі таңда паралимпиадаға көп көңіл бөлініп жатыр.

photo_194435

— Биыл аймақтағы мүгедектер спорт клубының ашылғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында мүмкіндігі шектеулі спортта қандай өзгерістер орын алды?

— Біздің орталық ашылғалы Маңғыстау облысының спортшылары жақсы нәтижелер көрсетуде. Спорттың деңгейі қатты өсті. Спорт кешеніміз ашылса, спортшыларымыз әлі де өседі деген үміттемін. Кешен ашылған соң, бал билері секциясын ашуды жоспарлап отырмын. Сосын үлкен теннистен секция ашуды көздеймін. Айта кететін бір жайт, осы спорттың арқасында көп адамдар отау тікті. 1-2 қызымыз Астанаға тұрмысқа шықты. Кейбірі оқуын оқып, бизнесін ашып жатыр. Өз тарапымнан осы адамдарға кішкене болса да көмегімді тигізгеніме қуанамын.

— Соңғы жаңалықтарыңызға тоқталсаңыз. Қандай жарыстарға қатыстыңыздар және қатысуды жоспарлап отырсыздар?

— Былтыр Павлодар қаласында өткен жарыста 16 команданың ішінде біздің команда 8-орынға табан тіреді. Бұл жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын. 5-рет классикалық волейбол болады. Біз ол жарыста 3 рет чемпион болғанбыз. Биыл тағы да чемпион боламыз деген үміттеміз. Өзіміздің Ақтауда ұйымдастырылған жағажай волейболынан да чемпион болдық. Шыны керек, біз көп адамдарды тарта алмай жүрміз. Біреуінің ата-аналары қарсы болса, кейбірінің өздері қарсы. Бірақ біздің дайындыққа бір келген адам спортты тастамайды. Жақында спортшыларымыздың қатарына 1999 жылы туылған балалар қосылды. Басында олар да қарсы болып, келгісі келмеген. Алайда 12 дайындықтан соң қалмайтын болды. Қазір өздері хабарласып, іздеп тұрады.

— Жақында ғана Рио паралимпиада ойындарында жүзуден сынға түскен Зүлфия Ғабидуллина ел қоржынына алтын салды. Жалпы, осындай алтыннан алқа тағатын спортшыны дайындауға қанша уақыт кетеді?

— Спортқа 10 жасында келсе, 18 жасына дейін жақсылап дайындауға болады. Ең жақсысы — жеңіл атлетика мен суда жүзуді дайындау. Себебі әр спортшы өзі үшін дайындалады. Сосын оның нәтижесі де жаман болмайды.

— Нұралы Шерманұлы, тұшымды сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Айман Нұрмағанбетова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған